Мәжілісте Президент тапсырмаларының орындалуы мен бірқатар өзекті мәселелер талқыланды
Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы барысында берген тапсырмаларының өңірде орындалуына және бірқатар өзекті мәселелерге арналған мәжіліс өтті.Мәжіліске аудан әкімі Алмасбек Есмаханов селекторлық режим арқылы қатысты.
Мәжілістен кейін аудан әкімі арнайы әкімдік мәжілісін өткізіп, тиісті сала басшыларына аймақ басшысының тапсырмаларына сәйкес нақты міндеттер жүктеді.
Мәжілісте ең алдымен әлеуметтік көмек көрсету мәселесі қаралды. Ауданда соңғы төрт жылда атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны 80,4 пайызға төмендеп, 1 025 адамнан 793 адамға дейін азайған. Нәтижесінде бюджет қаражаты есебінен 44,4 млн теңге үнемделген. «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесіндегі «А» және «В» санаттарына енгізілген 2 504 азаматтың әлеуметтік жағдайы зерделенген.
Аудан әкімі атаулы әлеуметтік көмек алушылардың нақты мұқтаждығын тұрақты түрде зерделеуді, әлеуметтік қолдаудың шын мәнінде көмекке мұқтаж азаматтарға бағытталуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ Әлеуметтік кодекске енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жөнінде халық арасында кең көлемде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді міндеттеді.
Денсаулық сақтау саласы бойынша Мемлекет басшысының ауыр науқас балаларға тегін медициналық көмек көрсету, есту қабілеті бұзылған балаларды қажетті құрылғылармен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмалары талқыланды. Аудан басшысы «Қазақстан халқына» қорымен әріптестік бағыттағы жұмыстарды күшейтуді, облыстық денсаулық сақтау басқармасы арқылы аудан тұрғындарына қажетті дәрілік заттарға қаржылай қолдау алу мәселесін пысықтауды тапсырды. Сонымен бірге балаларға арналған есту аппараттары мен аудиопроцессорларды уақытылы қаржыландыру және сатып алу жұмыстарын қамтамасыз ету, тұрғындарға тегін медициналық көмектің көлемі бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту жөнінде жауапты сала басшыларына нақты міндеттер жүктеді.
Жиында білім беру саласында жаңа оқу жылында оқушыларды сапалы тамақпен қамтамасыз ету мәселесі де қаралды. Биыл аудан бойынша 8 353 бала ыстық тамақпен қамтылса, бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 1,1 млрд теңге бөлінген. Бұдан бөлек, 4 931 оқушыға 250 млн теңге көлемінде бір реттік қаржылай көмек көрсетілген.
Аудан әкімі білім беру ұйымдарындағы тамақтанудың сапасын тұрақты бақылауды тапсырды. Осы бағытта ата-аналар мен медицина мамандары қатысатын комиссиялардың жұмысын күшейту, «Әлеуметтік әмиян» ақпараттық жүйесі арқылы бақылауды жолға қою және санитарлық-эпидемиологиялық бақылау органдарымен бірлесіп кешенді жұмыстар жүргізу қажеттігін атап өтті. Білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік, материалдық-техникалық база және оқушыларға қолайлы жағдай жасау мәселелері де басты назарда болуы тиіс екенін айтты.
Мәжілісте экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселесіне де ерекше мән берілді. Мемлекет басшысының жоғары экологиялық мәдениет қалыптастыру және Ұлттық тазалық стандартын әзірлеу жөніндегі тапсырмаларына сәйкес аудан көлемінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту тапсырылды.
Мәжілісте қоғамдық тәртіп пен вандализмнің алдын алу мәселесі де назардан тыс қалмады. Мемлекет басшысы қоғамдық орындарды бүлдіруге, оның ішінде ғимараттар мен нысандарға заңсыз жазу жазуға жол бермеу қажеттігін атап өткен болатын. Аудан әкімі аудан аумағында да орын алған осындай фактілердің алдын алу бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды.
Құрылыс саласында аудан аумағында жүзеге асырылып жатқан нысандардың сапасы мен құрылыс жұмыстарының белгіленген мерзімде аяқталуы талқыланды. Құрылысы жүріп жатқан әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің сапасына тұрақты бақылау жүргізіп, құрылыс жұмыстарының белгіленген талаптарға сәйкес орындалуын және нысандардың уақытылы пайдалануға берілуін қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Жиында жол құрылысының сапасы да күн тәртібінен түскен жоқ. Қазіргі таңда Әйтеке би кентіндегі айналма жолдардың құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар алдағы жылы аудан бойынша жалпы құны 3,6 млрд теңгені құрайтын 24 жобаны іске асыру жоспарланып отыр.
Осыған байланысты аудан әкімі жол құрылыстарының сапалы жүргізілуін, құрылыс мерзімдерінің сақталуын және жобалардың уақытылы пайдалануға берілуін қамтамасыз етуді тапсырды.
Мәжіліс соңында аудан әкімі жауапты сала басшыларына берілген тапсырмалардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстауды, әрбір бағыт бойынша нақты нәтижеге қол жеткізуді тапсырды.














