Аквапарк, бассейн, дәмхана: саябаққа сән кірмек
Қазір ауданда атқарылып жатқан жұмыстардың легі тым бөлек. Әсілінде, әрбір сала бойынша ауқымды жұмыстар жүзеге асып, өріс кеңейді. Жоба мен жоспар алға басып, жүйелі тірліктің куәсі болып жүрміз. Соның бірі – «Жеңіс» саябағы абаттандырылып, жаңаша келбет алуда.
Кез келген елдiң экономикалық күш-қуаты мен әлеуметтiк тұрақтылығы құрылыс саласының дамуына тiкелей байланысты. Бүгінде отандық құрылыс индустриясы қанат жайып, елдің әр түкпірінде түрлі нысан бой көтеріп жатыр. Қазалы ауданы жыл көлемінде жаңа құрылыс нысандарымен ауқымын кеңейтіп, көрсе көз тоятын іргелі мекенге айналды. Сән-салтанаты жарасып, көрікті жерлер көбеюде. Аудандағы құрылыс жұмыстары қазіргі таңда еш кідіріссіз жалғасуда. Құрылыс басталған күннен-ақ, жұмыс қазандай қайнаудан жаңылған емес. Қайта, қарқынға қарқын қосылып, күн өткен сайын қыза түсуде. Аудан орталығында «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Әйтеке би кентіндегі «Жеңіс» саябағының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Жұмыс – тұрақты бақылауда. Мәселен, жақында аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет тиісті сала басшыларымен және абаттандыру жұмыстарымен айналысып жатқан мердігер мекемелердің басшыларымен бірге «Жеңіс» саябағына барып, ондағы жоспарланған жұмыстарды талқылады.
Саябақта «Даңқ», «Тағзым», «Киелі қазақ елі», «Жастар» аллеялары және отбасылық мейрамханалар мен түрлі тамақтану орындары, демалыс орындары, спорт және балалар ойын алаңдарын салу жоспарланған. Бүгінде бұл нысандардың бірқатарының құрылыс жұмыстары басталған. Сонымен қатар кешенде аквапарк және жабық бассейн салынуда.
Аудан әкімі мұндағы жоспарланған жұмыстардың барлығы толықтай аяқталғаннан кейін мәдени-демалыс кешен аудан тұрғындарымен қатар көршілес аудандардың да халқының сүйікті демалыс орнына айналатынын айтып, жұмыстарды жеделдетуді тапсырды. Сондай-ақ мұндағы әрбір жұмыс күнделікті бақылауында болатынын айтып, жұмыстың ең әуелі сапасына мән берілуі керегін ескертті.
Айта кеткен жөн, Қазалы ауданының орталығы – Әйтеке би кентінде орналасқан «Жеңіс» саябағы облыс аумағындағы көлемі жағынан ең үлкен 20 гектарды құрайтын саябақтардың бірі.
Иә, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды аспектісінің бірі – инженерлік инфрақұрылым. Бұл сектор халықтың тұрмыс сапасын арттыруға, аймақтық дамуды теңестіруге және елдің экономикалық өсуін қамтамасыз етуге бағытталған. Аудандағы инженерлік инфрақұрылым бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың легі ойдағыдай. Оны дамыту мәселесі де аудан басшысының назарынан тыс қалған емес. Тұрғындарды сапалы ауыз сумен, көгілдір отынмен, электр энергиясымен қамту мен инфрақұрылым жүргізу, тұрғындардың денсаулық сапасын жақсарту бағытында да іске асырылған жобалар аз емес. Мұнымен қоса аудан орталығы – Әйтеке би кентінде абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп, алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғаспақ.
Еске салайық, былтыр қыркүйек айында аудан орталығындағы 40 жылдық тарихы бар «Жеңіс» саябағын абаттандырып, Қазалы мәдени-демалыс кешеніне айналдыру жұмыстары басталған болатын. Биыл да күн жылысымен саябақты абаттандыру жұмыстары жалғасып, саябақ мамыр айында пайдалануға берілмек.
Айнұр ӘЛИ