Басықарада байыпты бастама бар

Ауылдың алтын діңгегі – маңдай терін төккен қарапайым еңбек адамдары. Бүгінде өңірдегі шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлер ауыл шаруашылығын дамытуға сүбелі үлес қосып отыр. Егін егіп, мал өсіріп қана қоймай, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуда. «Еңбек етсең – емерсің» демекші, туған жердің топырағын қадірлеп, оның игілігін көріп отырғандардың игі істері жас ұрпаққа үлгі боларлықтай.Ауылдың ертеңі – білімді де жігерлі жастардың қолында. Басықаралық жастар тек білім мен ғылымда ғана емес, спорт пен қоғамдық өмірде де белсенділік танытып жүр. Мәдениет ошағы мен ауыл мектебінде ұйымдастырылатын түрлі шаралар жастардың бойында отансүйегіштік сезімді оятып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған. Ауылдың мәдени өмірі әрқашан қызу, әрбір мереке мен игі бастама халықтың бірлігін нығайта түсуде. Соңғы жылдары ауыл инфрақұрылымын жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар көз қуантады. Жолдардың жөнделуі, әлеуметтік нысандардың жаңарып, халыққа сапалы қызмет көрсетуі тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыра түсті.Туған жерге деген сүйіспеншілік үлкен ұрандардан емес, күнделікті адал еңбектен көрінеді. Ендеше ауыл жайында шолып көрейік.
ТАРИХ ТҰНҒАН ӨЛКЕ
Өткенге көз тастап, тарихқа сәл шегініс жасасақ, ауылдың өткені тереңде жатыр. Басықара ауылы– қолбасшылық қыры, әулиелігімен танылған, аңызға айналған тұлға, батыр әрі әулие Басықараның атымен аталған. Аудан орталығы Әйтеке би кентінен оңтүстік-шығысқа қарай 15 шақырым қашықтықта орналасқан Басықара ауылдық округі 1934 жылы №3 ауылдық кеңес болып құрылған. 1949 жылы Қарашеңгел ауылдық округіне кіріктірілген. Бұдан соң Құмжиек ауылдық округіне беріліп, 2001 жылы ғана өз алдына округ болып бөлінді. Қазіргі таңда аймаққа іргелі су торабымен әйгілі ауылда даму белгілері анық байқалады. Кезінде Қазалы, Арал аудандарында суармалы егістік пен шабындықты жеткілікті мөлшерде игеру үшін су тапшылығынан құтылудың жолы плотина құрылысын бастау болды. Зерттеу жұмысының нәтижесінде Сырдария өзеніне су тоспасын салу үшін Басықара елді мекенінің тұсынан басқа қолайлы аумақ табылмады. 1963 жылы Қызылорда су құрылысы тресіне қарасты Қызылорда №16 жылжымалы механикалық колоннасы құрылыс жұмысын бастап кетті. Ол бүкілодақтық екпінді құрылыс деп жарияланып, жер-жерден мамандар мен жұмысшылар тартылды. Сонымен бірге ауыл құрылысы қатар жүрді. Ауқымды іске өзбек, орыс, қырғыз, татар, башқұрт, молдаван, түрік, украин, неміс құрылысшылары тартылып, 1964 жылдың аяғына дейін екі пәтерлі 19 үй салынды. Сегіз жылдық мектеп, клуб, емхана, балабақша, монша, орталық жылу жүйесі пайдалануға берілді.
Округ тарихын сөз етсек, «Басықара» су торабына тоқталмай кете алмаймыз. ХХ ғасырдың екінші жартысында Қазалы мен Арал ауданындағы суармалы егістік пен шабындықты жеткілікті мөлшерде игеру үшін су тапшылығынан құтылудың жолдары қарастырылады. Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде Сырдария өзеніне су тоспасын салу қажет дейді де, бастамаға дәл осы Басықара елді мекенінің тұсы қолайлы деп танылады.
1963 жылы «Қызылорда су құрылысы» тресіне қарасты №16 жылжымалы-механикалық коллонасы құрылыс жұмысын бастап кетті. «Қазалы» су торабы бүкілодақтық екпінді құрылыс ретінде жарияланып, жер-жерден мамандар мен жұмысшылар келді. Ауылдың гүлдене бастаған сәті де осы кезбен сәйкес келеді. Сөйтіп, бұл тұста жаңа құрылыспен бірге екіпәтерлі 19 үй, 8 жылдық мектеп, клуб, емхана, балабақша, монша, орталық жылу жүйесі бой көтереді. 1970 жылы «Қазалы» су торабы пайдалануға беріледі.Осылайша Тыныбаев атындағы Басықара су торабы жұмысын бастап, бүгінгі күні республикалық маңызды нысанның біріне айналды.
Бүкіл Қазақстан секілді мұнда да әлеуметтiк тұрмыс нашарлап, жұмыссыздық белең алған кезең болды. Сол қиындықтан елді мекендерді дамыту мен қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар арқасында еңсе тіктеді. Оларды жүзеге асыру барысында бұл жердің әлеуметтiк, көлiктiк және инженерлiк инфрақұрылымдарын қалпына келтiру жүзеге асырыла бастады. Мұның артында ауыл адамдарының қажырлы еңбегі мен ертеңге деген ұмтылысы бар еді. Бүгінде сол түтіні түзу, бірлігі бекем Басықара ауылдық округінде 1144 адам өмір сүреді.Экономикалық белсенді халық саны – 558 адам, жұмыспен қамтылғаны – 533 адам, жұмыссыздар – 25.
КӘСІП ПЕН НӘСІП
Бүгінде ауыл экономикасын дамытып, тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуда кәсіпкерлік саласының рөлі ерекше. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар мен жергілікті азаматтардың іскерлігі тоғысқан жерде нақты нәтижелер көрініс табуда. Соның жарқын көрінісін Басықарадан да анық байқауға болады.Жоқты бар еткен – іскердің ісі.Туған жерінде кәсіп ашып, елдің игілігі үшін тер төгіп жүрген азаматтардың еңбегі мақтауға тұрарлық. Қазіргі кезде Басықарада тек шаруашылық емес, ауыл тұрғындарының күнделікті тұрмысын жеңілдететін шағын және орта бизнес түрлері де қатар дамып келеді.
Округ бойынша тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік саны – 49, жұмыс жасап тұрғаны да сол 49 кәсіпкер. 2025 жылы 10 кәсіпкер жаңадан тіркеліп жұмыс жасауда.«Бизнес Бастау» жобасы бойынша 2025 жылы 1 адам оқып,сетификатталып, 1 миллион 600мың теңге қайтарымсыз грант алған. «Ауыл Аманаты» жобасы бойынша 2 адам 12миллион 700 мыңтеңге несие алып, өз кәсіптерін бастауда. «AMANAT» партиясының «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауыл тұрғындарына түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, 2025 жылы 5 жоба ұсынылған. Одан 1 жоба қаржыландырылса, 1 жоба биылғы жылы ұсынылып, қаржысын күтуде.Атап айтқанда, 1 адам Пекиндік үйрек өсіру бағытында 2 миллион 200 мың теңге несие алып жұмыстарын бастап жатыр. 2026 жыл СТО яғни авто көліктерді жөндеу мақсатында 10 миллион 500 мың теңгеге оң қорытынды алған.
Кез келген игі істің жүзеге асуына жүйелі қолдаудың әсері зор. «Ауыл аманаты» секілді бағдарламалар мен жеңілдетілген несиелер ауылдағы азаматтарға өз кәсібін бастауға немесе бар бизнесін кеңейтуге таптырмас мүмкіндік беріп отыр. Нәтижесінде, өз ісінің иесі атанып қана қоймай, ауылдастарына тұрақты жұмыс тауып беріп отырған іскер азаматтардың еңбегі елге үлгі болуда.
БАЛЫҚ БАПТАП, БАҚ ТАПҚАН
Аймақта балық өсіруге қолайлы су айдындары бар. Демек балық баптауда мүмкіндік көп. Облыстың табиғи-климаттық факторларын, Арал теңізін көлемін, күріш егу алқаптарында балық өсіру мүмкіндігін ескере отырып, өңір жылына жиырма бес мың тонна балық өсіруге қабылетті екенін сала мамандары айтқан еді. Өңірде теңіз де, тәжірибе де бар. Салаға қолдау болар мемлекеттік бағдарлама да бар. Балық шаруашылығы – елдің экономикасы мен азық-түлік қауіпсіздігіндегі маңызы зор салалардың бірі. Ал арнайы жабдықталған балық тоғандары – осы саланы дамытудың ең тиімді әрі тұрақты жолы. Табиғи су айдындарындағы балық қорының сарқылуы және климаттық өзгерістер балықты қолдан өсіру технологиясына деген сұранысты күрт арттырды. Себебі тоған шаруашылығы – балықтың өсу процесін толық бақылауға, оны дер кезінде қоректендіріп, аурулардан қорғауға мүмкіндік беретін күрделі инженерлік-биологиялық жүйе.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жыл сайын балық шаруашылығына жіті көңіл бөлініп келеді. Сала – ауылдық жерлерде өндіріс көлемінің артуына, халықтың табысы мен жұмыспен қамтылуына маңызды рөл атқарады. Қазалы ауданы – кәсіпкерліктің қайнаған ортасына айналған өңір. Соңғы жылдары ауданда тауарлы балық өсіру шаруашылығы жаңа серпін алып, жергілікті экономиканы әртараптандырудың негізгі бағытына айналды. Осы бағыттағы ауқымды жобалардың бірі – Басықара ауылындағы «Арал Рыбторг» ЖШС-нің балық тоғаны. Жалпы көлемі 464 гектарды құрайтын бұл шаруашылыққа 650 миллион теңге инвестиция тартылған. Кәсіпорын директоры – Қуаныш Өмірзақов. Тоғанға 2024 жылдың қазан айында 360 мың дана тұқым әкелініп, балық өсіру ісі қолға алыныпты. Нысанда электр желісі тартылып, су арнасы мен құбырлар жаңартылған. Сондай-ақ 400 мың шабақты қыстататын екі тоған және көлемі 250 гектарлық жаздық тоған қайта жаңғыртылыпты. Алдағы күзде 500 тоннаға жуық тауарлы балық алу жоспарланса, 2027 жылға қарай өндіріс көлемін 1000-1200 тоннаға дейін жеткізу және өз инкубациялық цехын ашу көзделіп отыр. Ауыл әкімінің айтуынша, қазіргі таңда 348 миллион теңгесі игеріліп, 80 пайыз жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Толық іске қосылған кезде ауылдан 20 адамды жұмыспен қамтымақ.
ТІРШІЛІГІ ТҮЛЕГЕН СУ ТОРАБЫ
Елдің су шаруашылығы саласында ғасырлық тарихы бар нысандар көп. Солардың бірі – Сыр бойындағы Қазалы су торабы. Бұл ірі гидротехникалық құрылым өткен ғасырдың бел ортасында іске қосылып, бүгінде де аймақтың ауыл шаруашылығы мен тіршілігіне нәр беріп тұрған негізгі жүйенің бірі саналады. Өткен ғасырдың 60-жылдарының соңында Қазалы мен Арал өңірінің төменгі саласында су тапшылығы айқын байқала бастады. Бұл жағдай аймақтың шаруашылығы мен тұрғындарының тіршілігіне елеулі әсер етіп, су ресурстарын тиімді басқару қажеттілігін туындатты. Осыған байланысты Қазалы су торабының құрылысы басталып, бұл жоба елдің су шаруашылығын дамытуда маңызды кезеңге айналды. 1970 жылы құрылыс-монтаж жұмыстарын жүзеге асыруға 18,6 миллион сом қаржы бөлініп, мемлекеттік комиссия тоспаны қабылдап, нысанды ел игілігіне тапсырды. Кеңес Одағында қайта құру кезеңі басталғанда, бұл өзгерістердің алғашқы кезекті әсері су шаруашылығы саласына да жетті. «Қазалы су торабы» – солардың қатарында өзгеріске ұшыраған маңызды нысандардың бірі болды. Осы кезеңнен бастап Қазалы су торабы Қазалы су шаруашылығы мекемесінің құрамына бөлімше ретінде қосылды. Бұл өзгерістер мекеме қызметінің жаңа бағытта дамуына жол ашты. Қазалы су шаруашылығы мекемесіне сол уақытта Қуаныш Көланов сияқты білікті басшы, ал Басықара елді мекеніндегі «Қазалы су торабы» бөлімшесіне Шәкірат Сейтекенов сияқты кәсіби маман жетекшілік етті.
1993 жылдың қаңтарында «Қазалы су торабы» мекемесі Қазалы су шаруашылығы теңгерімінен бөлініп, өз алдына дербес ұйым болып қайта құрылды. Бұл тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен сәйкес келіп, мекемеге жаңа серпін берді. Басшылыққа конкурс жарияланып, Басықара елді мекеніндегі ЖМК-64 мекемесінен мамандар шақырылып, бөлімдерге басшылық қызметке тағайындалды. Бұл кезеңде мекеменің жұмысы қарқынды түрде жақсарып, тұрақталып, су торабының қызметі толыққанды қалыпқа келді. Сол уақыттан бері су торабының жұмысы ешқашан тоқтап қалмай, тұрақты әрі сапалы қызмет көрсетіп келеді. «Қазалы су торабы» тоспасы Сырдария өзенінің төменгі ағысындағы судың деңгейін тұрақтандыру мақсатында маңызды рөл атқарады. Бұл нысан Арал және Қазалы аудандары үшін ерекше мәнге ие, себебі ол «Оңжаға», «Солжаға» және «Ақсай» су жүйелерінің магистральді арналары мен егістік алқаптарын, шабындықтарды және қоршаған ортаны экологиялық жақсарту бағытында маңызды жұмыстар атқарады. Сондай-ақ су торабының көмегімен кеуіп қалған көлдерге су құйылып, бұл жерлердің экологиялық жағдайы қалпына келтіріледі. 1994 жылдан бастап нысанның басшылығын Болатбек Асербаев қолға алып, оның жетекшілігімен көптеген оң өзгерістер жүзеге асырылды. Мекемеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, бұл іске Үкіметтің «Сырдария өзені жағалауын ретке келтіру және Солтүстік Арал теңізінің бөлігін сақтап қалу» жобасы аясында Бүкіләлемдік банктен инвестиция тартылды. 2004-2006 жылдар аралығында Қытайдың геоинженерлік корпорациясы қаржыны толықтай игеріп, жобаны табысты аяқтады. Нәтижесінде, су тоспасындағы негізгі қақпалар мен су жүйелері магистралды арналарының сағаларындағы гидротехникалық нысандардың ғимараттарына жаңадан темір-бетон плиталары орнатылды. Сонымен қатар құйма темір-бетонмен қоршалып, су ағынын басқаруға арналған қондырғылардың қақпалары жаңартылды. Жоғары кернеулі электр желілерінің кабельдері тартылып, тоспа бойындағы жолдар асфальтталып, барлық аймақ толықтай жарықтандырылды. Абаттандыру жұмыстары да жүзеге асырылды. Бұл жұмыстар белгіленген мерзімде аяқталып, табысталды.2012 жылы «Қазалы су торабы» өндірістік учаске ретінде қайта құрылды. Осы кезеңнен бастап, Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Су ресурстары комитетінің шаруашылық жүргізу құқығындағы «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Қызылорда филиалының қарамағына өтті. Мұндай өзгерістер су торабының тек өңір үшін емес, ел үшін маңызы артқанын дәлелдейді. Қазалы су торабы арқылы Сырдария өзенінің ағысы реттеліп, сол арқылы шаруаларға қажетті тіршілік нәрі – су уақытылы жеткізіледі. Су болмаса, егін де шықпайды, тіршілік те тоқтайды. Сол үшін су торабының жұмысын жүйелі жүргізу – стратегиялық маңызы бар мәселе болып қала бермек.
ЕҢБЕК ПЕН ІСКЕРЛІКТІҢ ЖЕМІСІ
Әрбір өңірдің дамуы мен өркендеуі сол жерде атқарылып жатқан нақты істер мен халық пен биліктің өзара үндесуінен басталады. Басықара ауылында ел игілігі үшін атқарылып жатқан жұмыстар мен шешімін күткен өзекті мәселелер де бар. Ауылдың бүгінгі тыныс-тіршілігі мен атқарылып жатқан жұмыстарына тоқталсақ, бұл бағыттағы істердің жүйелі түрде жүзеге асырылып келе жатқанын көруге болады. Осы бағытта ауыл тізгінін ұстап отырған азаматтың өмір жолы мен еңбегі көпке үлгі. Басықара ауылының әкімі Мұратбек Бекмамбетов 1968 жылы 25 қараша айында Қазалы ауданы, Қазалы станциасында дүниеге келген. 2013-2019 жылдары жұмыспен қамту орталығының директоры қызметінде болып, 2019 жылдың қазан айынан бастап ауыл әкімі қызметін атқарып келеді. Ауылдың тыныштығы мен әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстарға басшылық жасап, халықпен тығыз байланыста еңбек етіп жүр.
– Бүгінгі таңда ауылдың инфрақұрылымын жақсарту, абаттандыру және кәсіпкерлікті дамыту басты назарда тұр. Мемлекет тарапынан беріліп жатқан мүмкіндіктерді тиімді пайдалана отырып, ауыл тұрғындарының тұрақты жұмыспен қамтылуына, жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасаудамыз. Шағын және орта бизнесті қолдау арқылы ауылдың экономикалық әлеуетін көтеруге бағытталған жобалар өз жалғасын табуда. Дегенмен, шешімін күтіп тұрған кейбір түйінді мәселелер де жоқ емес. Тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту, әлеуметтік саланың сапасын арттыру жолында аудандық және облыстық деңгейдегі мекемелермен тығыз байланыста жұмыс істеп жатырмыз. Басты мақсат – халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, олардың орынды талаптарын кезең-кезеңімен жүзеге асыру.Жалпы округ бойынша, 2025 жылы тіркелген мүйізді ірі қара – 4605 бас, жылқы – 1816 бас, түйе – 652 бас, уақ малы – 11 196 бас.Басықара ауылында 13 көше бар.Оның ішінде Т.Мұсабаев 2025 жылы толық асфальтталса, М.Әуезов, А.Өтемұратов Т.Әубакиров көшелеріне қиыршық тас төсеу жұмыстарына ЖСҚ әзірленіп қаржыны бөлу үшін бюджеттік өтінім тиісті бөлімдерге тапсырылды.М.Әуезов көшесіне өз қараты есебінен құм төгіп тегістеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен бірге, барлық 13 көше жарықтандырылды. Т.Мұсабаев көшесіне 970 метр болатын қоршау орнатылып тал егу жұмыстары жүргізілді. Өздеріңізге белгілі №8 тілашар балабақшасын және №182 орта мектебін сұйық отынмен қамтамасыз ету мақсатында ЖСҚ әзірленіп тапсырылды. 2026 жылдан кешіктірілмей іске қосылатын болады. Таза Қазақстан акциясы аясында ауыл іші және ауыл маңың тазарту жұмыстары күнделікті жүргізілуде. Елді мекеннің санитариясына 665,0 мың теңге қаржы бөлініп, елдімекен аумағы мен ауылдың күл қоқыс (полигон) тастайтын орнын тазалау жұмыстары жүргізілді.Ауылымыздағы барлық 5 аялдама толықтай жаңартылды. Ауыл тұрғындарынан түскен ұсыныстарына сәйкес, ауылға жолаушылар тасымалдайтын қоғамдық көлікті тұрақты түрде қатынауы үшін арнайы бөлімге қатынас жолданып, тұрақты түрде Әйтеке би кенті мен Басықара ауылына қатынайтын қоғамдық көлік күніне 3 рет қатынап, халыққа қызмет жасауда.Ауылдың ертеңі жарқын, болашағы баянды болуы үшін әрбір тұрғынның атсалысуы маңызды. Бірлік пен ынтымақ болған жерде ғана үлкен жетістіктерге қол жеткізуге болады. Туған жердің өркендеуі жолындағы игі істерді алдағы уақытта да бірлесіп жалғастыра беретінімізге сенімдімін, – дейді Басықара ауылдық округінің әкімі Мұратбек Тоқтамұратұлы.
Айта кеткен жөн, 2022 жылы Басықара ауылы газ жүйесіне қосылды. Басықара көпірінің құрылысы да сол уақыттары аяқталды. Ұзындығы 33 метр болатын екі жолақты жаңа өткел ашылды. Бұрынғы ескі көпір апатты жағдайда тұрған. Осыған орай шұғыл шешім қабылданып, екі жылда жаңасы салынды. Осылайша, Басықара, Сарыбұлақ, Абай және Өркендеу ауылының тұрғындарының аудан орталығына қатанауына қатысты мәселе толық шешілген болатын.
Түйін: Әрбір адамның балалық шағының бал дәмін татқан, туған топырағының иісін жүрегіне тұмар еткен қасиетті мекені болады. Ол – ауыл. Қала қарбаласынан қашып, табиғаттың таза ауасы мен көңілдің тыныштығын іздегенде әрқайсымыздың жүрегіміз туған жерге қарай тартатыны анық. Ауыл өмірі – қарапайымдылық пен шынайылықтың, адамгершілік пен сыйластықтың мекені. Мұндағы әрбір таң өріске кеткен малдың керуенімен, егін басына асыққан шаруаның қадамымен, мектепке асыққан бала, жұмысқа асыққан ауыл тұрғындарының қарбалас тірлігімен басталады. Ауыл адамдарының пейілі кең, көңілі ақ. Олардың маңдай терін төгіп атқарған адал еңбегі – жердің берекесін кіргізіп отырған ұлы күш. Бүгінде заман көшіне сай ауыл келбеті де өзгеріп, тындырымды тірліктер бастау алуда. Ауылдың тынысы кеңейіп, қазаны от сөнбей қайнай берсе, елдің де іргесі берік, болашағы баянды болмақ.
Айнұр ӘЛИ














