Семей ядролвқ полигонының жабылғанына 35 жыл
Қазалы мәдени-демалыс кешеніндегі «Тағзым» аллеясында Семей ядролық полигонынан зардап шеккен азаматтарды еске алу шарасы өтті.
Қасіретті кезеңнің куәсі болған азаматтарды еске алуға аудан әкімінің орынбасары Жәнібек Алиев, зиялы қауым өкілдері мен Семей сынақ полигонының зардабын жоюға атсалысқан ардагерлер қатысты.
Жиында ядролық қарудың алапат күшінен зардап шегіп, дүниеден өткен азаматтардың рухына Құран бағышталды.
Жиналғандар аудан жұртшылығы атынан ескерткішке гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.
Шара барысында аудан әкімінің орынбасары Жәнібек Алмасұлы сөз сөйлеп, Семей полигонының жабылуының тарихи маңызына тоқталды. Ол адамзатқа орасан қауіп төндірген ядролық сынақтардың зардабын жою жолында қажырлы еңбек еткен ардагерлерге шынайы алғысын білдірді.
– Семей полигонының жабылуы – Қазақстанның бейбітшілік жолындағы батыл қадамының айқын көрінісі. Бұл – келер ұрпақтың жарқын болашағы үшін жасалған тарихи шешім. Ядролық сынақтың зардабын тартқан азаматтардың ерлігі мен елге сіңірген еңбегі ешқашан ұмытылмауы тиіс, – деген ізгі тілегін жеткізді.
Бұдан соң «Семей-Невада» қоғамдық бірлестігінің Қазалы аудандық өкілі Өмірбек Күлімбетов сөз алып, Семей полигонында жүргізілген ядролық сынақтардың адамзатқа әкелген ауыр зардаптары жайында ой бөлісті. Ол тарих бетінде өшпес із қалдырған қасіретті кезеңнің сабақтарын ұмытпау қажеттігін айтып, елдің амандығы мен жұрттың тыныштығын тіледі.
Семей даласында атом бомбаларының алғашқы жарылысы 1949 жылы жасалды. Одан кейінгі 40 жылдан астам уақыт ішінде бұл аумақта жүздеген ядролық сынақ өткізілді. Оның зардабы қоршаған ортаға ғана емес, адам денсаулығы мен бірнеше ұрпақтың тағдырына әсер етті. Мыңдаған отбасы қасірет шегіп, талай жанның өміріне өшпес жара салынды.
Алайда ел тарихындағы қасіретті кезеңнің нүктесі 1991 жылдың 29 тамызында қойылды. Бұл шешім Қазақстанның ядролық қарудан бас тартқан бейбітшіл ел ретіндегі ұстанымын айқындап, әлемдік қауымдастыққа зор үндеу болды.
Бүгінде Семей полигоны жабылғанына 35 жыл толды.
Бейбітшілік – баға жетпес құндылық. Ал Семей полигонының тарихы адамзатқа ядролық қарудың қасіретін тағы бір мәрте еске салып, тыныштықтың қадірін ұғындырады.
Ел аман, жұрт тыныш болсын! Бейбіт аспан астындағы бейқам ғұмыр ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса берсін!















