Берекелі жәрмеңке
Қазалылықтар қала тұрғындары мен қонақтарын қыс айының алғашқы күндері ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесімен қуантты. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі Қызылорда қаласындағы Шұғыла мөлтек ауданында, Ғани Мұратбаев көшесі мен Қожа Ахмет Яссауи көшелерінің қиылысында өтті.Жәрмеңкеге Қазалыдан Қызылордаға барлығы 110 тоннаға жуық өнім тиелген 50 автокөлік жеткізілді. Таңсәріден басталған қызу саудада ұзын-сонар кезек қалыптасты. Қала тұрғындарының ауыл өнімдеріне деген сағынышы көрініп-ақ тұр. Мұнда саудаға түскен әрбір өнім базар бағасынан едәуір төмен сатылды. Ауылдардан артынып келген тауар өндірушілер тұтынушыларға қолайлы баға ұсынды. Жәрмеңкеде 15 тонна күріш, 73 тонна бақша өнімдері, 4,5 тонна сүт өнімдері, 8,5 тонна балық, 5,1 тонна ет және жеміс-жидектер әкелінді. Сонымен қатар жәрмеңкеге облыстық тұрақтандыру қорының өнімдерінен арзан бағада 3 тоннаға жуық ұн, күріш, макарон өнімдері, картоп, жуа, сәбіз өнімдері шығарылады.
А.ӘЛИ














