Ауылдағы арайлы кәсіп
Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға, жұмыссыздықты жоюға және өңірлердегі кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған маңызды мемлекеттік жоба. Байыпты бастама ауылдағы ағайынға жеңілдетілген несие беріп, жеке шаруашылығын дөңгелетуге, тың идеяларын өмірге асыруға және тұрақты табыс табуға үлкен мүмкіндік туғызып отыр.Бағдарламаның басты ерекшелігі – қаражаттың қолжетімділігі мен мақсатты бағытталуы. Ауыл тұрғындары мал шаруашылығын өркендетуге, егіншілікпен айналысуға, түрлі өндіріс цехы мен шағын наубайханалар, сондай-ақ халыққа қажетті қызмет көрсету орталықтарын ашуға қаржыны тиімді пайдалануда. Нәтижесінде ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындары ашылып, өнім өндіру көрсеткіші артып келеді.
Тиімді жоба бағытындағы жұмыстар аймақтарда жыл сайын қарқын алып, нақты нәтижесін беруде. Мәселен, 2023-2024 жылдары жалпы құны 883,6 миллион теңгені құрайтын 131 жоба қаржыландырылып, нәтижесінде 174 жаңа жұмыс орны ашылса, 2025 жылы 697,6 миллион теңгеге 95 жоба қаржыландырылып, 120 жұмыс орны құрылды. Ал 2026 жылы бұл үдерісті одан әрі жалғастыру үшін республикалық бюджеттен облысқа 5,6 миллиард теңге, ал ауданға 88 жобаға 850 миллион теңге бөлініп, 103 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Жалпы алғанда, бағдарлама қаржыландырыла бастағалы бері тек бір ауданның өзінде 200-ге жуық азамат өз ісін ашып, ел экономикасының дамуына сүбелі үлес қосып келеді. Мемлекеттік қолдау ауылдағы кәсіпкерлік мәдениетін қалыптастырып, тұрғындардың ертеңгі күнге деген сенімін нығайта түсуде. Тәуекел етіп, іскерлік танытқан әрбір азамат үшін «Ауыл аманаты» береке мен молшылыққа бастайтын нақты жол.
Осы ретте шалғай жердегі ауылдарда кәсіп ашып, елдің игілігіне қызмет етіп жүрген жандардың қатары артып келеді. Осындай еңбекқорлықтың жарқын үлгісін Қазалы ауданына қарасты Жанкент ауылының тұрғыны Самалбек Мырзалы көрсетіп отыр. Осыдан бір жыл бұрын «Жанкент-ет» дүкенін ашқан кәсіпкер ауыл тұрғындарын сапалы әрі қолжетімді ет өнімдерімен қамтамасыз етуде.
Табысты тірліктің көзін іздеген азамат бизнес-идеясын мемлекеттік қолдау бағдарламалары арқылы жүзеге асырды. Ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы аясында өңірлік «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы қаржы алып, дүкен ашуға бел буған. Нәтижесінде өзінің үйінің ауласындағы шағын сарайды толықтай жөндеуден өткізіп, заманауи талапқа сай жабдықтады. Сондай-ақ ет сақтауға арналған арнайы тоңазытқыш камералар сатып алып, өнімді бөліп-жаруға қажетті орынды сапалы етіп жасақтады.
Самалбек Мырзалының сауда саласындағы тәжірибесі бұрыннан бар. Ол бұған дейін азық-түлік дүкенін ашып, ауылдастарына қызмет көрсеткен. Осы саладан алған өмірлік тәжірибесі мен іскерлік дағдысы жаңа кәсібін дөңгелетуге үлкен септігін тигізіп отыр. Шағын ауылда ет дүкенін ашудың өзіндік логикасы мен негізі бар. Себебі соңғы жылдары кәсіпкер мал шаруашылығымен, әсіресе ет бағытымен тікелей айналысып келеді. Осы тәжірибенің арқасында ол ауыл ішінде сапалы әрі сенімді ет өнімдеріне деген сұраныстың әрдайым жоғары екенін аңғарған. Дүкендегі тауарлар жергілікті мал өсірушілер мен тұрғындардан сатып алынады, сондай-ақ кәсіпкердің өзінің азын-аулақ малы да ортақ іске жаратылады.
Бүгінде дүкеннен еттің барлық түрін табуға болады. Мұнда таза ет өнімдерімен қатар үйде таза еттен дайындалатын жартылай фабрикаттар да көпшілікке ұсынылуда. Атап айтқанда, тартылған ет, дәмді тұшпара мен манты, бұрышқа салынған тартылған ет және тефтели сынды өнімдер тұрғындар арасында үлкен сұранысқа ие.
Дүкендегі бағалар базар нарығымен шамалас, атап айтқанда сиыр етінің келісі 2700 теңгеден сатылуда. Әсіресе жаз маусымында жұмсақ әрі жеңіл пісетін сиыр етіне сұраныс ерекше жоғары.
Санитариялық талаптар мен тазалыққа аса мән берілген. Ет өнімдері арнайы заманауи тоңазытқыштарда сақталады, өйткені кәсіпкердің пайымынша, еттің сапасы бірінші кезекте дұрыс сақтау жүйесіне тікелей байланысты. Алдағы уақытта бұл істі тіпті кеңейтіп, ет түрлерін көбейту, сондай-ақ жартылай дайын өнімдерді тапсырыспен үйге жеткізу қызметін қолға алу жоспарда бар. Басты мақсат – тұтынушыға әрдайым тұрақты сапалы қызмет көрсету, ал болашақта шағын цех ашып, бірнеше жергілікті тұрғынды тұрақты жұмыспен қамту.
Еңбекке етене араласып, тірліктің көзін тапқан Самалбек бүгінде өнегелі отбасының иесі. Жары мектепте ұстаздық етсе, тәрбиелеп отырған үш баласының екеуі мектеп оқушысы, біреуі студент. Шаңырақтағы берекелі тірлікке балалары мен бауырлары да белсене қолғабыс етіп, қолдары қалт еткенде келіндері де келіп көмектеседі.
Осындай мемлекеттік қолдауды тиімді пайдаланып, отбасылық тірлікті кәсіппен ұштастырған Самалбек сынды азаматтардың бастамасы ауылдың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттырып, өзгелерге зор үлгі болып отыр.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА














