Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жердің жайын, еңбектің парқын білген

Жердің жайын, еңбектің парқын білген

Туған жердің түтінін түзу түсіріп, қасиетті топырағының берекесін арттыру – әрбір саналы азаматтың парызы. Сыр өңірінің өсіп-өркендеуіне ерен еңбегімен сүбелі үлес қосқан, ғұмырын адал кәсіпке арнаған сондай біртуар перзенттердің есімі ел жадында әрқашан жаңғырып тұрады.
Ол ісімен елге сыйлы болды. Еңбек ер атандырған азамат 1936 жылы 22 қарашада Қазалы ауданы, 16-ауыл советіне қарасты Ленин колхозындағы өнегелі отбасында өмір есігін ашты.
Қайберен Дауылбаев 1943 жылы В.И.Ленин атындағы мектептің табалдырығын аттайды. Тумысынан ерекше ақылды, алғыр, зерек бала барлық пәнді ынтамен жетік меңгереді. Ұстаздар тапсырмасын көңілден шығатындай әркез тиянақты орындайды. Аз уақытта өзі тектес оқушылардың ортасында «Озат бала» атанады. Жеті жыл білім алып, 1951 жылы мектепті тәмамдайды.
Тұла бойында жастық оты жалындағап, ақыл-ойы, қуат-күші алынбаған Қайберен 1951-1954 жылдар аралығында Қазалы қаласындағы кәсіптік-техникалық училищесін тракторист-механизатор мамандығы бойынша қатарының алды болып, үздік бітіріп шығады. Жұмыс десе жасынан екіленіп тұратын жас еңбек жолын 1955 жылы Ленин атындағы колхозда механизатор болып бастайды. Осылайша училище қабырғасында алынған теориялық білім кіндік қаны тамған Ленин атындағы колхозда практика жүзінде жарасымды жалғасын табады.
Азаматқа отбасын құрып, бала сүю, ұрпақ тәрбиелеу – өмір заңы, абыройлы міндет. Адам ұрпағымен ұлықты, көбеюімен көркейеді. Аталмыш қағиданы терең ұғынған ол 1956 Балқия атты бойжеткенмен көңіл жарастырып, шаңыарғына келін етеді.
Сындарлы сәттер – қауырт қиындық, шаттыққа толы қызықта да жанынан табылған жұбайы еңбекқор жанға әрдайым көмекші бола біледі. Жарасты жұптар бір-бірінен қолдауын аянбайды. Түздегі ерін жоқтатпай, тұрмыстық жауапкершілікті бірге еңсерген Балқия тек ерінің еңбек саласында жұлдызы биіктен жарқырай беруіне мүдделес болады.
Темірден түйген кейіпкеріміз 1961 жылға дейін жоғарыда аталған колхозда «Озат механизатор» атағын ешкімге бермей, ерінбей түн қатып, іс қылып, алдыңғы шепте жасындай жарқылдап, көпшілікке үлгі бола білді.
1961 жылы КПСС ХХІІ сьезі атындағы совхоз құрылады. Жағымды жаңалықтарға жаны жақын Қайберен Дауылбаев осы совхозға қоныс аударады. Өзінің сүйікті мамандығы – мәртебелі механизаторлық қызметті жаңылмай жалғастырады. Еңбекшіл азамат мұнда да абырой биігінен көрінеді. Жұмысы жоғары бағаланып, 1970 жылы «В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толуына орай» және В.И.Ленин атындағы Құрмет грамотасымен марапатталады.
Одақ бойынша мақтаулылардың мақтаулысына тиетін марапатқа ие болса да тумысынан қарапайым Қайберен жеткен жетістігіне тоқмейілсімей, ізденіспен алға ұмтыла береді. Араға үш жыл салып, 1973 жылы 12 желтоқсанда «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері атанады.
Қайберен Дауылбаев салмағы механизаторлық жауапты жұмысты жиырма бір жыл мүлтіксіз атқарады. 1976 жылы кенеттен денсаулығы сыр беріп, өз еркімен күрішшілік жұмысқа ауысады. Қайберен мұнда да абыройдан кенде болмайды. 1979 жылы еңбекқорлылығы, іске жауапкершілігінің арқасында звено жетекшісі атанады. Қарамағындағы төрт күрішшімен 220 гектардың әр гектарынан 60 центнерден өнім алып, «айды аспанға бір-ақ шығарады». Сол жылы қараша айында ерен еңбегі жоғары бағаланып, екінші рет «Еңбек Қызыл ту» орденімен марапатталады.
Жасаған жақсылық, төккен тер ешқашан текке кетіп, ескерусіз қалмайды. Соның бір белгісі, дала емген Дауылбаев 1980 жылы қараша айында Кеңес дәуірінде Сыр бойында күріштен рекордтық өнім алған озат диқандарға берілетін «Ыбырай Жақаевтың еңбек аттестатын» алады. 1984 жылы «Октябрь Революциясы» орденімен марапатталады.
Қайберен ертеден кешке дейін қайнаған жұмыстың ортасында жүрсе де, жан-жағындағы адамдардың әлеуметтік жағдайлары оның назарынан тыс қалмайды. Әрқашан жетпегенді жетістіріп, толмағанды толтырып жүреді.
1978-1987 жылдары Көларық ауылдық округінде депутат болып сайланады. 1986 жылдың мамыр айынан бастап, бейнеттің берекесін көріп, мәртебелі зейнеткерлікке шығады.
Басшылық Қ.Дауылбаевтың асқан абыройы, жарқын жұмысына жоғары баға беріп отырды. Әріптестері мен ауылдастары да оны асыл қасиеттері үшін құрмет тұтады.
Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, зайыбы Балқия екеуі ұлды ұяға, қызды қияға қондырды.
Қ.Дауылбаев 1992 жылы 5 маусымда бұл дүниемен қоштасады.
Қайбереннің жүрген жолы, адамгершілігі дүйім жұртшылыққа өнеге болып қала бермек.
Бақытбек БАЙМАХАНОВ
22 тамыз 2026 ж. 23 0

Қойнауы құт Қызылқұм

22 тамыз 2026 ж. 22

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31