Абылайхан Жұбаназар: Олимпиадада ел сенімін ақтасам деймін
Фото: olympic.kz
Қызылордалық дзюдошы Абылайхан Жұбаназар 2024 жылғы Париж Олимпиадасында ел намысын қорғайды.
Абылайхан Жұбаназар 2000 жылдың 15 ақпанында Қызылорда облысы Қазалы қаласында дүниеге келген. Спорт жолындағы алғашқы қадамын 2013 жылы қазақ күресінен бастаған. Қазір дзюдо күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын алған.
«Отбасым жайлы айтатын болсам, әкем Сейілбек Тәшімов пен анам Жанат Мұсаева - қарапайым еңбек адамдары. Әкем жеке мекемеде жүргізуші болса, анам ауруханада еңбек етеді. Әкем менің спортпен айналысқанымды қалады. Төртінші сынып оқып жүргенде күрес залына алып келді. Содан бері дзюдоның қыр-сырына қанығып келемін. Одан кейінгі жылдарда Қызылорда қаласындағы Жалаңтөс баһадүр атындағы облыстық спортта дарынды спорт мектебінде тәлім алдым. Бапкерім - Қален Қалиұлы», - деді Абылайхан.
Абылайхан 2022 жылғы Азия ойындарында қолаға қол созса, былтыр өткен «Grand Slam» турнирлерінде күміс және қола медаль иегері атанды. Сондай-ақ, биыл «Қазақстан барысы турнирінде үздік үштіктен көрінді. 2022 жылы. Қорқыт Ата университетинде дене шынықтыру мамандығы бойынша бітіріп шықты.
«Олимпиада – әрбір спортшының арманы. Алдымда асқақ арман бар. Ел намысын абыроймен қорғасам деген мақсатым бар» , – дейді спортшы.
Франция астанасы Париж қаласында Жазғы Олимпиада ойындары 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді. Ойындарға әлемнің 205 елінен 10 500 спортшы қатысады деп жоспарланған. Онда 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Дзюдодан Қазақстан құрамасы сапынан Париж Олимпиадасында 8 спортшы татами төрінде тайталасқа түседі. Олардың қатарында Елдос Сметов (60 келі), Ғұсман Қырғызбаев (66 келі), Данияр Шамшаев (73 келі), Абылайхан Жұбаназар (81 келі), Нұрлыхан Шархарн (100 келі), Абиб Әбужақынова (48 келі), Эсмигуль Куюлова (63 келі), Камила Берліқаш (78 келіден жоғары) бар.
Еске салсақ, Қызылорда облысынан Париж Олимпиадасына төрт спортшы барады.
Айта кетсек, бұған дейін 2012 жылы қызылордалық Марина Вольнова (75 келі) әйелдер боксында қола жүлдеге қол созды. 2016 жылы ауыр атлетикадан Александр Зайчиковтің (105 келіден жоғары) күміс жүлде алды. Ал 2020 жылы боксшы Қамшыбек Қоңқабаев (91 келі) үздік үштікті түйіндеді.
Сондай-ақ, облыстан дзюдошы Жанар Жанзұнова, таэквандошы Айнұр Есбергенова, гандболдан ұлттық құрама сапында қызылордалық спортшылардың ел намысын қорғап қайтқанын жерлестері әлі ұмыта қойған жоқ.