Brent бағасы тағы 100 доллардан асты. Әлемдік нарықта не болып жатыр?
Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуы аясында әлемде мұнай бағасы өсуін жалғастырып жатыр. Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне 100 доллардан асты, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Астана уақытымен сағат 08:15-тегі жағдай бойынша Лондонның ICE биржасында Brent маркалы мұнайға арналған қыркүйектегі фьючерстердің құны 7,36 пайызға өсіп, барреліне 101 долларға жетті.
Америкалық WTI мұнайының фьючерстері 6,1 пайызға қымбаттап, барреліне 92,13 долларға жетті.Мұнай бағасы неге көтерілді?
Бағаның өсуі әлемдік мұнай саудасы үшін ең маңызды екі теңіз бағытының айналасындағы жағдайға байланысты. АҚШ пен Иран арасындағы қақтығыс аясындағы Ормуз бұғазындағы шиеленістен бөлек, әлемдік сауданың шамамен 12 пайызы өтетін Баб-эль-Мандеб бұғазына да қауіп төнді.
Күні кеше Иран қолдайтын йемендік "Ансар Алла" хуситтер қозғалысы Сауд Арабиясына теңіз блокадасын жариялап, Қызыл теңізде саудтық екі мұнай танкеріне соққы жасағанын мәлімдеді.
Осыдан кейін АҚШ президенті Дональд Трамп ескерту жасап, жаңа шабуылдар болған жағдайда тек хуситтер ғана емес, Иран да жауапқа тартылатынын айтты.
Бұл Қазақстан үшін неге маңызды?
Бұған дейін мұнай-газ саласының сарапшысы Асқар Исмаилов мұнай бағасы бюджет кірісіне, Ұлттық қордың жағдайы және теңге бағамына әсер етеді. Мұнай нарығындағы тұрақсыздық экономика үшін тәуекелдерді күшейтеді. Бағаның күрт құбылуы инфляцияға, инвестициялық белсенділікке және қаржы нарықтарына әсер етеді. Мұнай кірістеріне тәуелділік елді сыртқы соққылар алдында осал етеді.
Бұл ретте 2026–2028 жылдарға арналған бюджетте базалық параметрлер бекітілген: мұнай бағасы барреліне 60 доллар деңгейінде және доллар бағамы 540 теңге. Экспорттық кірістер, әлеуметтік төлемдер және мемлекеттік шығыстар дәл осы бағдарлар негізінде есептеледі.












