Қазақстанда бір тәулікте 13 орман өрті тіркелді
Өрт ошақтарының барлығы дер кезінде анықталып, орман күзеті мен «Қазавиаорманқорғау» мамандарының күшімен оқшауланды

Фото: © istockphoto.com
2026 жылғы 26 маусымда Қазақстанның мемлекеттік орман қоры аумағында 13 орман өрті тіркелді. Өрт ошақтары еліміздің бірнеше өңірінде анықталған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне сілтеме жасап.
Мониторинг нәтижесіне сәйкес, өрттер мынадай өңірлерде тіркелген:
- Ақмола облысы – 1 жағдай;
- Шығыс Қазақстан облысы – 1 жағдай;
- «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты – 9 жағдай;
- «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты – 2 жағдай.
Комитеттің мәліметінше, барлық өрт ошақтары орман күзеті мен «Қазавиаорманқорғау» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны қызметкерлерінің бірлескен жұмысының арқасында дер кезінде анықталып, жедел оқшауланған. Соның нәтижесінде өрттің одан әрі таралуына жол берілмеген.
Сонымен қатар мамандардың айтуынша, бұған дейін «Семей орманы» және «Ертіс орманы» резерваттарының аумағында найзағайлы ауа райы болған. Бұл жаңа өрт ошақтарының пайда болу қаупін арттырған. Осыған байланысты орман қызметтері күшейтілген режимде жұмысын жалғастырып, жоғары дайындық жағдайында қызмет атқаруда.
Өрт қаупі жоғары кезеңде мамандар азаматтарды орманда қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға және өрттің шығуына себеп болуы мүмкін кез келген әрекеттен бас тартуға шақырды.










