Өнерлі өрендер бақ сынады
Ақтан батыр ауылдық клубының ұйымдастыруымен “Үйірме – өнер баспалдағы” атты облыстық өнер байқау өтті. Шығармашылық додаға Жаңақорған, Шиелі, Сырдария, Жалағаш, Арал және Қазалы аудандарының клуб кәсіпорындары мен мәдениет үйлері жанынан жұмыс істейтін өнер үйірмелерінің мүшелері қатысты. Өнерпаздар көркемсөз, домбыра және ән жанрлары бойынша бақ сынап, өз өнерлерін ортаға салды.
Байқаудың шымылдығын аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің инспекторы Райса Тасыбаева ашып, облыстың әр өңірінен келген жас өнерпаздарға сәттілік тіледі. Ол мұндай шығармашылық байқаулардың жас таланттарды қолдаудағы маңызына тоқталып, өнер үйірмелерінің жұмысын жандандыруға берер мүмкіндігі мол екенін атап өтті.
«Бүгін Ақтан батыр ауылында облыстың әр ауданынан өнерге құштар жас өнерпаздар бас қосып отыр. Байқаудың басты мақсаты – ауылдық клубтар мен мәдениет үйлері жанындағы өнер үйірмелерінің жұмысын насихаттап, жас таланттарға қолдау көрсету. Сонымен қатар әр ауданнан келген өнерпаздардың бір-бірімен тәжірибе алмасып, өнердегі ізденістерін арттыруына мүмкіндік жасау. Сондықтан бүгінгі додада бар өнерлеріңізді ортаға салып, өздеріңізге жаңа тәжірибе жинақтайсыздар деп сенемін. Баршаңызға сәттілік, шығармашылық шабыт және толағай табыс тілеймін!» – деді Райса Тасыбаева.
Өнер додасына Қазалы ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің инспекторы Райса Тасыбаева, аудандық Оқушылар үйінің «Сазды әуен» үйірмесінің жетекшісі Нағима Қарымсақова және Роза Бағланова атындағы мәдениет орталығының балалармен жұмыс бөлімінің әдіскері Балқыз Өмірзақ қазылық етті.
Байқаудың көркемсөз жанрында қатысушылар «Батырлар жырынан» үзінді оқып, шеберліктерін танытты. Нәтижесінде қазалылық Еркеназ Сәбит топ жарып, І орынға ие болды. ІІ орын аралдық Айша Айдарға бұйырса, ІІІ орынды жалағаштық Еркеназ Аманкелді еншіледі.
Сонымен қатар байқауға белсене қатысқан жаңақорғандық Айана Әбдрахман, сырдариялық Жансұлтан Темірбекұлы, қазалылық Айтұмар Саматқызы мен Исатай Әнуарбек алғыс хаттармен марапатталды.
Домбыра жанрында жалағаштық Нұрғиса Молдабаев күй аспабындағы шеберлігімен дараланып, І орынға лайық деп танылды. ІІ орынды шиелілік Айтұмар Батырхан иеленсе, ІІІ орын аралдық Мәди Қасенұлы, қазалылық Нұрболхан Нағашыбай және Нұрперзент Ерікұлына бұйырды.
Ән жанрында да жас өнерпаздар жоғары дайындықтарын көрсетті. Байқау қорытындысы бойынша қазалылық Торғай Сұлтан үздік танылып, І орынға ие болды. ІІ орын жалағаштық Аягөз Молданиязоваға берілсе, ІІІ орынды шиелілік Жаннұр Бекзатханқызы мен сырдариялық Диас Берлібек өзара бөлісті.
Бұдан бөлек, өнер додасына белсене қатысып, өнерімен ерекшеленген аралдық Жақсылық Мейірім, қазалылық Эсманнұр Бүркітбай және жаңақорғандық Әбілхан Нұрайым арнайы дипломдармен марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды.
Бүгінгі облыстық байқауы жас өнерпаздардың шығармашылық ізденісін шыңдап қана қоймай, өңірлердегі өнер үйірмелерінің өзара тәжірибе алмасуына жол ашқаны анық. Мұндай мәдени бастамалар ауылдағы жас таланттардың талабын ұштап, олардың өнерге деген қызығушылығын арттыра түсері сөзсіз.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ














