Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Конситуция кепілі: Президентті қызметінен босатудың Конституциялық тәртібі

Конситуция кепілі: Президентті қызметінен босатудың Конституциялық тәртібі

Қазақстан Республикасы Конституциясының III бөлімі, 50-бабы — мемлекет басшысының өкілеттігін тоқтату мен жауапкершілігін айқындайтын маңызды құқықтық нормалар жиынтығы.
Қазақстан Республикасының Конституциясы — мемлекеттің құқықтық негізін қалыптастыратын, билік органдарының қызметін реттейтін және елдегі тұрақтылық пен заңдылықтың сақталуына кепілдік беретін басты құжат. Оның әрбір бабы мемлекеттік басқару жүйесіндегі тәртіпті, жауапкершілікті және заң үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған. Осы тұрғыдан алғанда, Конституцияның III бөліміндегі Президентке қатысты 50-баптың маңызы ерекше.
Аталған бап Қазақстан Республикасы Президентінің өз еркімен қызметінен кетуі, денсаулығына байланысты өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуы, мемлекетке опасыздық жасаған жағдайда жауапқа тартылуы және қызметінен кетіру рәсіміне қатысты шектеулерді белгілейді. Бұл нормалар мемлекет басшысының мәртебесін айқындап қана қоймай, билік жүйесіндегі жауапкершілік пен құқықтық тепе-теңдікті сақтауға ықпал етеді.
Өз еркімен қызметтен кету — заңмен реттелетін рәсім
Конституцияның 50-бабының бірінші тармағына сәйкес, Президент Конституциялық Сотқа мәлімдеме беру арқылы өз еркімен қызметінен кетуге құқылы. Алайда бұл шешімнің заңды күшіне енуі үшін оның ерікті түрде қабылданғаны тиісті тәртіппен расталуы қажет. Конституциялық Сот мәлімдеменің Президенттің өз еркімен берілгенін анықтап, қорытынды шығарады. Сол қорытынды берілген сәттен бастап Президент қызметінен босатылды деп есептеледі.
Бұл тәртіп мемлекеттік биліктің сабақтастығын сақтауға, сондай-ақ қызметтен кету туралы шешімнің заңдылығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Денсаулық жағдайына байланысты өкілеттікті тоқтату
Баптың екінші тармағында Президенттің денсаулығына байланысты өз міндеттерін тұрақты түрде атқара алмайтын жағдайы қарастырылған. Мұндай кезде оны мерзімінен бұрын қызметінен босату мәселесі арнайы рәсім бойынша шешіледі.
Осы мақсатта Құрылтай депутаттар мен тиісті медицина салаларының мамандарынан тұратын комиссия құрады. Шешім комиссияның қорытындысына және Конституциялық Соттың конституциялық рәсімдердің сақталғаны туралы қорытындысына негізделеді. Қызметтен мерзімінен бұрын босату туралы шешім Құрылтай отырысында депутаттардың жалпы санының кемінде төрттен үшінің дауысымен қабылдануға тиіс.
Мұндай жоғары дауыс шегінің белгіленуі мәселенің мемлекеттік маңызын көрсетеді. Сонымен бірге шешімнің медициналық қорытынды мен конституциялық бақылауға сүйенуі оның негізді әрі заңды қабылдануына мүмкіндік береді.
Мемлекетке опасыздық жасаған жағдайда жауапкершілік
50-баптың үшінші тармағы Президенттің жауапкершілігіне қатысты ерекше нормаларды қамтиды. Оған сәйкес, Президент өз өкілеттігін атқару кезіндегі әрекеті үшін мемлекетке опасыздық жасаған жағдайда ғана жауапты болады және осы негізде Құрылтай оны қызметінен кетіруі мүмкін.
Бұл мәселені көтеру үшін Құрылтай депутаттарының жалпы санының кемінде үштен бірі бастама жасауы қажет. Айып тағу және оны тергеп-тексеру туралы шешім депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысымен қабылданады. Бұдан кейін Құрылтай айыпты тергеп-тексеруді ұйымдастырады, ал оның нәтижелері белгіленген тәртіппен қаралады.
Түпкілікті шешім қабылдау үшін Жоғарғы Соттың айыптың негізділігі туралы қорытындысы және Конституциялық Соттың конституциялық рәсімдердің сақталғаны туралы қорытындысы болуы керек. Сондай-ақ Құрылтай депутаттарының жалпы санының кемінде төрттен үшінің қолдауы талап етіледі.
Егер айып тағылған сәттен бастап екі ай ішінде түпкілікті шешім қабылданбаса, Президентке қарсы айып қабылданбады деп танылады. Ал айыптың кез келген сатыда қабылданбауы осы мәселені қарауға бастамашы болған Құрылтай депутаттарының өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуға алып келеді.
Осы талаптар рәсімнің ашықтығы мен заңдылығын қамтамасыз етуге, сондай-ақ мемлекет басшысына қатысты аса маңызды шешімдердің нақты құқықтық негіздерге сүйенуіне бағытталған.
Конституциялық шектеу — билік тұрақтылығының кепілі
50-баптың төртінші тармағында Президентті қызметінен кетіру туралы мәселені Құрылтайдың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату мәселесі қаралып жатқан кезеңде ұсынуға болмайтыны көрсетілген.
Бұл шектеу конституциялық рәсімдердің өзара байланысын ескеріп, мемлекеттік басқару жүйесіндегі күрделі саяси-құқықтық жағдайларда заңда белгіленген тәртіптің сақталуына қызмет етеді.

Қызғалдақ ҚУАНЫШ,
Қазалы ауданының қоғамдық даму бөлімінің әдіскері
21 қазан 2026 ж. 31 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031