Құрылысшылар құрмет төрінде
Бүгінде ел экономикасының дамуы үшін құрылыстың алар орны ерекше. Қай жерде болмасын бұл саланың қарқынды жүріп жатқанын аңғару қиын емес. Көз тартар әсем ғимараттар мен көрікті үйлердің бой көтеруі – ауданның күннен күнге дамып, қанат жайып келе жатқанының көрінісі.
Соның ішінде биылғы жылы қазалылық құрыш қолды құрылысшылардың еңбегі ерен. Олар жаздың аптап ыстығына қарамастан, белгіленген нысандардағы қызу жұмысқа асқан жауапкершілікпен қарап, аудан тұрғындарына қуаныш сыйлайды.
Міне, осы аталған сала жыл сайын тамыз айының екінші жексенбісінде кәсіби мерекесін тойлайды. Осыған орай аудан әкімі Мұхтар Оразбаев сала ардагерлері мен бірқатар құрылысшыларды қабылдап, мерекемен құттықтады.
– Аудандағы құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бұған жергілікті жерде жыл сайын атқарылып жатқан жұмыстар дәлел. Жаңа нысандар салынып, жол жөндеу жұмыстары кеңінен жүргізілуде. Соның нәтижесінде бой көтерген емхана, мәдениет үйі мен баспаналар көптің көңіліне жылу ұялатуда. Одан да басқа қосымша тұрғызылып жатқан ғимараттар да бар. Бұл, әрине, қыстың суығында, жаздың ыстығында еңбек ететін құрылысшылардың маңдай тері, – деді Мұхтар Әуесұлы.
Аудан басшысы алдымен сала ардагерлері, «РЗА» АҚ президенті, Қазалы ауданының Құрметті азаматы Самұрат Имандосов, Нағметәли Қадірқұлов пен Сұлушаш Абдрасуллаеваға «Құттықтау хат» табыстап, қазақы дәстүрге сай шапан мен камзол кигізді.
Мұнан соң «Нұрас и К» ЖШС директоры Нұркен Ботабаевқа «Құрметті жолшы» төсбелгісін табыс етті.
Мерекелік жиында «Намыс Құрылыс» ЖШС-ның жүк көлік жүргізушісі Абылай Сазанбаев облыс әкімінің, «Жылу ХХІ» ЖШС директоры Көпжан Бижанов пен «Болашақ» ЖШС директоры Панабек Әлиев аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Айта кетейік, қазіргі эпидемиологиялық ахуалға байланысты шараға көптеген құрылысшыны шақыруға мүмкіндік болмады. Әйтесе де саланың өзге ардагерлері мен құрылыс мекемелері назардан тыс қалмайды. Аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Нұрбек Күзембаев бастаған ұжым мүшелері мерекелік құттықтауларды жеткізетін болады.
А.БАҚЫТҰЛЫ