Туған жердің тарландары
Қазалының қос мақтанышы әлемдік аренада топ жарды. Швейцария мен Польша төрінде қазалылықтардың мерейі үстем болды. Ел намысын халықаралық додада абыроймен қорғап, көк байрағымызды көкке көтерген спортшылардың әрбір жеңісі – барша халыққа ортақ қуаныш. Ал туған жерінің атын әлемдік аренада танытқан жерлестеріміздің жетістігі – ауданымыз үшін айрықша мақтаныш.Қазалылық ержүрек ұл-қыздар халықаралық аренада ел абыройын асқақтатып, жаһанды мойындатты. Әлемдік спорт күнтізбесіндегі ең беделді бәсекелердің бірінде бақ сынаған жерлестеріміз Абылайхан Жұбаназар мен Зарина Толыбай ерекше табандылық көрсетіп, қарсылас шақ келтірмеді. Олардың бұл жарқын жеңісі – бүкіл қазақ елінің, әсіресе қазалылықтардың жүрегіне мақтаныш ұшқынын ұялатқан ғаламат қуаныш.
ЛОЗАННА ТӨРІНДЕГІ ҚАЙСАРЛЫҚ
Швейцарияның Лозанна қаласында дзюдодан әлемнің үздік татами шеберлері бас қосқан Grand Slam («Үлкен дулыға») халықаралық турнирі өтті. Бес құрлықтың 77 елінен 513 дзюдошы қатысқан бұл дүбірлі додада Қазақстан құрамасының намысын қорғаған қазалылық жерлесіміз Абылайхан Жұбаназар 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түсті.Тартысты өткен жарыс барысында жерлесіміз қарсыластарын бірінен соң бірін тізе бүктіріп, финалдық белдесуге дейін сенімді түрде жетті. Алтын медаль үшін өткен шешуші белдесуде ол Өзбекстан өкілі Арслонбек Тожиевтен басым түсіп, турнирдің жеңімпазы атанды.
Осылайша, Абылайхан Жұбаназар Grand Slam турниріндегі алғашқы алтынына қол жеткізді. Айта кетейік, бұған дейін «Үлкен дулыға» сериясындағы жарыстарда бірнеше рет жүлдеге іліккен жерлесіміз бұл жолы чемпион тұғырына көтеріліп, өзінің спорттық мансабындағы ең маңызды әрі айтулы жеңістерінің біріне қол жеткізді. Қазалының абыройын асқақтатып, туған жердің туын көкке көтерген Абылайханның бұл жетістігі – өскелең ұрпақ үшін үлкен үлгі.
ГЛИВИЦЕДЕГІ ТЕҢДЕССІЗ ТРИУМФ
Қазалылықтардың мерейін асырған тағы бір қуанышты хабар Польшаның Гливице қаласынан жетті. Мұнда 23-29 тамыз аралығында бокстан U17 және U19 жас санаттары арасында «Silesian Open» халықаралық турнирі өтті.
Әлемнің 18 мемлекетінен 200-ге жуық спортшы қатысқан бұл беделді додада жерлесіміз Зарина Толыбай +80 келі салмақ дәрежесінде шаршы алаңға шықты. Өзінің мықты дайындығы мен қайсар мінезін көрсеткен Зарина барлық қарсыластарынан басым түсіп, І орынға ие болып, турнирдің чемпионы атанды.
Бұл – жас спортшының табандылығы мен тынымсыз еңбегінің, сондай-ақ оның бапкерлерінің кәсіби дайындығы мен өлшеусіз еңбегінің жемісі. Қазалының намысын қорғап, көк туымызды желбіреткен Зарина Толыбайды және оның бапкерлер құрамын осынау жарқын жеңісімен құттықтаймыз!«Ердің атын еңбек шығарар». Қазалының топырағынан түлеп ұшқан Абылайхан мен Заринаның бұл жеңістері – ел спорт тарихында мәңгі қалатын айтулы оқиға. Осындай саңлақтардың бары – қазақ елінің әлемдік аренадағы мәртебесін асқақтата түсетін айбынды күш. Жаһандық бәсекелерде топ жарған жас тарландарымызға толағай табыстар мен биік белестер тілейміз!
Айнұр ӘЛИ













