Энергетика министрлігі қазақстандықтардың бензинге қатысты шағымын тексереді
Pixabay.comЭнергетика министрі Ерлан Ақкенженов қазақстандық автокөлік жүргізушілерінің АИ-95 және АИ-98 бензинін құйғаннан кейін көліктерінде ақау пайда болғаны туралы жаппай шағымданып жатқанынан ведомство хабардар екенін айтты. Оның сөзінше, қазір жанармай сапасына қатысты мәселе зерттеліп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
Үкімет отырысынан кейінгі брифингте журналистер энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтен Алматы, Астана және Павлодар қалаларында жоғары октанды бензин құйғаннан кейін көліктері бұзылғаны туралы әлеуметтік желілердегі шағымдар туралы сұрады.
– Қазір бұл тақырып әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр. Әрине, министр ретінде де, жалпы Энергетика министрлігі ретінде де бұл мәселе бізге белгілі, – деді Ақкенженов.
Көлік иелері не істеуі керек?
Министр ведомствоның Павлодар мұнайхимия зауытына қатысты тексеруді бастап кеткенін айтты. Вице-министр бастаған комиссия өндірілген жанармайдан сынама алып жатыр. Сонымен қатар жанармай құю бекеттерінің өзі де тексеріледі.
– Мүмкін, мотор отынын өндіру кезінде ақау кеткен шығар деп қазір болжап отырмын. Жанармай құю бекеттерінің желілері мұнай өңдеу зауытына сілтейді. Ал мұнай өңдеу зауыты бұл мәселе жанармай құю желілерінен болуы мүмкін дейді. Барлығын анықтап, жақын арада осы мәселеге нүкте қоямыз, – деп уәде берді министр.
Автокөлік жүргізушілеріне ол сәл сабыр сақтауды ұсынды. Себебі жақын арада жанармай құю бекеттеріне, атап айтқанда, Атырау мұнай өңдеу зауытынан жаңа бензин партиясы жеткізілмек.












