Жұмбағы мол Жанкент
Сырдың төменгі ағысында орналасқан Жанкент – сан ғасырлық тарихтың үнін сақтаған көне шаһар. Тарихи деректерде Янгикент, әл-Карьят әл-Хадиса, Дих-и-нау атауларымен кездесетін қала өз дәуірінде өңірдің саяси әрі экономикалық орталығы болған.Көне шаһардың тарихын түгендеген археологиялық зерттеулер 2005 жылы басталды. Содан бері Жанкенттен табылған әрбір жәдігер қаланың өткені туралы тың дерек ұсынып, оның қалыптасуы мен даму кезеңдерін жаңаша зерделеуге жол ашты.
Бүгінде бұл ғылыми ізденіс жалғасып келеді. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті шетелдік зерттеу университеттерімен бірлесіп, Жанкенттің археологиялық мұрасын зерттеуде. Археологтер үшін әрбір қазба – өткеннің көмескі ізін айқындап, көне шаһардың жаңа бір құпиясын ашуға мүмкіндік. Жиырма жылға жуық уақыт бойы жүргізілген зерттеу Жанкенттің тарихын тереңдете түскенімен, көне қала қойнауында әлі ашылмаған талай сыр бар.
Сейсенбі күні біз де көне қаладағы археологтардың жұмысына куә болу үшін Жанкентке жол тарттық. Алдын ала жоспарланған бұл сапар бізді қызықты жаңалықтарға қанықтырды. Қазба алаңына келген бетте зерттеу тобының жұмысына назар аудардық. Зерттеу тобы Мәскеудегі Ұлттық зерттеу университеті – Жоғары экономика мектебінің «Археологиялық зерттеулер» магистрлік бағдарламасында білім алып жүрген студенттер мен еріктілерден құралған.
Зерттеушілердің айтуынша, биылғы археологиялық маусым 29 шілдеде басталып, тамыз айының соңына дейін жалғаспақ. Бүгінде олар «цитадель» деп аталатын аумақта жұмыс жүргізуде.
– Өткен жылы мұнда екі бөлме аршылып зерттелген болатын. Олардың бірінен ошақ, сондай-ақ қабырғалардың бойында сақталған ерекше Г тәрізді құрылымдар табылды. Бұл олжалар тұрғын үйдің жоспарлануы мен оның пайдаланылу ерекшеліктері туралы құнды мәлімет береді, – дейді зерттеу тобының жетекшісі Юлия Солод.
Өткен жылғы зерттеулерден кейін ғалымдар биыл цитадельдің аула бөлігіне ден қойған. Қазба жұмыстары барысында тұрмыстық қалдықтар мен түрлі археологиялық материалдарға бай мәдени қабаттар анықталған. Бұл қабаттар Жанкент тұрғындарының күнделікті өмірінен хабар беретін көптеген заттай деректерді бойына жинақтап жатыр. Қазба орнынан қыш ыдыстардың сынықтары ғана емес, бүтін күйінде сақталған ыдыстар да табылған. Бұған қоса жануарлардың сүйектері, қола мен темірден жасалған бұйымдар, шыны заттар, моншақтар және өзге де ұсақ жәдігерлер археологтардың қолына түскен. Әр олжаның өзіндік тарихы бар. Оның үстіне табылған материалдардың әртүрлі тарихи кезеңдерге тиесілі болуы Жанкенттің ұзақ уақыт бойы тіршілік қайнаған мекен болғанын аңғартады.Алайда археологиялық олжаның табылуы – зерттеудің соңғы нүктесі емес, керісінше, жаңа ізденістің бастауы. Қазір табылған бұйымдардың барлығының нақты қызметі мен қандай мақсатта пайдаланылғанын бірден анықтау мүмкін емес дейді зерттеушілер.
– Себебі олардың басым бөлігі арнайы реставрациялық жұмыстардан өтеді. Осы үдеріс барысында жәдігерлердің бастапқы пішіні қалпына келтіріліп, сақталу деңгейі сараланады. Тек содан кейін ғана олардың түрі, жасалу ерекшелігі, атқарған қызметі мен тарихи маңызы жөнінде нақты ғылыми тұжырым жасауға мүмкіндік туады, – дейді Юлия Солод.
Жанкенттің әрбір қазба қабаты осылайша жаңа дерек ұсынып жатқанда, биылғы зерттеу жұмыстары тағы бір ерекше олжамен толықты. Археологтар көне қаланың дәл цитадель аумағынан жаңбыр суы мен жуынғаннан кейінгі сарқынды суды сыртқа шығаруға арналған кәріз құдығын анықтады. Бұл жаңалықтың маңызы айрықша. Мамандардың айтуынша, мұндай нысан оңтүстік өңір археологиясында алғаш рет кездесіп отыр. Яғни Жанкенттен табылған кәріз құдығы көне тұрғындардың тек қарапайым тұрмыс кешкенін ғана емес, қала кеңістігін ұйымдастыруға, суды басқаруға және тазалықты сақтауға ерекше мән бергенін көрсетеді. Осы бір қарапайым көрінген құрылыс қалдығының өзі Жанкент туралы түсінігімізді кеңейте түседі. Демек, Сыр бойындағы көне шаһар тек тарихы терең, мәдениеті бай мекен ғана емес, өз дәуірі үшін инженерлік жүйесі қалыптасқан, қала құрылысы мен тұрмыс мәдениеті дамыған өркениетті орталық болғанын көрсетіп отыр.
Жанкенттің әрбір қазба қабаты осылайша жаңа дерек ұсынып жатқанда, биылғы зерттеу жұмыстары тағы бір ерекше олжамен толықты. Археологтар көне қаланың дәл цитадель аумағынан жаңбыр суы мен жуынғаннан кейінгі сарқынды суды сыртқа шығаруға арналған кәріз құдығын анықтады. Бұл жаңалықтың маңызы айрықша. Мамандардың айтуынша, мұндай нысан оңтүстік өңір археологиясында алғаш рет кездесіп отыр. Яғни Жанкенттен табылған кәріз құдығы көне тұрғындардың тек қарапайым тұрмыс кешкенін ғана емес, қала кеңістігін ұйымдастыруға, суды басқаруға және тазалықты сақтауға ерекше мән бергенін көрсетеді. Осы бір қарапайым көрінген құрылыс қалдығының өзі Жанкент туралы түсінігімізді кеңейте түседі. Демек, Сыр бойындағы көне шаһар тек тарихы терең, мәдениеті бай мекен ғана емес, өз дәуірі үшін инженерлік жүйесі қалыптасқан, қала құрылысы мен тұрмыс мәдениеті дамыған өркениетті орталық болғанын көрсетіп отыр.Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті Археология және этнография ғылыми орталығының бас ғылыми қызметкері, PhD докторы Сейдалы Біләловтің айтуынша, 2005 жылы басталған Жанкент қалашығындағы археологиялық зерттеу жұмыстары бірнеше маусым бойы үздіксіз жүргізіліп келеді. Бүгінге дейін мұнда 21 қазба маусымы өтіп, биылғы археологиялық жұмыстардың аяқталуына екі апта қалған.
Зерттеушілер Жанкенттің Қазақстан аумағындағы ең терең әрі жан-жақты зерттелген археологиялық ескерткіштердің бірі екенін айтады. Бүгінде қалашық бойынша 250-ден астам түрлі ғылыми сараптама жасалған.
Жанкенттің тарихына қатысты зерттеулер қаланың қалыптасу кезеңіне байланысты маңызды деректерді алға тартып отыр. Ғалымдар оның бұл аумақта VI ғасырдың соңынан бері белгілі болғанын жоққа шығармайды. Алайда дәл сол кезеңде Жанкенттің қала ретінде қалыптасып үлгерген-үлгермегені әзірге толық анықталған жоқ. Ал VIII ғасырдан бастап X ғасырдың соңына дейінгі аралықта бұл жерде қалалық тіршіліктің болғанын дәлелдейтін деректер жеткілікті.
Сейдалы Біләловтің айтуынша, Жанкентті зерттеудің алғашқы кезеңінде классикалық археологиялық әдістерге басымдық берілген.
«Бұған қол жеткізген басты әдісіміз – 2005 жылдан 2010 жылға дейін кәдімгі классикалық үлгідегі қазба жұмыстарын жүргізу болды. Салыстырмалы әдістер қолданылды. Мәселен, керамиканы басқа қалалардың ескерткіштерімен салыстырдық. Қазба барысында табылған материалдарды, ашылған үйлердің орындарын және құрылыс материалдарын өзара салыстыру арқылы зерттеу жүргіздік», – дейді ол.
2011 жылдан бастап Жанкентті зерттеу жұмыстары жаңа кезеңге өтті. Сол жылы ғылыми жобаларды қолдайтын халықаралық қордың көмегімен ауқымды зерттеу жобасы қолға алынып, ескерткішті пәнаралық бағытта зерттеуге мүмкіндік туды. Яғни археологиялық қазбалармен қатар биология, химия, физика, геофизика және басқа да жаратылыстану ғылымдарының әдістері қолданыла бастады.
«Сол жобаның арқасында ескерткішті алғашқы пәнаралық, яғни биология, химия, физика, геофизика және тағы да басқа жаратылыстану ғылымдарының көмегіне сүйене отырып зерттей бастадық. Содан бастап Жанкент ескерткішінің VIII-IX ғасырлардан бастап тіршілік ете бастағанын көре бастадық», – дейді Сейдалы Біләлов.
Бұл зерттеулер кейін ғылыми ортадағы қызығушылықты одан әрі арттырған. 2012-2014 жылдары Қазақстан Республикасы Ғылым және білім министрлігіне қарасты Ғылым комитетінен екі ғылыми жоба жеңіп алынып, оларды Қорқыт ата университетінің ғалымдары жүзеге асырған.Ал 2018 жылы Германияның DFG ғылыми жобаларды қолдау қорының қаржыландыруымен тағы бір ірі жоба қолға алынған. Бес жылға жуық уақытқа созылған бұл зерттеу барысында Жанкент ескерткішінен 250-ге жуық даталау алынған. Осылайша қалашықтың тарихи кезеңдерін нақтылауға мүмкіндік беретін ауқымды ғылыми база қалыптасты.
Зерттеу барысында түрлі ғылым салаларының мамандары да бірлесіп жұмыс істеген. Археозоологтар қазба кезінде табылған жануар сүйектерін зерттеп, сол дәуірде қандай жануарлар өсірілгенін, олардың тұқымын, қандай жаста сойылғанын, қандай тәсілмен сойылғанын және қандай мал аурулары болғанын анықтаған. Ал топырақтанушы ғалымдар Жанкент аумағындағы ежелгі тіршіліктің іздерін зерттеген. Адамдар мен жануарлар өмір сүрген ортада түрлі бактериялар мен саңырауқұлақтар тіршілік етеді. Олар өз тіршілігін тоқтатқаннан кейін топырақта белгілі бір із қалдырады. Осы іздерді зерттеу арқылы қалашықтағы табиғи орта мен ежелгі тіршіліктің ерекшеліктерін анықтауға мүмкіндік туған.
Геофизикалық зерттеулер де Жанкенттің аумағын тұтас қамтыған. Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры Игорь Модиннің жетекшілігімен жүргізілген тереңдік геофизикасы әдістері арқылы жер қойнауы зерттелді. Электротомография, радиотомография секілді әдістер қолданылып, Жанкент қалашығының толық аумағы зерттеуден өткен. Сонымен қатар түрлі топографиялық және геофизикалық өлшеулер жүргізіліп, ескерткіштің жер астындағы құрылымы қазба жұмыстарынсыз-ақ зерделенді.
«Классикалық кәдімгі қазба жұмыстарымен қатар, осы зерттеулердің негізінде Жанкенттің қала болғаны анықталды. Мұнда мал шаруашылығы жоғары деңгейде дамығанын аңғардық. Соның ішінде табылған жануар сүйектерінің 80-90 пайызы ұсақ мал – қой мен ешкіге тиесілі», – дейді Сейдалы Біләлов.
Зерттеулердің тағы бір маңызды нәтижесі – Жанкент тұрғындарының түйе шаруашылығын да жоғары деңгейде дамытқаны. Бұған дейін қос өркешті және бір өркешті түйелерді будандастыру арқылы суыққа да, ыстыққа да төзімді ерекше тұқымның қалыптасуы Түркіменстан мен Иран аумағымен байланысты қарастырылып келген. Алайда Жанкенттен табылған түйе сүйектерін зерттеу бұл түсінікті кеңейте түсті. Зерттеушілер Аралдың шығыс бөлігінен Қарақұмға дейінгі кеңістікте адамдар Моңғолияға тән қос өркешті түйе мен Таяу Шығыста таралған бір өркешті түйені будандастырып, табиғи жағдайға төзімді жаңа түр шығарған болуы мүмкін деген тұжырымға келіп отыр.
Археологиялық қазбалардың өзі Жанкенттегі қалалық өмірдің ауқымын аңғартады. Бір ғана қазба барысында 80-ге жуық бөлменің орны ашылған. Зерттеушілер олардың шамамен 35-40 тұрғын үйге тиесілі екенін анықтап отыр. Үйлердің бір-біріне пәтер тәрізді жақын орналасуы бұл жерде адамдардың уақытша емес, тұрақты мекен еткенін көрсетеді.
«Яғни бұл жерде тіршілік жазба деректердегідей қыстыгүні ғана қыстайтын орын емес, үнемі үздіксіз тіршілік ететін мекен болғанын, үлкен сауда орталығы, мемлекеттің орталығы болғандығы туралы деректерге қол жеткізіп отырмыз», – дейді Сейдалы Біләлов.
Жанкентті зерттеу жұмыстары тек археологтардың еңбегімен шектелмеген. Осы уақытқа дейін ескерткіш тақырыбында 50-ге жуық магистрант диссертациялық зерттеу жүргізген. Олардың арасында Қорқыт ата университетінің студенттерімен қатар Мәскеу мемлекеттік университетінде геофизика бағыты бойынша Жанкентті зерттеу нысаны ретінде таңдаған магистранттар да бар. Қорқыт ата университетінің 20-ға жуық магистранты Жанкенттің өзі және өңірде жүргізіліп жатқан археологиялық зерттеулер бойынша диссертацияларын қорғаған.
Ғылыми еңбектердің көлемі де жыл сайын артып келеді. Бүгінде Жанкент зерттеулеріне арналған екі докторлық диссертация қорғалған. 80-ге жуық ғылыми мақала жарық көрсе, олардың 10-нан астамы әлемде мойындалған рейтингі жоғары ғылыми журналдарда жарияланған. Сонымен қатар түрлі бағытта дайындалған 8 ұжымдық монография жарық көрген.

Германияның DFG қорының қаржыландыруымен жүргізілген зерттеулердің нәтижелері де алдағы уақытта оқырманға ірі ғылыми монография түрінде ұсынылмақ. Қазіргі таңда ғылыми еңбек баспаға тапсырылып, оның редакциялық және дизайнерлік жұмыстары ғана қалды. Монографияны тамыз айының соңынан бастап қыркүйек-қазан айларында жарыққа шығару жоспарланып отыр.
Жанкентті халықаралық ғылыми қауымдастықтың назарынан тыс қалдырмай, оның тарихын жаңа қырынан зерделеуге бағытталған жұмыстар мұнымен де тоқтамайды. Еуропа мен Еуразияның ерте ортағасырлық археологиясы бойынша маманданған, философия докторы, Тюбинген университетінің профессоры, белгілі неміс-британ археологы Генрих Харке мен Ливерпуль университетінің қауымдастырылған профессоры, Қытайдағы Сучжоу университетінің профессоры Мартин Гоффриллер Жанкент қалашығында жүргізіліп жатқан зерттеулерге тоқталып, алдағы уақытта да жүйелі ғылыми жұмыстардың жалғасатынын атап өтті. Жанкентті зерттеуге Генрих Харке ұзақ жылдан бері қатысып келеді. Ал халықаралық жоба аясындағы бірлескен зерттеулер көне қаланың тарихын жаңа әдіс-тәсілдер арқылы пайымдап, бұрын белгісіз болып келген қырларын ашуға кең мүмкіндік беріп отыр.
Қош. Жанкент топырағы әлі талай сырды бүгіп жатқаны анық. Ең бастысы, сол сырды сабырмен аршып, әр жәдігерді ғылыми тұрғыдан сөйлете білу. Бүгінде көне қаланың қойнауынан табылып жатқан әрбір жаңалық Сыр бойындағы өркениеттің тарихы тереңде жатқанын тағы бір мәрте дәлелдеп отыр. Ал сол терең тарихты жүйелі зерттеп, әлемдік ғылыми айналымға енгізу – бүгінгі зерттеушілердің еншісіндегі маңызды міндет.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ














