Қарусыз әлемді қолдаған қозғалысқа 37 жыл
Биыл ядролық апатқа қарсы халықаралық «Невада–Семей» антиядролық қозғалысының құрылғанына 37 жыл толып отыр. Жуырда Қазалы мәдени-демалыс кешеніндегі «Тағзым» алаңында «Невада-Семей» халықаралық қозғалысына қойылған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, тағзым ету шарасы өтті.Шараға аудан әкімі Алмасбек Есмаханов, аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш, аудандық мәслихат депутаттары, құқық қорғау органдарының басшылары, Семей ядролық сынақ полигоны аумағында әскери борышын өтеген қазалылық ардагерлер және аудан жастары қатысты.
Жиында аудан әкімі Алмасбек Есмаханов сөз сөйлеп, бұл күннің адамзат тарихындағы маңызына тоқталды.
– Еліміздің тарихында бұл қозғалыстың орны ерекше. Өйткені «Невада-Семей» қозғалысы – тек бір елдің ғана емес, әлем жұртшылығын бейбітшілікке үндеген, ядролық қарудың адамзатқа тигізер орны толмас зардабын ашық айтып, халықаралық деңгейде үн көтерген ірі қоғамдық бастама болды. Осындай сын сағатта халықтың үнін билікке жеткізіп, ядролық қаруға қарсы әлемдік қозғалыстың алдыңғы шебінде тұрған «Невада-Семей» қозғалысы еліміздің тағдырлы таңдау жасауына жол ашты. Нәтижесінде Қазақстан әлемге ядролық қарусыздану жолын таңдаған бейбіт мемлекет ретінде танылды. Күллі адамзат баласына зор қауіп төндірген полигон зардаптарын болдырмау бағытындағы қажырлы еңбек еткен ардагерлер қауымына шынайы алғысымды білдіремін. «Невада–Семей» антиядролық қозғалысының 37 жылдығы – бейбітшілік жолындағы күрестің, азаматтық ұстаным мен елдік сананың айқын көрінісі. Бұл – халқымыздың ерік-жігері мен бірлігінің жемісі. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, аспанымыз әрдайым ашық болсын!, – деді аудан әкімі.
Аудан басшысынан кейін «Семей-Невада» қоғамдық бірлестігінің Қазалы аудандық өкілі Өмірбек Күлімбетов сөз сөйлеп, тарих парағына өшпестей із қалдырған ядролық сынақ зардаптарынан сыр тартып, еліміздің амандығы мен тыныштығын тіледі.
Іс-шара барысында Семей сынақ алаңында қаза тапқан боздақтардың рухына Құран бағышталып, ескерткішке гүл шоқтары қойылды.
«ҚАЗАЛЫ» ақпарат












