Қазақстанда несие тарихы неше жыл сақталады және ол кімге қолжетімді?
Қазақстандағы әрбір қарыз алушының несие тарихы болады, оның негізінде дербес несиелік рейтингі қалыптасады. Банктер мен микроқаржы ұйымдары жаңа қарыз беру туралы шешім қабылдар кезде дәл осы мәліметтерді бағалайды, деп хабарлайды Tengrinews.kz Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің сайтына сілтеме жасап.
Кейбір адамдар мерзімі өткен берешек туралы мәліметтер шексіз сақталады немесе, керісінше, бірнеше жылдан кейін жойылып кетеді деп ойлайды. Заң бойынша деректерді сақтаудың нақты мерзімі қандай?
Сақтау мерзімі 5 жыл, бірақ ескерту бар
"Қазақстан Республикасындағы несие бюролары және несие тарихын қалыптастыру туралы" заңға сәйкес, қарыз алушы туралы ақпарат несие бюроларында 5 жыл бойы сақталады.
Бұл ретте 5 жылдық мерзім келісімшарт жасалған сәттен бастап емес, қарыз алушы туралы соңғы ақпарат келіп түскен күннен бастап есептеледі:
Егер несие толық өтелсе: бес жылдық мерзім банк немесе микроқаржы ұйымы несие бюросына берешектің жабылғаны туралы қорытынды жазбаны берген күннен бастап есептеле бастайды.
Егер белсенді несие немесе мерзімі өткен берешек болса: қаржы ұйымы ағымдағы төлемдер немесе қарыздар бойынша жаңартылған деректерді жіберіп отырған кезде бес жылдық мерзім басталмайды.
Осылайша, өткен қарыздар туралы мәліметтер - тұрақты төлемдер де, жіберілген кешіктірулер де - соңғы жазбадан кейін бес жыл бойы сіздің несие есебіңізде көрсетіледі.
Деректер қай жерде жинақталады?
Қазақстанда бұл ақпаратты жинаумен және сақтаумен екі аккредиттелген орган айналысады:
"Мемлекеттік кредиттік бюро" АҚ (МКБ) - Ұлттық банктің еншілес құрылымы, мұнда ақпарат берушілер (банктер, микроқаржы ұйымдары, ломбардтар, коллекторлар, тіпті коммуналдық қызметтер) заң бойынша деректерді беруге міндетті.
"Бірінші кредиттік бюро" ЖШС (БКБ) - қаржы ұйымдарымен келісімшарт негізінде жұмыс істейтін жеке коммерциялық бюро.
Несие бюроларындағы барлық мәлімет құпиялылық режимімен қорғалған. Өз тарихыңызға өзіңіз қол жеткізе аласыз, ал қаржы институттары тек сіздің ресми келісіміңізбен ғана көре алады.












