Қазақстанда кейбір техникалық байқау орталықтарының жұмысы тоқтатылуы мүмкін
Жұмысты формальды түрде орындайтын автокөліктерге техникалық байқау жүргізу орталықтарының қызметі үш жылға дейінгі мерзімге тоқтатылады. Бұл туралы үкімет отырысында көлік министрі Нұрлан Сауранбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Tengri Auto.
Министрдің айтуынша, енді техникалық байқау орталықтарына жұмыс істеу үшін арнайы рұқсат алу қажет болады. Сонымен қатар ереже бұзғаны үшін айыппұлдар 30-дан 100 АЕК-ке (2026 жылы 129 750-ден 432 500 теңгеге дейін) дейін ұлғайтылды.
"Осылайша, қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін көлік құралдарын пайдалануға жол берілмейді", - деп толықтырды ведомство басшысы.
Техникалық байқауға бақылауды күшейту жол қауіпсіздігін арттыру бойынша шаралар кешеніне кіреді. Үкімет отырысында Сауранбаев орташа жылдамдықты бақылау жүйесін кеңейту және жолаушылар тасымалына қойылатын жаңа талаптарды дайындау туралы айтты.
Министрдің мәліметінше, жүргізушілердің жол қозғалысы ережелерін бұзуы апаттардың негізгі себептерінің бірі болып қала береді.









