Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызғалдақты да үзбеуші еді

Қызғалдақты да үзбеуші еді

Соңғы жылдардағы жағдай отбасы – кіші Отан емес, мемекеттің бас құрылымы, бастауы екендігін ұғындыруда. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген қазақ ұрпағының тәрбиесі мен отбасындағы түзілістің дұрыс түзілуіне ерекше көңіл бөлген. Отбасы мүшелері немесе жақын қарым-қатынастағы адамдар арасында жасалатын, біреудің денсаулығына, ар-намысына және өміріне қауіп төндіретін заңға қайшы күш көрсету әрекеті Қазақстан Республикасында отбасылық зорлық-зомбылық саналады.
Отбасындағы ойран ұлтты ойлантатын жағдайға жеткізді. Нені кенде қалдырдық? Неге басымдылық бермедік? Сараптадық...

БАС БӨРІК ІШІНДЕ ЖАРЫЛЫП ЖАТПАЙДЫ
Халықымыздың отбасылық түсінігінде «Бас жарылса, бөрік ішінде, Қол сынса, жең ішінде» деген қалыптасқан ұстанымы бар. Бұл тура мағынасында да, ауыспалы мағынасында да зорлық-зомбылыққа жол беру дегенді білдірмейді.
Отбасылық зорлық-зомбылық ұғымы туралы Қазалы аудандық полиция бөлімі қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобының инспекторынан сұрадық. Айтуынша, отбасындағы зорлық-зомбылық – тек ұрып-соғумен шектелмейтін, адамның ар-намысына, психологиялық жағдайына, мүліктік және жеке құқықтарына зиян келтіретін күрделі мәселе. Сондықтан зорлық-зомбылықтың кез келген түріне немқұрайлы қарамай, оның алдын алу – отбасы мүшелерінің ғана емес, тұтас қоғамның міндеті.
«Кей жағдайда адамдар отбасындағы жанжал мен зорлық-зомбылықтың аражігін ажырата алмай жатады. Қарапайым келіспеушілік немесе пікір қайшылығы зорлыққа жатпауы мүмкін. Ал адамды ұрып-соғу, қорқыту, балағаттау, кемсіту, еркіндігін шектеу, қаржылай тәуелді жағдайда ұстау немесе еркінен тыс қандай да бір әрекетке мәжбүрлеу – жауапкершілікке әкелуі мүмкін әрекеттер. Мұндай жағдайды жасырып қалу мәселені шешпейді, керісінше оның ушығуына себеп болуы ықтимал», – дейді Сәуле Бишекова
Полиция капитанының сөзінше, зорлық-зомбылықтың алғашқы белгілерін дер кезінде байқау маңызды. Әсіресе жәбірленушінің үнемі қорқынышта жүруі, жақындарынан оқшаулануы, денесінде жарақат іздерінің болуы, отбасы мүшесінің оның телефонын, қаржысын немесе араласатын ортасын бақылауы – назар аударуды қажет ететін белгілер.
«Зорлық-зомбылыққа тап болған адам өзін кінәламауы керек. «Отбасылық мәселе», «өзіміз шешеміз» деп үнсіз қалу – дұрыс шешім емес. Егер адамның қауіпсіздігіне қатер төнсе, полицияға жүгіну қажет. Сонымен қатар зорлық-зомбылықтың куәсі болған азаматтар да бейжай қалмай, тиісті органдарға хабарлағаны жөн. Себебі дер кезінде жасалған әрекет ауыр зардаптың алдын алуы мүмкін», – дейді Сәуле Талғатқызы
Отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алуда түсіндіру жұмыстарының да маңызы зор. Қоғамда күш көрсету арқылы мәселе шешілмейтінін, әр адамның жеке басына қол сұғылмаушылыққа және қауіпсіз өмір сүруге құқығы бар екенін түсіндіру қажет.
Полиция қызметкері ата-аналарға балалардың көзінше жанжал шығармауға, бір-біріне құрметпен қарауға және отбасындағы мәселелерді күш қолданбай шешуге шақырады. Өйткені бала отбасындағы қарым-қатынасты қабылдау арқылы болашақтағы мінез-құлық үлгісін қалыптастырады.
«Зорлық-зомбылықтың алдын алу – тек құқық қорғау органдарының жұмысы емес. Отбасы, мектеп, қоғам және мемлекеттік органдар бірлесіп әрекет еткенде ғана нәтижеге қол жеткізуге болады. Ең бастысы – зорлыққа көз жұма қарамау және адамның құқығы мен қауіпсіздігін бірінші орынға қою», – дейді полиция қызметкері.
МҰЗТАУДЫҢ КӨРІНЕТІН БӨЛІГІ
Тақырып туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы және БҰҰ Әйелдер құрылымы сияқты халықаралық ұйымдар жинақтайтын арнайы жаһандық статистикаға зер салдық .Дегенмен, сарапшылар бұл сандарды «мұзтаудың көрінетін бөлігі ғана» деп санайды. Себебі көптеген жағдайлар әлі де қорқыныш немесе ұят кесірінен ресми түрде тіркелмегені белгі іболып отыр.
Әлем бойынша жүргізген ауқымды зерттеулерінің нәтижесі 15 жастан асқан әйелдердің өмірінде кемінде бір рет жақын серігі тарапынан немесе бөгде біреуден зәбір көргенін анықтаған. Бұл көрсеткіш соңғы екі онжылдықта айтарлықтай төмендемей отыр.
БҰҰ-ның есептері бойынша, жыл сайын әлемде шамамен 50 000-ға жуық әйел мен қыз бала өз отбасы мүшелерінің немесе жұбайларының қолынан қаза табатынын келтірген. Бұл күн сайын орта есеппен 137-ге жуық әйелдің өз үйінде қастандық құрбаны болатынын білдіреді. Барлық қасақана өлтірілген әйелдердің 60 процентке жуығы осылайша жақындарының қолынан көз жұмады екен.
Ресми санақ жүргізуді және нақты сандарды анықтауды көптеген елдерде, әсіресе дәстүрлі қоғамдарда «отбасылық кірді жұртқа жаймау», «елден ұят болады», «балалардың шырқы бұзылмасын» деген стереотиптер мен қоғамдық қысым басымдығы кедергі келтірген. Сондай-ақ жәбірленушілер агрессор тарапынан болатын кек алудан, физикалық тұрғыдан тағы да зардап шегуден немесе экономикалық тәуелділіктен қорқып, үнсіз қалады.
Полиция мен сот орындарының кей жағдайда жеткілікті көмек көрсете алмауы немесе істі созбалаңға салуы құрбандардың арыз жазудан бас тартуына әкеп соғады.Дүниежүзілік ұйымдардың бұл деректері арнайы іріктелген социологиялық сауалнамалар, денсаулық сақтау саласының мәліметтері және полиция статистикаларын салыстыру арқылы есептеледі.
Заңнамалық айырмашылықтар да бар. Әлемнің кейбір елдерінде әлі күнге дейін отбасылық зорлық-зомбылықты қылмыс деп танитын арнайы заңдар жоқ. Психологиялық және экономикалық қысымның есептелмеу бар. Ұрып-соғу фактілері медициналық мекемелерде тіркелгенімен, моральдық қорлау мен қаржылай шектеулер ресми статистикаға сирек ілігеді.
ӨТКІР ӨКСІК
Қазақстанда жыл сайын тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан шамамен 60–80 аралығында әйелдің қаза болатыны расталып отыр. Ресми статистикаға тек 2023 жылдың өзінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтан 69 әйел және 7 бала көз жұмғанын келтірген. Ал Ішкі істер министрлігі мен Парламент Сенатының өкілдері жыл сайын бұл көрсеткіш 80-ге жуықтайтынын немесе соның шамасында болатынын бірнеше рет мәлімдеген. ҚР Ішкі істер министрлігі және Әкімшілік полиция комитеті өкілдері елімізде отбасылық-тұрмыстық жанжалдардың әлі де көп екенін, күн сайын тұрмыстық мәселелер бойынша жүздеген қоңырау түсетінін ресми түрде жариялап тұрады.
ІІМ дерегі бойынша, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының 80 процентке жуығы – әйелдер. ҚР Парламенті Сенатының отырыстарында және заң жобаларын талқылау кезінде сенаторлар әйелдер құқығы мен балалар қауіпсіздігін қорғайтын заң қабылдар тұста тұрмыстық зорлық-зомбылық кесірінен жыл сайын ондаған әйелдің көз жұматынын ресми деректерге сүйене отырып ашық айтқан.
«2024 жылы күшіне енген әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қорғауға бағытталған қатаң заңнамалық түзетулерден кейін тұрмыстық саладағы қылмыстар мен ауыр жазаларға әкелетін істерді анықтау жүйесі «өтініш сипатынан» «анықтау сипатына» көшкен. Бұл агрессорлардың жазасыз қалуына жол бермей, отбасылық жанжалдар мен ауыр қылмыстардың санын біршама төмендетуге бағытталған шаралардың қатарына кіреді», – дейді заңгер Зита Мәжит.
«Қаза тапқан әйелдердің нақты статистикасы жыл мезгілдеріне, қылмыстық істердің саралануына кісі өлтіру, абайсызда өлімге әкеп соғу немесе денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру баптарына байланысты жыл сайын 60 пен 80 аралығында ауытқып тұрады. Бұл – қоғамдағы ең өткір әрі мемлекеттің қатаң бақылауындағы мәселелердің бірі», – дейді ол.
Қазақстанда жыл сайын тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан кемінде 60-80 аралығында әйел көз жұмады. Ресми деректерге сәйкес, соңғы жылдары отбасылық-тұрмыстық саладағы кісі өлтіру деректері біршама азайғанымен, бұл мәселе әлі де қоғамда өткір күйінде қалып отыр.
Полицияға тұрмыстық жанжалдар мен зорлық-зомбылық бойынша жыл сайын 100 мыңға жуық хабарлама түседі. Олардың барлығына қатысты қорғаныс ұйғарымдары беріліп, әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік шаралары қолданылады.
Елімізде Салтанат Нүкенованың қайғылы қазасынан кейін тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңнама қатаңдатылды. Дегенмен, құқық қорғаушылар мен дағдарыс орталықтарының өкілдері кейбір жағдайларда статистикалық көрсеткіштердің азаюы немесе көбеюі мәселенің жасырын қалуына немесе деректердің басқаша саралануына байланысты болуы мүмкін», – дейді заңгер.
БИШІМБАЕВ СИНДРОМЫ
Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес мәселесі жылдар бойы талқыланып келе жатқанымен, қоғамда бұл тақырыптың ушығуына белгілі бір резонансты оқиғалар ерекше түрткі болды.
«Бишімбаев синдромы» тіркесі қазіргі таңда қоғамдық, журналистік және әлеуметтік-психологиялық ортада метафора ретінде жиі қолданыла бастады. Оның астарында мынадай бірнеше маңызды әлеуметтік құбылыстар жатыр.
«Билік немесе байлық буына мастанған, қоғамда жоғары әлеуметтік мәртебеге ие адамдардың өздерін заңнан жоғары санауы және кез келген қатыгездік үшін жауапкершіліктен қашып құтыла аламын деген сенімсіздік немесе сенім.
Сырттай өте көзі ашық, білімді, мәдениетті болып көрінгенмен, отбасы ішінде манипулятор, тиран және агрессор болып келетін тұлғалық ерекшеліктер. Сондай-ақ құрбанды кінәлі санау стратегиясы. Сот процесі кезінде қоғамда немесе қорғау тарапынан марқұмның өзін кінәлі етіп көрсетуге тырысатын әрекеттердің көрініс табуы. Қазақстандағы Салтанат Нүкенованың қасіретті өлімі мен оған қатысты ашық өткен сот процесі әлемдік БАҚ-тың назарын аударып, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың осындай сипаты мен жүйелік олқылықтарын халықаралық деңгейде талқылауға түрткі болды. Сондықтан бұл ұғым ғылыми терминнен гөрі, билік мен менмендіктің салдарынан туындайтын тұрмыстық агрессияның символы ретінде айтылады», – дейді әлеуметтанушы Мәдина Толықбаева.
Елімізде Мәжілістің жалпы отырмысында әйелдер мен балалар қауіпсіздігін арттыруға арналған маңызды екі заң қабылданды. Олар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы мен «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы.
Отбасын қолдау орталықтарының жұмысын күшейтуге бағытталған оң өзгеріс 16 жасқа толмаған балалар мен жасөспірімдерге сексуалдық сипатта тиіскендерге жазаны қатаңдатуды да қамтып отыр.
Мұнда денсаулыққа зиян келтіргені үшін қылмыстық жауапкершілікті арттыру да көзделіп отыр. Алайда сарапшылар бұл заңдардың қабылдануына «Бишімбаев оқиғасы» ерекше түрткі болғанын айтады.
Физикалық зорлық қылмыс санатына жатқанымен, эмоциялық, қаржылық және психологиялық қысымдар әлі де толыққанды заңды шешімін таппаған. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлық пен жергілікті жерлердегі шенділердің ықпалы әділдікке жетуге кедергі келтіріп отыр.
Қазақстанда тұрмыстық қатігездік салдарынан орын алған қайғылы оқиғалар қоғамды дүр сілкіндіруде.
Салтанат Нүкенова – елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңды күшейтуге және қоғамдық сананы өзгертуге тікелей әсер еткен ең резонансты істердің бірі. Оның қазасынан кейін Қазақстанда әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жаңа заңдар қабылданды.
Абай облысында асқан қатыгездікпен өлтірілген 20 жастағы қыздың өлімі қоғамда қайтадан әйелдер қауіпсіздігі мәселесін көтерді.
Өзін жар етпек болған азамттың қолынан аяусыз қорлық көрген 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өлімі қабырғаны қайыстырды.
2026 жылы шілдеде Алматы облысында күйеуінен аяусыз соққы көріп, қолы сынғаннан кейін психологиялық және физикалық төзбе жағдайда өзіне қол жұмсып қайтыс болған екі жасар егіздің анасы Гүлмира Мырзақұл қазасы көптің есінде. Бұл оқиға тұрмыстық агрессияның ауыр зардаптарын қайта көтерді.
Орал қаласында бұрынғы күйеуінің қолынан аса қатігездікпен өлтірілген жергілікті тұрғын Айнагүл Хайруллина өлімі үшін 15 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындау сол кезеңде қоғамда тұрмыстық зорлыққа қатысты жазаны қатаңдату талаптарын күшейткен резонансты оқиғалардың бірі ретінде есте қалды.
Алматы қаласында асқан қатігездікпен өлтірілген 19 жастағы жас дизайнер, Сән және дизайн академиясынын студенті Аяжан Еділованың қайғылы оқиғасы адам қауіпсіздігі, әсіресе әйелдер мен жастарға қарсы жасалатын қылмыстардың қатігездігі мен олардың алдын алу мәселелерін өткір талқыға салған басты оқиғалардың бірі болды.
27 жасқа толған үш баланың анасы Ажар Шәдиева өз туған күнін атап өтіп жатқан кезде күйеуінің қолынан қаза тапса, меркілік Мәдина Рашидқызы туған күнін тойлауға дайындалып жүргенінде «дарға асылды».
Бұл тұрмыстық жанжалдар жауапкершілік пен әділдік іздеуге ұмтылдырды. Марқұмның туыстары мен жақындары бұл істе тек күйеуі ғана емес, сол маңда болып, тиісті шара қолданбаған немесе немқұрайлылық танытқан жауапты тұлғалардың да кінәсі бар екенін ашық айтуда.
ОТБАСЫ БОЛУҒА КӨП АДАМ ДАЙЫН ЕМЕС
Мәдинаның қасіреті Жамбыл облысы Меркі ауданындағы өлімі 2026 жылдың тамыз айында қоғамда үлкен сілкініс пен терең әлеуметтік алаңдаушылық тудырды. Бұл оқиға тек бір отбасының қасіреті емес, елдегі жүйелі проблемаларды айқындап берді.
«Отбасылық өмірге дайынсыздық және әлеуметтік осалдықты айқындады», – дейді психолог Әлия Телман.
«Бұл трагедияның түпкі тамырында жастардың отбасылық өмірдің жауапкершілігіне психологиялық және материалдық тұрғыдан мүлдем дайын еместігі жатыр.
Біріншіден, әлеуметтік тығырықтың салдары болуы бек мүмкін. Күйеуі де, марқұм қалыңдығы да жұмыс істемейтін жас отбасының тұрмыстық қиындықтарға тап болуы шиеленісті үдете түсуі ықтимал», – дейді.
Мәдина Рашидқызының құрсағында бала көтеріп жүргенін де ескеруіміз керек. Ауылдастарының бірі «Ол баланың психикасында өзгеріс бар шығар» дегенді айтты. Жаңа отбасына сіңісу де адамнан аз қажырды талап етпейтінін айтады психолог маман.
«Он айлық сәбиі бар және құрсағында шаранасы бар жас ананың материалдық қолдаусыз, тұрақсыз жағдайда қалуы оны қатты психологиялық өзгеріске алып келеді. Марқұмның қайғылы оқиға алдында пәтер іздеп, құрбысынан 15 мың теңге қарыз сұрауы –әйелдердің экономикалық тәуелсіздігі мен әлеуметтік қорғалмағанының айқын дәлелі».
Қоғамдағы үрейдің шегі марқұмның қайтыс болар алдында баланың «Барни» тәттісін жегені үшін күйеуінен аяусыз таяқ жегені туралы ақпарат тарағаннан кейін басталды.
Әлеуметтік желілерде жас қыздар арасында «Майда нәрсе үшін ұрмайтын жігітке тұрмысқа шығыңдар» деген үрей аралас үндеулердің тарауы – қоғамда отбасы институтына деген сенімнің күрт төмендегенін көрсетеді.
«Мұндай қатыгездік жас буында отбасын құруға деген қорқыныш – неофобия ұялатып отыр. Өз басым жиырамға толмаған қызды тұрмысқа беруге қарсымын. Жайт қазақ қыздарының қаржылық сауаттылығы болуын, «қаупісіздік жастығы» болуы керектігін ұғындырды. Қыздарға айтарым, дамыңдар, ақша табуды үйреніп, қаржылық тәуелсіз болыңдар!», – дейді Айлин Қанапия.
«Қазақтың дәстүрлі отбасылық инситуттары өз дұмысын тоқтатқан. «Қызды қырық үйден тыю» деген бастырып, тұмшалау емес, ары, жағдайынына ортақтаса отырып жауапты болуды білдіреді. Жеңге – ақылшы, қызды тәрбиелеуші. Аға, жезде, іні – қамқор, мейірбан. Қазір көршіден не жақсылық күтесің, өз жақының жаны ашымағанда», – дейді педагогика ғылымдарының магистрі Бекарыс Нұрбек. «Тағы бір ескерерлігі, енелер институты мен қайын жұрттың жауапкершілігін қайта жандандыру керек. Жазбаларда ауылдастары өздерінің тұрғылықты жері туралы жаман пікір қалмауға мүдделілігін байқатып отыр. «Алыстағы ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» деген ұлттық бүгінгі ұрпақтары отбасы жарастыңына неге жаршы болмады екен? Қазақ жігіттері үшін ар, намыс деген ұғым басты ұстаным болып еді, бұл жағдайлар намысқа сын, ұтқа сызат салды», – дейді Бекарыс.
Қоғамдағы «ұят болады», «ел не дейді», «ажырасқан деген атқа қалма» деген ескірген таптаурындар жас келіншектердің төркініне дер кезінде қайтып баруына немесе құқық қор органдарына жүгінуіне үлкен кедергі келтіруге түрткі болуы мүмкін.
Оқиғадан кейін кейбір ауыл тұрғындарының: «Еркек болған соң ұрады ғой» немесе «отбасылық іске араласпаймыз» деген мазмұндағы бейжай пікірлері қоғамның үлкен дерті екенін көрсетті. Тұрмыстық қылмыстарға көз жұма қарау – зорлық-зомбылықтың асқынуына жол ашатын басты қауіп емес пе?
«Басқа ортаға үйрену кім-кімге де оңай емес. Бірақ «барлығына ене кінәлі» деген сыңаржақ пікірге қарсымын. Небір жақсы енелерді көріп жүрміз. Келіні керіліп, не ененің, не күйеуінің жағдайын жасамайды не баласын бақпайды. Сондай да «тәйт» дейтін шығар. Ешқандай ене біреудің баласын өлтір, не өлуіне себепкер бол демейді», – дейді Хадиша Аманбайқызы.
«Бұл жағдайларда аналарымыздың да, қарындастарымыздың да қатесі жоқ. Ерлер дұрыс болуы керек. Ол екі ортадағы дәнекер жан. Келіншегінің тілін, анасының бабын табу табысты тау-тау етіп үюден де маңызы. Бұдан да әлеуметтік жағдай қиын кезде шыңырақтар шайқалмады ғой. Отбасына – көш, дұшпанға – сес, анасы мен жарына – ес болмаса, азаматтығымызға сын емес пе?» – дейді Бауыржан Қорған.
ҚАУІПСІЗДІК ЖӘНЕ ҚОРҒАНУ ЖОЛДАРЫ
Фемицид кенеттен болмайды, көбінесе ол ұзақ уақытқа созылған психологиялық, физикалық немесе цифрлық бақылау мен зорлық-зомбылықтың шарықтау шегі болып табылады. Одан қорғану үшін мына шаралар маңызды.
Ерте араласу және хабарлау: Зорлық-зомбылықтың алғашқы белгілері психологиялық қысым, бақылау, қорқыту басталғанда-ақ құқық қорғау органдарына немесе сенім телефондарына жүгіну. Дағдарыс орталықтары: Елімізде және әлемде жәбірленушілерге уақытша баспана, психологиялық және заңгерлік көмек көрсететін мамандандырылған дағдарыс орталықтары жұмыс істейді.
Соңғы жылдары Қазақстанда және басқа да мемлекеттерде әйелдер мен балаларға қарсы қылмыстар үшін жауапкершілік күшейтіліп, қорғау предписаеиелері мен қатаң талаптар енгізілуде.
Жамбыл облысының Полиция департаментінің мәліметінше, Мадина Рашидқызының қайтыс болу дерегі бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары басталды. Қазіргі таңда құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын, соның ішінде марқұмның күйеуі тарапынан күш қолданылғаны туралы мәліметтерді және отбасындағы жанжалдардың осы қайғылы жағдайға қатысы бар-жоғын жан-жақты тексеріп жатыр.
Осыдан бір жыл бұрын жұмыс барысында қаза тапқан Ұлдана Мырзуанның мүлкіне қатысты даудың нүктесі әлі қойылған жоқ. «Жігітімнің анасынан қысым көрдім» деп жазба қалдырған Алматы облысындағы 17 жасар мектеп түлегінің өмірімен қоштастуы жасар тұрмысқа құрудан қорқатынын анықтатты.
Әлеуметтік желіде «Тұрмысқа құрбан болғанша, өзіңе жағдай жаса», «Ыңғайлы әйел болма!», «Қонақ күткім келмейді», «Ене – есір ме, келін кесір ме?» деген үндеулер бой көтерді. Оқиғалар жастардың отбасылық өмірге бейімделмеуі, әлеуметтік көмектің жетіспеушілігі және қоғамдағы жүйелі бейжайлық қайғылы жағдайларға соқтыратынын тағы да дәлелдеді. Мұндай қасіреттердің алдын алу үшін тек заңды қатаңдатып қана қоймай, жастарға отбасылық психология мен жауапкершілікті ерте жастан үйретіп, зорлыққа қарсы бірлескен мүлдем төзбеушілік атмосферасын қалыптастыру аса маңызды.
Қарындасты құрбан қылмақ тұрмақ, қазақ уақытша қонақ болып тұратын қызғалдақты да мезгілсіз үзбеуші еді. Сонда Салтанат жайы сабақ болмағаны ма?..
Дайындаған Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
25 тамыз 2026 ж. 34 0

Қазақтың келіндері

25 тамыз 2026 ж. 69

Алданазар бидің шешімі

25 тамыз 2026 ж. 66

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31