Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөнінде комиссия отырысы өтті
Аудан әкімдігінің мәжіліс залында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті.Жиынды ашып, жүргізіп отырған аудан әкімі Алмасбек Есмаханов алдымен күн тәртібіндегі мәселелердің маңыздылығына тоқталып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жүктеген міндеттерін жүйелі түрде жүзеге асыру қажеттігін атап өтті.
Сыбайлас жемқорлықпен күрес мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін жеткізіп, бұл бағыттағы жұмыстар барлық деңгейде күшейтілуі тиіс екенін айтты.
Комиссияның күн тәртібінде жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар саласында және Әйтеке би кенті әкімі аппаратымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытында атқарылған шаралары мен алдағы міндеттері туралы мәселелер қаралды. Бұл жөнінде аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Совет Бабанаев пен Әйтеке би кентінің әкімі Әліби Әбиев баяндама жасады.
Отырыс барысында аудан прокуроры Мадияр Бекпанов сөз сөйлеп, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында заң талаптарын қатаң сақтау, мемлекеттік қызмет көрсету кезінде әділдік пен ашықтықты қамтамасыз ету, сондай-ақ құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастыру қажеттігін атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтіп, профилактикалық шараларды жүйелі түрде жүргізудің маңыздылығына тоқталды.
Жиында аудан басшысы жауапты мекеме басшылары мен қала, кент және ауылдық округ әкімдеріне сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің туындау себептерін анықтау және оның алдын алу жұмыстарын күшейту, мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормалары мен мінез-құлық қағидаларын қатаң сақтау, мемлекеттік қызмет көрсету мен мемлекеттік сатып алу жұмыстарын заң талаптарына сәйкес жүргізу, бюджет қаражатын тиімді әрі мақсатты пайдалану, қызметкерлердің кірістері мен мүліктері туралы декларацияларын уақытылы тапсыруын бақылау, сондай-ақ ақылы қоғамдық жұмыстарға қабылдау кезінде ашықтықты қамтамасыз ету мәселелері бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.
Аудандық қоғамдық даму бөліміне сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында жүйелі түрде жариялап отыруды тапсырды.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі комиссия барысында қаралған мәселелер бойынша нақты міндеттер белгілеп, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарды одан әрі жетілдіру қажеттігін айтты.














