Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Білім – ұлттың болашағына салынған ең мықты инвестиция

Білім – ұлттың болашағына салынған ең мықты инвестиция

«Жаһандану дәуірінде озық білімді игерген, жаңа технологияны меңгерген елдің ұпайы түгел болады. Бүгін саналы ұрпақ тәрбиелей алсақ, ертең заман көшінің басында жүреміз. Сондықтан осы саланы қолдау мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы болып қала береді», – деп мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, білім қашан да қоғамның қоғаушы күші. Елдің экономикалық әлеуеті де, адами капиталы да, мәдениеті мен азаматтық жауапкершілігі мектептен қалыптасады.
Қазалы ауданында білім беру саласында атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымы да осы жауапкершіліктің салмағын көрсетеді. Жаңа оқу жылына дайындық, мектептердің материалдық-техникалық базасын жаңарту, әлеуметтік тұрғыдан қолдауды қажет ететін балаларға жағдай жасау, дарынды оқушылар мен ұстаздарды қолдау – білім саласының күн тәртібіндегі маңызды мәселелер қатарында. Осы және өзге де мәселелер төңірегінде Қазалы аудандық білім бөлімінің басшысы Әділхан Жөлекешовпен тілшіміз тілдесті.

– Әділхан Оңдасынұлы, баланың жас ерекшелігіне сай негізгі дүниетанымы мен әлеуметтік бейімделуі жайлы айтылып жүр. Мектепке дейінгі білім беру сапасын арттыру – болашақ ұрпақтың академиялық әлеуеті, танымдық белсенділігін және қоғамдағы өмірлік икемділіктерін айқындайтын іргелі фактор. Ауданда мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту сапасын жетілдіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымы мен маңызы жайлы сөз етсеңіз...
–Мектепке дейінгі тәрбие – келешек ұрпақтың танымдық әлеуеті мен өмірлік икемділіктерін қалыптастыратын ең маңызды іргетас.
Бүгінгі таңда Қазалы ауданында бала тәрбиесінің алғашқы әрі ең жауапты баспалдағына айрықша мән берілуде. Бұл бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымы мен нақты нәтижелері көңіл қуантады.
Сандар мен көрсеткіштерді санамаласақ, аудандағы 51 мектепке дейінгі ұйымда 4970 бүлдіршін тәрбиеленуде. Оның ішінде 2-6 жас аралығындағы балалардың 94 проценті, ал 3-6 жас аралығындағы балалардың 100 проценті мектепке дейінгі біліммен толық қамтылған.
Инфрақұрылым құрылымына тоқталсақ, бұл жүйеде 19 мемлекеттік, 16 жекеменшік балабақша және 16 шағын орталық жемісті жұмыс істеп тұр.
Уақыт талабына сай ашықтық пен цифрландыру – негізгі ұстаным. Ата-аналардың жұмысын жеңілдетіп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою мақсатында балаларды кезекке қою үдерісі «SmartNation Balabaqsha» автоматтандырылған базасы арқылы жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда бұл жүйеде 847 бала кезекте тұр.
Мемлекет және жекеменшік әріптестігі жолға қойлыған. Жеке сектордың үлесі қазіргі таңда 27,5 процентті құрайды. Мәселен, 2025–2026 оқу жылында 174 орынға арналған екі жаңа жеке балабақша есігін ашып, тағы бір балабақша 20 қосымша орынға кеңейді.
Бұл өзгерістер, бір жағынан, ата-аналарға таңдау жасау мүмкіндігін арттырса, екінші жағынан, мектепке дейінгі білім беру инфрақұрылымын сапалы жаңа деңгейге көтеруге жол ашып отыр. Өңірдегі бұл жүйелі жұмыстар – адами капиталдың сапасын арттыруға салынған нақты инвестицияның айқын көрінісі.
– Жаңа оқу жылында оқушылар контингентінің артуы білім беру жүйесіне жаңа талаптар жүктейтіні сөзсіз. Аудан мектептердегі оқушылар санының өсуі білім сапасын арттыру бағытындағы жұмыстарға қалай әсер етуде?
– Әрбір санның артында нақты бала, отбасы, ұстаздың қажырлы еңбегі және тұтас бір ауданның болашағы тұр.
Иә, бұл бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымы жыл сайын артып келеді. Атап айтқанда, аудандағы 37 білім беру ұйымы 2025–2026 оқу жылын 16 701 оқушымен аяқтаса, алдағы жаңа оқу жылын 16 819 оқушымен бастау жоспарлануда. Оның ішінде білім мекемелеріне қадам басып, бірінші сыныпқа 1500-ден аса бала қабылдануда.
Контингенттің өсуі – білім беру инфрақұрылымына түсетін жүктеменің артқанын білдіреді, дегенмен біз үшін саннан бұрын сапа көрсеткіші әрдайым басты орында.
Жетістіктер мен ҰБТ қорытындылары да көңіл қуантарлық.
Өткен оқу жылында аудан мектептерін 1015 оқушы бітіріп шықты. Олардың 943-і яғни 93 проценті Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, өз білімдерін сынады.
Биылғы түлектердің орташа көрсеткіші 85,4 балды құрады. Салыстыру үшін айтсақ, бұл өткен жылғы 83 балдық нәтижемен салыстырғанда сапалық өсім бар екенін айқын көрсетеді.
Ең басты көрсеткіш – жастарымыздың жоғары оқу орнына қолжетімділігі. Тестілеуге қатысқан 943 түлектің 727-сі мемлекеттік грант конкурсына қатысуға мүмкіндік алып, нәтижесінде 531 түлек мемлекеттік грант иегері атанды. Бұл – жауапты сынды еңсерген түлектердің 73 пайызы мемлекеттің қолдауымен тегін білім алу бақытына ие болды деген сөз. Бұл жетістік – ұстаздар қауымының тынымсыз еңбегі мен ата-аналардың сенiмiнің, сондай-ақ аудандағы білім беру жүйесінің жүйелі дамып келе жатқанының нақты айғағы.
– Қай салаларға басымдық берілген?
– Түлектердің мамандық таңдауынан қоғамның бүгінгі сұранысын да көруге болады. Мемлекеттік грант иеленгендердің 183-і педагогикалық бағытты, 63-і медицинаны, 103-і техникалық мамандықтарды, 49-ы ауыл шаруашылығы саласын таңдаған. 133 түлек басқа бағыттарға түсті.
Бұл жерде педагогика саласына деген қызығушылықтың жоғары болуы қуантады. Өйткені мұғалім – кез келген мамандықтың негізін қалыптастыратын тұлға. Бүгінгі инженерді де, дәрігерді де, ғалымды да, кәсіпкерді де бір кездері ұстаз тәрбиелеген.
Ал техникалық және ауыл шаруашылығы бағыттарының таңдалуы ауданымыз үшін де маңызды. Қазалы – ауыл шаруашылығы, өндіріс, су шаруашылығы секілді салалармен тығыз байланысты өңір. Сондықтан жастардың еңбек нарығындағы нақты қажеттіліктерге сай мамандықтарды таңдауы – құптарлық үрдіс.
– Қазіргі жаһандану дәуірінде мұғалімнің кәсіби мәртебесіне қойылатын талаптар түбегейлі өзгере түсуде. Заман көшінің басында жүру үшін тек оқытып қана қоймай, үздіксіз дамуға ұмтылатын, жаңашыл әдістемелерді меңгерген білікті кадрлар ауадай қажет. Қазалы педагогтері қауымының сапалық құрамы қандай?
– Аудандағы 37 мектепте 2468 педагог еңбек етеді. Оның 2413-і, яғни 98 проценті жоғары білімді. 122 педагогтің магистр дәрежесі бар.
Педагогтердің біліктілік санаттарына қарасақ, 6 педагог – «педагог-шебер», 544-і – «педагог-зерттеуші», 787-сі – «педагог-сарапшы», 772-сі – «педагог-модератор», 344-і – «педагог», 15-і тағылымдамашы.
Бұл көрсеткіштер ұстаздың кәсіби дамуына қойылатын талаптардың артып келе жатқанын аңғартады.
Қазіргі педагог бұрынғыдай тек оқулықтағы білімді жеткізуші болмауы керек. Ол – зерттеуші, бағыттаушы, психолог, цифрлық технологияны меңгерген маман. Оқушы ақпаратты интернеттен де таба алады. Ал мұғалімнің міндеті – сол ақпараттың ішінен дұрысын таңдап, оны талдауға, қолдануға және өмірлік дағдыға айналдыруға үйрету. Сондықтан педагогтің кәсіби біліктілігін арттыру – білім сапасын көтерудің негізгі шарттарының бірі.
– Саланың жауапты маманы ретінде соңғы жылдары елімізде қолға алынған ұстаз мәртебесі, мектеп инфрақұрылымы, балалардың әлеуметтік жағдайына қатысты көптеген өзгерістермен толықтай таныссыз. Сіз бұл өзгерістерді қалай бағалайсыз?
– Сұрағыңыз өте орынды. Ел көлемінде жыл санап білім саласын түбегейлі жаңғыртуға бағытталған ауқымды реформалар жүзеге асырылып жатқаны баршамызға мәлім. Бұл бағытта мемлекет тарапынан бөлініп жатқан қаржының артуы, мектеп инфрақұрылымын жаңарту, ұстаздардың кәсіби мәртебесін көтеру және балаларды әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіру жұмсытарының барлығы – білім сапасын сапалық жаңа деңгейге көтеруге бағытталған бетбұрыс.
Бүгінгі таңда мектепті тек «төрт қабырға» немесе дәстүрлі сабақ өтетін орын деп қарауға әлдеқашан болмайды. Ол – өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына, спортпен шұғылданып, ғылыми-техникалық бағытта ізденуіне жол ашатын нағыз инновациялық орта.
Тең мүмкіндіктер алаңы. Ең басты назарға алынып отырған мәселелердің бірі – ауыл мен қала мектептері арасындағы білім беру мүмкіндіктерін теңестіру. Қазіргі таңда ауылда өсіп жатқан бала да қаладағы құрдастары секілді сапалы білім алуға, республикалық және халықаралық олимпиадаларға қатысуға, ғылыми жобалар қорғауға және робототехника сынды заманауи бағыттарды еркін меңгеруге толық мүмкіндік алып отыр.
Қазалылық оқушылардың республикалық және халықаралық байқауларда қол жеткізіп жатқан толағай табыстары – осы жүйелі түрде жасалып жатқан жағдайлар мен өңірдегі білім беру саласының әлеуеті артып келе жатқанының нақты айғағы.
Бұл өзгерістер – ертеңгі күні еліміздің дамуына сүбелі үлес қосатын білімді, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу жолындағы мемлекеттік саясаттың өңірдегі жемісті көрінісі.
– Жаһандық бәсекеге қабілетті ел болу үшін тек жаппай оқытумен шектелмей, ұлттың интеллектуалды элитасын қалыптастыратын дарынды балалармен жүйелі жұмыс істеу аса маңызды.
Қазалы ауданының оқушыларының алған асуларына тоқталсақ...
– 2025-2026 оқу жылында дәстүрлі пәндік олимпиаданың республикалық кезеңіне ауданнан 6 оқушы қатысып, оның 4-еуі жүлделі орын алды. Ауыл мектептерінің пәндік олимпиадасының республикалық кезеңіне 12 оқушы қатысып, 10 оқушы жеңімпаз атанды.
Бұл – өте жақсы көрсеткіш.
Ауданымыздың мақтанышы – Ержігіт Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейдің 11-сынып оқушысы Әмірхан Нұртөренің жетістігін ерекше атап өткен жөн. Ол республикалық олимпиаданың қоғамдық-гуманитарлық бағытында Қазақстан тарихы пәнінен екінші дәрежелі диплом иеленіп, күміс медаль алды. Сонымен қатар «Үздік ауыл мектебінің оқушысы» атағына ие болды.
Ғылыми жоба бағытында да нәтижелер бар. Республикалық ғылыми жоба сайысына 4 оқушы қатысып, оның екеуі екінші орын, біреуі үшінші орынды қанжығалады.
Сондай-ақ технологиялық бағыттағы жетістіктеріміз де жақсы.
Алматы қаласында өткен Almaty Tech Cup XII халықаралық робототехника және инновациялық технологиялар чемпионатында Жанқожа батыр ауылындағы №94 «Келешек» мектебінің оқушысы Мұхаметали Мамайұлы Tiny Whoop, яғни микро дрон бағыты бойынша бірінші орын иеленіп, аудан абыройын асқақтатты.
Бұл – ауыл баласының мүмкіндігі шектеулі деген түсініктің ескіргенін көрсететін нақты мысал.
– Демек бүгінгі ауыл мектебінің әлеуеті туралы көзқарас өзгеруде...
– Әрине. Бүгінде ауыл мектебін тек ауылдық жердегі білім ошағы деп қарау дұрыс емес. Ол – ауылдың интеллектуалдық орталығы.
Ауыл мектебінде білім алған бала республикалық олимпиадада жеңіске жетіп, халықаралық жарыста ел намысын қорғай алады. Мұндай мысалдар көп болған сайын ауыл баласының өзіне деген сенімі де артады. Сондықтан біздің міндетіміз – баланың туған жеріне, мектебінің орналасқан жеріне байланысты мүмкіндігін шектемеу.
– Ал мұғалімдердің жетістіктері жайлы білсек...
– Педагогтердің жетістігі – оқушы жетістігінің негізі.
Мәселен, Қаныш Сәтбаев атындағы №216 орта мектептің математика пәнінің мұғалімі Бекзатхан Сахитжан «Дарынды балаларға – талантты ұстаз – 2026» республикалық байқауында бірінші орын иеленді.
№276 орта мектептің педагог-психологы Жүніс Балгүл «Үздік жыл психологы» республикалық конкурсында бірінші орынға қол жеткізді.
«Педагогикалық идеялар фестивалі-2026» республикалық байқауында №204 орта мектептің дефектологі Толқынай Елубайқызы екінші орын, №276 орта мектептің география пәні мұғалімі Гүлшахар Әймішова үшінші орын иеленді.
Ержігіт Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейдің музыка пәні мұғалімі, директордың тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары Гүлнар Аяпқа ел Президентінің Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалі табысталды. Бұл ұстаздың қырық жылға жуық еңбегіне берілген жоғары, лайықты баға деп білеміз.
Мұндай марапаттар жеке адамның жетістігі ғана емес, тұтас аудан ұстаздарының еңбегіне көрсетілген құрмет.
– Білім сапасы туралы сөз болғанда мектептің материалдық жағдайы да назардан тыс қалмайды. Жаңа оқу жылына мектептер қаншалықты дайын?
– Жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілуде. 2026 жылы Әйтеке би кентіндегі 6 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге 269,9 миллион теңге бөлінді. Аудандағы №70, №216, №165, №88, №95 және №100 мектептерде түрлі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Жанқожа батыр атындағы №70орта мектепте интернат пен оқу ғимараттарының есіктері ауыстырылып, кафель жабындары жаңартылуда. Спорт залына да жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Байжігіт Әбдіразақов атындағы №88 мектепте есіктерді ауыстыру, едендерді линолеуммен жабу және өрт дабыл қондырғысын жаңарту жұмыстары жүргізілуде.
Қалжан Нұрмаханов атындағы №95 мектепте жылу жүйесі мен батареялар толық ауыстырылса, №100 мектептің шатыры жаңартылып, суағар жүйесі орнатылуда. Сәкен Сейфуллин атындағы №165 мектепте ғимарат, спорт зал және асхана едендері жөнделсе, №216 мектепте оқу ғимаратының артқы қасбетін қаптау жұмыстары жүргізілуде. Қалған 31 мектепте тазалық және абаттандыру жұмыстары толық жүргізіліп, жаңа оқу жылына дайын.
Мұның барлығы – баланың қауіпсіз әрі жайлы ортада білім алуына жасалған жағдай.
– Оқулықпен қамтамасыз ету мәселесі қалай шешілуде?
– Білім сапасы тек озық технологиялар мен инновациялық әдістерге ғана емес, әрбір оқушының сапалы оқу ресурстарына толықтай және уақтылы қолжетімділігіне тікелей байланысты.
Жаңа оқу жылының сапалы басталуы көбінесе материалдық-техникалық базаның, соның ішінде оқулықтармен қамтамасыз етілу деңгейінің уақытылы шешілуіне тәуелді. Осы бағытта ауданда ауқымды жұмыстар атқарылуда.
2026–2027 оқу жылына білім беру ұйымдарын қажетті оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен толық қамтамасыз ету үшін тиісті қаржы қарастырылды. Нәтижесінде 8 жетекші баспамен тығыз жұмыс істеліп, жалпы саны 3766 дана оқулыққа ресми келісімшарттар жасалды.
Ата-аналар мен оқушылардың алаңсыз білім алуы үшін қажетті ресурстарды мектептерге 25 тамызға дейін толықтай жеткізіп, тарату жұмыстарын аяқтау қатаң түрде жоспарланған.
Бұл шаралар – жаңа оқу жылының қарсаңында өңірдегі әрбір оқушының заманауи талаптарға сай сапалы әдебиеттер және құралдармен қамтылуын қатаң бақылауда ұстап, білім беру үдерісінің үзіліссіз жүруін қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі қадам.
– Әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан балаларды қолдау қамы жайлы білсек...
– Білімнің қоғамдағы ең маңызды функцияларының бірі – әлеуметтік теңдікті қамтамасыз ету. Баланың отбасының материалдық жағдайы оның білім алу мүмкіндігіне кедергі болмауы керек.
Осы қағидат негізінде әлеуметтік осал отбасылардан шыққан 4931 оқушыға 2026-2027 оқу жылында «Жалпыға міндетті оқу қорынан» бір балаға 50 851 теңгеден бір реттік қаржы берілді. Жалпы бөлінген қаржы көлемі 250 миллион 746 мың 281 теңгені құрайды.
Сонымен қатар аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қолдау көрсету мақсатында «Мектепке жол» республикалық акциясы жүргізілуде.
Акция аясында 1100 оқушыны қамту жоспарланған. Қазіргі есепті мерзімде 657 балаға көмек көрсетілді.
Мұндай қолдау шараларының мәні өте терең. Себебі бала мектепке қажетті құрал-жабдықсыз немесе әлеуметтік қиындықтарға байланысты білімнен шет қалмауы керек.
– Білім беру саласының сапасы мектептің ішкі жағдайымен ғана емес, қауіпсіздікпен де байланысты. Жылу маусымына дайындық қалай жүріп жатыр?
– Аудандағы 61 мемлекеттік білім беру ұйымының жылу маусымына дайындығы жоспар бойынша жүргізілуде.
Олардың 31-і сұйық отынмен, 5-еуі қатты отынмен, 12-сі газбен, 8 білім беру ұйымы орталықтандырылған жылу жүйесімен жылытылады. Бір білім беру ұйымында пеш арқылы жылыту жүйесі бар.
Сұйық отын қолданылатын 23 мектеп пен 8 балабақшаға 2366 тонна 327 литр отын қажет. Бұл бағытта 733 миллион 561,4 мың теңгеге екі мердігермен келісімшарт жасалған. Қазіргі таңда білім беру ұйымдарының қоймаларында сыйымдылығына сәйкес 200 тонна сұйық отын жеткен.
Қатты отын қолданылатын 3 мектеп пен 2 балабақшаға қажетті 1441,3 тонна отынға қаржы бөлінді.
Орталықтандырылған жылу жүйесі мен газ отынына бейімделген ұйымдардың да қажетті қаржысы толық шешілген.
Бұл жұмыстардың барлығы қысқы кезеңде білім беру ұйымдарының тұрақты әрі қауіпсіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін жүргізіледі.
– Білім беру жүйесінің келесі бір маңызды бағыты – қосымша білім. Бала мектеп бағдарламасынан бөлек өзінің қабілетін қалай дамыта алады?
– Қосымша білім – баланың қабілетін ашатын маңызды орта.
Мәселен бір оқушы математика пәнінен жақсы болуы мүмкін. Бірақ оның бойында музыка, өнер, спорт, робототехника немесе шығармашылыққа деген ерекше қабілет те болуы ықтимал. Сондықтан мектептегі сабақпен шектелмей, баланың қызығушылығын дамыту қажет.
Ауданда өнер мектебі мен Оқушылар үйі тұрақты жұмыс істейді. Мұндай ұйымдардың басты мақсаты – баланың бос уақытын тиімді ұйымдастыру ғана емес, оның шығармашылық әлеуетін ашу.
Бүгінгі таңда қосымша білім берудің маңызы артып келеді. Себебі заманауи еңбек нарығы тек академиялық білімді емес, шығармашылық ойлауды, коммуникацияны, командамен жұмыс істеуді, технологияны меңгеруді талап етеді.
–Технология өмірдің барлық саласын түбегейлі өзгертіп жатқан жаһандану дәуірінде білім беру жүйесі де заман ағымынан қалыспай, жедел түрде жаңаруы тиіс. Бұл туралы пікіріңізбен бөліссеңіз...
– Бұл үдеріс тек үстіртін өзгеріс емес, оқыту методологиясы мен тәрбие үрдісіне деген көзқарасты түбегейлі қайта қарауды талап ететін жаһандық сын-қатер. Технологиядан қашу мүмкін емес. Бірақ технологияны мақсат емес, құрал ретінде қарауымыз қажет.
Өркениеттің даму бағытын айқындайтын жасанды интеллект, цифрландыру, робототехника және STEM бағыттары білім саласына қарқынды түрде енуде. Бұл үдеріс тек үстіртін өзгеріс емес, оқыту методологиясы мен тәрбие үрдісіне деген көзқарасты түбегейлі қайта қарауды талап ететін жаһандық сын-қатер.
Жасанды интеллект баланың орнына ойлануға емес, ойлау мүмкіндігін кеңейту үшін қолданылуы тиіс. Мұғалім де цифрлық құралдарды өз жұмысын жеңілдету үшін ғана емес, оқушының білім алу сапасын арттыру үшін пайдалануы керек.
Біз қазір баланы тек бүгінгі мамандықтарға емес, ертең пайда болатын мамандықтарға да дайындау мақсаты тұр. Сондықтан робототехника, бағдарламалау, инженерия, жасанды интеллект, ғылыми-зерттеу жұмыстары секілді бағыттарға қызығушылықты арттыру маңызды.
№94 «Келешек» мектебі оқушысының халықаралық робототехника чемпионатындағы жеңісі – осы бағыттағы жұмыстардың нақты нәтижесі.
– Білімнің қоғамдағы рөлі туралы айтқанда, мектеп пен отбасының байланысы қаншалықты маңызды?
– Өте маңызды. Бала тәрбиесін тек мектепке жүктеу дұрыс емес.
Мектеп білім береді, бағыттайды, тәрбиелік орта қалыптастырады. Ал отбасы баланың алғашқы құндылықтарын қалыптастырады. Сондықтан ата-ана мен мектептің мақсаты бір болуы керек.
Балаға кітап оқу, еңбек ету, үлкенді сыйлау, жауапкершілік алу, өз ісіне адал болу сияқты құндылықтар отбасыдан басталып, мектепте жалғасуы қажет.
Білім беру жүйесінің түпкі мақсаты – тек жоғары балл жинайтын бала емес, өмірде өз орнын таба алатын азамат тәрбиелеу.
– Білімге жасалған инвестицияның қоғамға қайтарымы қандай болады?
– Білімнің қайтарымы бірден көрінбейді. Бірақ оның әсері ұзақ мерзімде байқалады.
Бүгін мектепке салынған инвестиция ертең білікті маманға айналады. Білікті маман өндірісті дамытады, жаңа кәсіп ашады, салық төлейді, жұмыс орындарын құрады. Ал білімді, сауатты азамат қоғамдағы жауапкершілікті арттырады.
Сондықтан білімге бағытталған әрбір теңгенің артында елдің ертеңі тұр.
Білімді ұлт қалыптастыру – салалық министрліктің немесе бір білім бөлімінің ғана міндеті емес, мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті.
– Қазалы ауданының білім саласы алдағы кезеңде қандай стратегиялық межелерді басты мақсат етіп қойды және бұл бағыттағы басым бағыттар жайлы білсек...
– Мектептің сапасы – қоғамның сапасы. Ұстаздың еңбегі – ұлттың ертеңіне жасалған еңбек. Ал бүгінгі оқушы – ертеңгі ел тізгінін ұстайтын азамат.
Бүгінгі атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар мен қолға алынған іргелі реформалардың түпкі төркіні мен ең басты мақсаты – білім сапасын сапалық жаңа деңгейге көтеру және әрбір балаға, шалғайдағы ауылда отырған әрбір оқушыға сапалы білім алуға теңдей мүмкіндік жасау.
Біз мектептердің материалық-техникалық базасы мен инфрақұрылымын жақсартумен қатар, ұстаздардың кәсіби әлеуетін үздіксіз көтеруге, дарынды балаларды жан-жақты қолдауға, ауыл мектептерінің мүмкіндіктерін кеңейтуге айрықша мән береміз.
Сонымен қатар, қосымша білім беру саласын дамыту және әлеуметтік тұрғыдан қолдауды қажет ететін балаларға қажетті жағдайдың бәрін жасау – басты назарымыздағы өзекті мәселе.
Әрине, бүгінгі қол жеткізген жетістіктеріміз – бұл үлкен жолдың тек бастамасы ғана. Біз үшін ең маңыздысы – әрбір баланың мектепке қуанып келуі, әрбір ұстаздың өз кәсібін мақтан тұтуы және ата-аналардың мемлекеттік білім беру жүйесіне толық сенім артуы.
Сондықтан білім саласына жасалып жатқан әрбір қадамды тек бір саланы дамыту деп емес, бұл – болашақ ұрпақтың, тұтас Қазалы ауданының және бүкіл тәуелсіз еліміздің ертеңгі бақытты ғұмыры мен жарқын болашағына жасалған ең маңызды инвестиция деп қабылдауымыз тиіс.
Сұхбаттасқан Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
22 тамыз 2026 ж. 20 0

Қойнауы құт Қызылқұм

22 тамыз 2026 ж. 20

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31