Құрылтай сайлауы өтетін күні қазақстандықтар қоғамдық көлікте тегін жүре алады
Фото: ChatGpt арқылы жасалды23 тамыз Құрылтай депутаттарын сайлау өтетін күні Қазақстанның бірқатар қаласында қоғамдық көлікте жол жүру тегін болады. Кей елдімекенде жеңілдік күні бойы берілсе, кей қалада белгілі бір уақыт аралығында ғана қолданылады. Stan.kz сайлау күні қоғамдық көлікпен тегін жүруге болатын өңірлерді анықтап көрді.
Астана мен Алматыда қоғамдық көлік күні бойы тегін болады. Елордада тегін жол жүру Tarlan Astana жеңіл рельсті көлік жүйесінде, қалалық, экспресс және қала маңы бағыттарында қолжетімді болады. Бұл шешім тұрғындардың қала ішінде еркін қатынап, сайлау учаскелеріне жетуіне жағдай жасау үшін қабылданған.
Алматыда да 23 тамызда автобус, троллейбус және метроны қоса алғанда, қалалық қоғамдық көліктің барлық бағытында жол жүру тегін болады.
Шымкентте де сайлау күні барлық автобус бағытында тәулік бойы тегін жүруге болады. Қала әкімдігі мәліметінше, бұл шара тұрғындар мен қонақтарға қоғамдық көлікті еркін пайдалануға және сайлау учаскелеріне ыңғайлы жетуге мүмкіндік беру мақсатында ұйымдастырылған.
Түркістан облысында қоғамдық көліктің тегін жүруі Түркістан және Арыс қалаларында, Қазығұрт ауданында қарастырылған.
Маңғыстау облысында жолаушылар 23 тамызда қалаішілік және ауданішілік бағыттарда қоғамдық көлікті тегін пайдалана алады. Ал Ақтау қаласын аудан орталықтарымен байланыстыратын тұрақты ауданаралық және қалааралық маршруттарға бұл жеңілдік қолданылмайды.
Павлодар облысының Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларында да қоғамдық көлікпен жүру тегін болады. Павлодарда тұрғындар мен қала қонақтары автобустар мен трамвайларда ақысыз қатынай алады. Екібастұзда барлық қалалық автобус бағытында жол жүру тегін болып, қала көшелеріне 40 автобус шығарылады. Ақсу қаласында 23 автобус жолаушыларды тегін тасымалдайды.
Атырауда да сайлау күні қоғамдық көлікте жол жүру ақысы алынбайды. Бұл шешім қала тұрғындары мен қонақтарының еркін қозғалуына және дауыс беру учаскелеріне қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
Сонымен қатар 23 тамызда Талдықорған, Қарағанды, Ақтөбе, Семей, Көкшетау, Жезқазған және Қостанай қалаларында қоғамдық көлік күні бойы тегін болады.
Ақтөбеде жеңілдік қаладағы барлық 46 бағытқа қатысты болады. Ал Семей қаласының әкімдігі де жол жүру тегін болатынын хабарлады.
Кейбір қалаларда қоғамдық көлік белгілі бір уақыт аралығында ғана тегін болады. Мәселен, Қызылордада жолаушыларды сағат 07:00-ден 13:00-ге дейін ақысыз тасымалдау жоспарланған. Петропавлда тегін жол жүру 20:00-ге дейін ұйымдастырылады.
Ал Тараз бен Өскеменде қазіргі қолжетімді мәлімет бойынша қоғамдық көлікте жол жүру ақысы әдеттегідей сақталады.
Осылайша, 23 тамызда қоғамдық көліктегі тегін жол жүру бірқатар қалада тұрғындардың дауыс беру учаскелеріне кедергісіз жетуі үшін ұйымдастырылады. Дегенмен жеңілдіктің уақыты мен нақты бағыттары қалаға қарай ерекшеленеді. Сондықтан жолаушыларға сапар алдында өз қаласының әкімдігі немесе қоғамдық көлік операторларының соңғы ақпаратын тексеру ұсынылады.
Айта кетейік, бұған дейін Референдум өтетін күні қазақстандықтар қоғамдық көлікте тегін жүре алатыны туралы жазған едік.













