Қойнауы құт Қызылқұм
Қазалы өлкесі дарынды да дара перзенттерімен танылған киелі топырақ. Соның ішінде тарихы – тұмса, тіршілігі – қызу Қызылқұм елді мекенін есті жұрттың біразы білетін шығар. Ауызбіршіліктің арқасында тіршілігін күйттеп, жағасы жайылып келе жатқан ауылда атқарылған шаруа аз емес. Жоба мен жоспар да көп.Қызылқұм ауылдық округі – ауданның солтүстік бөлігінде орналасқан әкімшілік-аумақтық бірлік. Округ өзінің атауын әйгілі Қызылқұм шөлінен алған.Себебі оның аумағы осы кең байтақ құмды алқаптың бір бөлігін алып жатыр. Бұл өңірдің шаруашылығы қатал табиғи-климаттық жағдайларға бейімделген.Негізінен мал шаруашылығына бағытталған. Округ ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында өзіндік орын алады. Орталығы – Кәукей ауылы.
Округтің тарихы Кеңес дәуіріндегі ұжымдастыру кезеңімен тығыз байланысты. ХХ ғасырдың 30-жылдарында бұл жерде мал шаруашылығымен айналысатын бірнеше шағын серіктестіктер құрылды. Кейіннен олар біріктіріліп, «Қызылқұм» ұжымшары (колхоз) болып қайта құрылды. Шаруашылық негізінен қаракөл қойын, түйе және жылқы өсіруге маманданды. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін, 1997 жылы жүргізілген әкімшілік реформалар барысында бұрынғы ауылдық кеңес негізінде қазіргі Қызылқұм ауылдық округі құрылды.
Жер бедері негізінен жазық, құмды төбелер мен ойпаттардан тұрады. Бұл – Қызылқұм шөлінің батыс бөлігі. Топырағы құмды және сұр. Өсімдіктер әлемі шөлді аймаққа тән: сексеуіл, жусан, изен, жыңғыл сияқты өсімдіктер басым. Бұл өсімдіктер мал жайылымы үшін маңызды.Қызылқұм шөлі – округ аумағының негізгі ландшафты. Округ құрамына екі елді мекен кіреді.
Кәукей ауылы – округтің әкімшілік орталығы. Ауылға осы жерде өмір сүрген халық батыры Кәукейдің есімі берілген. Ауылда орта мектеп, мәдениет үйі, кітапхана және медициналық пункт сияқты әлеуметтік нысандар жұмыс істейді. Тұрғындардың негізгі кәсібі – мал шаруашылығы.
Ел ішіндегі ескі әңгімелердің бірінде ерте замандарда бұл өлкеде Кәукей атты ана өмір сүрген көрінеді. Сол анамыздың бойындағы шексіз кішіпейілділік, көпшілдік, дархандық және өзгеге болсын дейтін қайырымдылық, жомарттық қасиеттер оның ұмытылмай, ғасырлар бойы сан ұрпақтың санасында сақталып келе жатуына себепкер делінеді. Кәукей анамыз керуен жолының бойында отырып, әрі-бері өткен жолаушыларға ақысыз қызметін көрсеткен екен. Ұлы сапар үстіндегі жолаушыларға қымызы мен қымыраны, шайы мен тамағын ұсынып, шөлдегендердің сусынын қандырып, ашыққандардың қарнын тойдырып, шаршағандарды ауылына қондырып отырған деседі. Елден тек қана алғыс арқалаған анамыз ұзақ өмір сүріп, өз аймағының данасына айналған. Міне, осы дархандық пен жомарттығы даңқын елден елге жеткізіп, жолға шыққан әрбір жолаушы Кәукей анамыздың қолынан сусын ішіп, шөлін басуға асығады екен. Ел аузындағы әңгіме бойынша, қайтыс болған соң ол кісінің есімімен сол аймақтағы айдын көл «Кәукей» көлі және жағалай отырған қалың ел Кәукей ауылы аталып кеткен деседі. Ал «Кәукей» көлінің ұлтаны деп маған бір ағамыз Кәукей мен Бозкөл ауылының екі арасын жалғап жатқан тас жолдың (Жиеней жармасынан бері) батыс беткейін айтып, сілтеген еді.
Ал Ажар ауылы – округ құрамындағы екінші елді мекен. Бұл шағын ауылдың тұрғындары да негізінен мал өсірумен айналысады. Ауылдар бір-біріне жақын орналасқан.Сонымен қатар округ аумағында Жанқожа Нұрмұхаммедұлы атындағы Қызылқұм және Кәрібайбұлақ шекара заставасы орналасқан.
ӨРІС ЖАЙҒАН ӨРКЕНДІ ІС
Ауыл тұрғындары негізінен жеке мал шаруашылығымен, сондай-ақ ауыл маңындағы су айдындарынан балық аулаумен шұғылданады. Округте №225 орта мектеп, №27 «Бөбек» бөбекжай-балабақшасы, ауылдық дәрігерлік амбулатория, клуб, кітапхана, ауа райын зерттеу станциясы, пошта байланыс бөлімшесі, ветеринариялық пункт, су тарату бекеті жұмыс жасайды. Халық саны (2026 жылғы 1 шілдедегі мәлімет бойынша), округ бойынша – 1104, Кәукей ауылы – 1044, Ажар – 60 адам. Қазіргі уақытта ауылдық округ бойынша ірі қара малы – 2309 бас, уақ мал – 6123 бас, жылқы – 1365 бас, түйе – 138 бас, құс – 735 бас есепке алынған.
2020 жылыұзындығы 800 метр Жанқожа батыр көшесіне қиыршық тас төселген. Ұзындығы 1500 метр Кәукей көшесіне 163 қиыршық тас, 800 метр асфальт төселген.
2021 жылыКәукей ауылына орталық саябақ салынып берілген. Жоба құны 40 (26,3) миллион теңге. Бас мердігер – «Намыс құрылыс» ЖШС. Ауылды жарықпен қамтамасыз етіп тұрған электр желісі көл ұлтанында орналасқандықтан жөндеу жұмыстарын жүргізуге көп қиындық туғызған. Осы олқылықты жою мақсатында сол уақыттағы облыс әкімінің тікелей тапсырмасымен Тасарық ауылы арқылы резервтік желі тартылған. Қаржысы – 82 миллион теңге.
2022 жылықайырымдылық, демеушілік арқылы 1996 жылғы азаматтар «Tugan olkem – Kaukei» жазуын орнатып берген.
1985 жылы дүниеге келген азаматтар орталық саябаққа субұрқақ (фонтан) жасап беріпті.
2023 жылы 2018 жылы басталған Бозкөл-Кәукей автомобиль жолы 2023 жылы толық аяқталып пайдалануға берілді. Қызылқұм дәрігерлік амбулаториясы жаңадан салынып, желтоқсан айында пайдалануға берілді. Бас мердігер – «Аман құрылыс» ЖШС. Жоба құны – 387 425,0 мың теңге. Кәукей ауылындағы спорт алаңы(жасанды газон) күрделі жөндеуден өткізілген. Ауылда 4 256,0 мың теңгеге жаңадан балалар ойын алаңы салынып берілген. Сонымен қатар 1976 жылы туған ауыл түлектерінің демеушілігімен Кәукей ауылындағы орталық саябаққа Бәйтерек монументінің көшірмесі орнатылып беріліпті. Биіктігі 9 метр, диаметрі 2 метр.
1974 жылғы ауыл түлектері ауылға кіреберіс арка салдырып берсе, 1996 жылғы қыз-жігіттер арка жанына екі арыстан мүсінін орнатқан.
1986 жылы дүниеге келген түлектер Кәукей ауылындағы Жанқожа баба атындағы мешіттің қоршауын жаңалап берген.
2024 жылыКәукей ауылдық клубының жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Құрылысы 2022 жылы басталған ауылдық клуб ғимаратының сметалық құны – 325 753,0 мың теңге. Бас мердігер – «SCS инжиниринг» ЖШС. Сонымен қатар Кәукей көшесінің (ауылдың кіре берісі) жарықтандырылмай тұрған бөлігіне 1,4 шақырым көше жарығы орнатылған. Құны – 11 888,0 мың теңгені құрады.
Ал Ажар ауылын электр энергиясымен қамту үшін жаңа дизельді генератор алынып берілген. Қаржысы – 2 237,8 мың теңге. Ажар ауылын таза ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында су тұщыту қондырғысы орнатылған. Жоба құны – 26 600,0 мың теңге.
Сондай-ақ, 1975 жылғы ауыл түлектерінің демеушілігімен Кәукей ауылының Т.Әубәкіров, Ғ.Мұратбаев көшелерінің қиылысындағы 1 гектар бос жатқан аумақ қоршалып, тал көшеттері отырғызылған. Алдағы уақытта саябақты одан әрі абаттандыру жұмыстары жалғасатын болады. Биылғы жылға 2 миллион теңге қаржы жұмсалған. Кәукей ауылының кіре берісіне, көл жағасына самалжай (беседка) салынды. Демеуші ауылдың 1997 жылғы түлектері. Қаржысы – 700 мың теңге. 20 жылдық кездесуге келген 1987 жылы дүниеге келген түлектер әртүрлі іс-шарлар өтуге арналған құны 800 мың теңгелік киіз үй тарту етті.
2025 жылыКәукей ауылының барлық көшелеріндегі түнгі жарық шамдары энергия үнемдейтін жарық диодты шамдармен ауыстырылды. Сондай-ақ ауыл тұрғындарының және ардагерлер кеңесінің бастамасымен «Жанқожа баба» мешітіне 5,0 миллион теңгеге күрделі жөндеу жасалған.
1998 жылы туған №225 орта мектебінің түлектері «Қаракөл» көлінің жағасына демалатын орын жасап берген. Жалпы құны 4 миллион теңгеге ауыл маңындағы «Нұрекеш» және «Жүрсін ишан» қорымдары жаңа қоршаумен қоршалып, қақпалар орнатылған.
Ал 2026 жылдың 6 айында атқарылған жұмыстардың легі қандай? Ауыл әкімі Оңталап Мүсілімнің айтуынша, ауылдың өзекті мәселелерінің бірі – бірқатар көшелердегі жарық беретін трансформаторлардың тозығы жетуі.
– Осы орайда, биылғы жылы бюджеттен 4 миллион 310,0 мың теңге бөлініп, жаңа трансформатор сатып алынды. Аталған трансформатор Жанқожа батыр және А.Құнанбаев көшелеріне жарық беретін көне трансформатордың орнына қойылды.Округ аумағында абаттандыру, тал егу және санитарлық тазалық жұмыстары ұдайы ұйымдастырылып келеді. Көркейту-көгалдандыру және санитарлық тазарту жұмыстарына 2026 жылы 4 733,0 мың теңге қаржы бөлінді. Бұл қаржыға арық-каналдар тазартылып, күл-қоқыстар шығарылды, ағаш көшеттері мен тұрғындардың аулаларындағы бақшаларын суару үшін аяқсу жіберілді. Сонымен бірге, «Жасыл Қазақстан» Ұлттық жобасы аясында қоқыс тастайтын 3 контейнер және «Amanat» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі 2023-2027 жылдарға арналған Жол картасының 120-тармағына сәйкес 4 контейнер алынды.Биылғы жыл басынан бері 4 адам тұрақты жұмысқа, 13 адам ақылы қоғамдық жұмысқа орналасты. 1 жас маман жастар практикасынан өтуде, – дейді ауыл әкімі.
КӘСІПКЕРЛІКТЕ ӨРІС КЕҢ
Округте 49 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Олардың ішінде, 1 ауылшаруашылығы кооперативі, 3 шаруа қожалығы, 3 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 42 жеке кәсіпкер бар. Тұрғындарға 4 автобус, 6 такси, 5 азық-түлік дүкені қызмет көрсетеді.Ауыл шаруашылығы саласын дамыту мақсатында жүзеге асырылып жатқан 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие беруге бағытталған «Ауыл аманаты» жобасына ауыл тұрғындары белсенді түрде қатысып келеді. Жоба аясында 2024 жылдың траншы бойынша 2 кәсіпкер, 2025 жылдың траншы бойынша 2 кәсіпкер барлығы 23 877 мың теңге теңге жеңілдетілген несие алуға қол жеткізді. Тағы бір кәсіпкер 9,6 млн теңгеге «Түйе өсіру» жобасы бойынша қолдау тапты. Жақын арада несие қаражатын алады.
Ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қайтарымсыз грант қаржысын 2020 жылы – 4 кәсіпкер, 2021 жылы – 9 кәсіпкер, 2022, 2023 жылдары – 1 кәсіпкерден, 2024, 2025 жылдары – 2 кәсіпкерден алды.Шағын кәсіпкерлікті дамыту мақсатында 2020 жылы – 1, 2021 жылы – 3, 2022 жылы – 1, 2023 жылы – 1 кәсіпкер мал өсіруге шағын несиеге қол жеткізген.
«Агробизнес» бағыты бойынша 2023 жылы 1 кәсіпкер, 2025 жылы 2 кәсіпкер жылқы шаруашылығын дамытуға «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-нан барлығы 35,2 миллион теңге несие қаржысын алды.
АЛДАҒЫ МІНДЕТ ҚАНДАЙ?
Ауыл әкімінің айтуынша, электр желілерінің жалпы ұзындығы 23 шақырым. Оның тозу деңгейі 65%, яғни 14,9 шақырым электр желісінің тозығы жеткен. Сол себепті Қызылқұм ауылдық округіне қарасты Кәукей ауылының электр желілері жаңартуды қажет етеді екен.
– Кәукей ауылында 11 көше бар. Жалпы ұзындығы 9,15 км. Оның 800 метр бөлігі асфальт, 963 метр бөлігі қиыршық тас қабатты. Қалған басым бөлігі – 7,3 шақырым жол топырақ қабатты. Топырақ қабатты көшелерге ешқашан жөндеу жүргізілмеген. Топырақ қабатты көшелер жауын-шашынды күндері балшық болып автомобильдер мен жаяу жүргіншілердің қозғалысына кедергі келтіреді. Сонымен қатар кедір-бұдыр жолдар жол жүру қауіпсіздігіне қауіп төндіріп, жол қозғалыс оқиғаларының пайда болуына әсер етеді. Сол себепті ауыл ішілік көшелерді кезекпен асфальттау міндеті тұр.
Аудан орталығына қатынайтын автомобиль жолының бойында, Кәукей ауылынан 7 шақырым жердегі «Әйеке» учаскесінің тұсында 2 темір көпір жөндеуді қажет етеді, – дейді Оңталап Мүсілім.
Түйін: Қатал табиғи жағдайларға қарамастан, Қызылқұм ауылдық округі өзінің дәстүрлі мал шаруашылығын сақтап, Қазалы ауданының экономикасына үлес қосып отырған бірегей өңір. Сондай-ақ ауылдың туристік әлеуеті зор. Қызылқұм шөлінің табиғаты экстремалды туризмді, сафари турларын ұйымдастыруға мүмкіндік береді екен. Қызық иә?
Айнұр ӘЛИ














