Семей сынағы — адамзат қасіреті
2026 жылдың 29 сәуір күні Семей сынақ полигонының жабылғанына 35 жыл толуына орай «Семей сынақ полигоны – адамзаттың жадында» атты тағылымды еске алу кеші өтті. Бұл маңызды шара Семей сынақ полигонының ардагері, «Орымбет ишан» мешітінің имамы Ғ.Ізаттың бастамасымен ұйымдастырылып, «Алға» ауыл әкімшілігі, Ү.Түктібаев ауылдық клубы мен кітапханасының бірлесуімен жүзеге асты.Шара «Орымбет ишан» мешітінде басталып, «Тағзым» алаңында полигон зардабынан көз жұмған жандарға арналып Құран бағышталды. Бұл – өткеннің ауыр қасіретін ұмытпай, құрбан болғандардың рухына тағзым етудің айқын көрінісі болды.
Еске алу кешінің салтанатты ашылуында Қазақстан Республикасының Әнұраны орындалып, Семей өңірінің тарихи тағдыры мен сынақ жылдарының ауыртпалығын бейнелейтін әсерлі пролог көрсетілді. Жиналған қауым бір сәтке өткен күндерге ой жүгіртіп, адамзат тарихындағы ең қасіретті кезеңдердің бірі – ядролық сынақтардың зардабын тағы бір мәрте сезінді.
Кеш барысында ауыл әкімшілігінің маманы А.Төлемісов, Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ө.Жәниет, «Ерен еңбегі үшін» орденінің иегері Б.Томай және Семей полигонында әскери борышын өтеген ардагерлер сөз сөйлеп, өз естеліктерімен бөлісті. Олар ядролық сынақтар кезеңіндегі қиындықтар мен халықтың тартқан зардаптарын айтып, сол бір ауыр жылдардың тарихи шындығын кейінгі ұрпаққа жеткізудің маңыздылығын атап өтті.
Шара аясында Семей сынақ полигонының ардагері Ғ.Ізат «Семей сынақ полигонына – 35 жыл» мерейтойлық төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қатар, аудан әкімінің орынбасары Д.Тілеуімбетов ардагерлерге арнайы Алғыс хаттар табыстады. Бұл – Семейдің қасіретті кезеңінде еңбек еткен азаматтардың ерлігін бағалап, олардың есімдерін ұлықтаудың белгісі.
Кештің көркемдік бөлімі де ерекше әсерге толы болды. Бекарыстан би, Майдакөл және Ү. Түктібаев ауылдарының өнерпаздары сахна төріне шығып, жүрек тебірентер әндер орындап, тарихтың ауыр жүгін өнер арқылы жеткізді. Әрбір ән мен қойылым көрерменге терең ой салып, өткеннің сабағын ұмытпауға үндеді.
Сонымен қатар, «Семей полигоны — тарих» атты арнайы кітап көрмесі ұйымдастырылып, қонақтарға таныстырылды. Көрмеде ядролық сынақтардың тарихы мен оның адамзатқа тигізген зардаптары туралы құнды деректер мен әдебиеттер ұсынылды. Бұл – жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.
Шара соңында Ғ.Ізаттың ұйымдастыруымен мешіт жанындағы асханада қонақтарға дастарқан жайылып, келген жұртқа құрмет көрсетілді. Бұл – қазақы дәстүрдің, қонақжайлықтың және бірліктің көрінісі болды.
Аталған еске алу кеші – Семей сынақ полигонының қасіретті тарихын ұмытпай, оны келешек ұрпаққа жеткізу жолындағы маңызды бастама. Мұндай тағылымды шаралар өткеннің ауыр сабақтарын еске салып қана қоймай, болашақта мұндай апаттардың қайталанбауына үн қосады. Атом сынақтарының зардабын жою, бейбіт өмірді сақтау – барша адамзатқа ортақ міндет. Семей полигоны – тек бір өңірдің ғана емес, бүкіл адамзаттың қасіреті. Оны ұмытпау – тарих алдындағы парыз.
Гүлмира НИЕТОВА













