Жанкент-ұлы даланың өшпес шежіресі
Сыр өңірінің сан ғасырлық тарихын айшықтайтын қасиетті мекендердің бірі – Жанкент қалашығы. Қазалы ауданында орналасқан бұл көне шаһар бүгінгі күні республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші ретінде мемлекет қорғауына алынған. Бір кездері Оғыз мемлекетінің астанасы болған Жанкент – қазақ даласындағы өркениет пен мәдениеттің, сауда мен қолөнердің ірі орталығы ретінде тарихта ерекше орын алады.
Тарихи деректерде қала әртүрлі атаулармен кездеседі. Араб жазбаларында Карьят әл-Хадиса, әл-Мәдина әл-Жадида, парсы деректерінде Дих-и-Нау, ал түркі жазбаларында Янгикент деп аталған. Барлық атаулардың мағынасы бір – «Жаңа қала». Бұл атаулардың өзі шаһардың өз дәуіріндегі маңызын аңғартады.
Аумағы 15-16 гектарды алып жатқан Жанкент сол заманның ең ірі қалаларының бірі болған. Қалада егіншілік, сауда-саттық және қолөнер жоғары деңгейде дамыды. Қала төңірегіндегі суландыру жүйелері халықтың негізгі кәсібі егіншілік болғанын дәлелдейді. Ал Жент теңізі аталған Арал маңындағы тұз көздері арқылы тұрғындар Қытай, Иран, Үндістан елдерімен сауда байланысын орнатқан.
Жанкент Ұлы Жібек жолының бойындағы маңызды сауда орталығы ретінде танылды. Қытайдың жібегі, Үндістанның маталары мен жемістері, араб елдерінің құрмасы мен науаты осы шаһардың базарларында сатылды. Қаладағы төрт қақпа арқылы күн сайын керуендер кіріп-шығып, жұма күндері орталық базарда қызу сауда жүріп отырған. Бұл Жанкенттің тек өңірлік емес, халықаралық деңгейдегі экономикалық маңызын көрсетеді.
Қала қолөнер өндірісімен де әйгілі болды. Мұнда әсем кілемдер тоқылып, тұскиіздер жасалды, ат әбзелдері, садақтар мен жебелер, сауыт-саймандар өндірілді. Хан сарайлары бой көтеріп, қалалық мәдениет жоғары деңгейге жетті. Бұл – оғыз дәуіріндегі өркениеттің жарқын көрінісі.
Соңғы жылдардағы археологиялық зерттеулер Жанкент тарихының тереңде жатқанын дәлелдей түсті. Бұрын қаланың қалыптасуы ІХ-ХІ ғасырларға жатқызылса, жаңа ғылыми зерттеулер оның іргесі VІІ ғасырда қаланғанын көрсетіп отыр. Қазба жұмыстары барысында араб жазулары бар қыш құмыралар, күміс және мыс теңгелер, адам сүйектері мен тұрмыстық бұйымдар табылды. Сондай-ақ қаланың әр кезеңде төрт рет қайта жаңғыртылып отырғаны анықталды.
Жанкент жайлы халық арасында аңыздар да көп сақталған. Солардың бірі – Санжар хан мен Бегім сұлу туралы аңыз. Ел аузындағы әңгімелерде жазықсыз жапа шеккен Бегім сұлуға байланысты Қарабура әулиенің қарғысынан қаланы жыландар басып, тұрғындары қырылып, шаһар қаңырап қалғаны баяндалады. Бұл аңыз ғасырлар бойы халық жадында сақталып келеді.
ХІІІ ғасырда моңғол шапқыншылығы кезінде қала қатты зардап шекті. Кейін арада ұзақ уақыт өткен соң ғана тұрғындар қайта оралып, сауда мен қолөнерді жандандырды. XIV ғасырда Жанкент қайта гүлденіп, араб-мұсылман мәдениетінің маңызды орталықтарының біріне айналды. Алайда уақыт өте келе қала тағы да құлдырап, XV ғасырдан бастап өмір сүруін тоқтатты.
Бүгінде көне Жанкент – өткеннің үнсіз куәгері. Оның әрбір төбесі мен қабырғасы, әрбір қыш сынығы бізге ұлы тарихтың сырын шертеді. Ғасырлар қойнауынан жеткен бұл мұра – халқымыздың бай өркениетінің, мемлекеттілігінің және мәдениетінің айқын дәлелі.
Жанкент – жай ғана көне қала емес. Ол – ұлт тарихының алтын қазығы, бабалар өркениетінің жарқын белгісі, келер ұрпаққа аманатталған баға жетпес рухани қазына.















