Шетелдіктер Қазақстанға электронды рұқсатпен кіретін болады
Ішкі істер министрлігі иммигранттардың елге келуі, елде болуы және елден шығуы қағидаларына өзгерістер енгізуді көздейтін бұйрық жобасын әзірледі.

Фото: Pixabay

Жобаға сәйкес, шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстанға кіруге электронды рұқсат беру тетігі енгізіледі. Бұл көші-қон ағындарын ашық, жедел әрі толық есепке алуды қамтамасыз етеді.
ІІМ-нің түсіндіруінше, электронды рұқсатты рәсімдеу үшін алынатын төлем мөлшерін саралау ақпараттық жүйелердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге, цифрлық инфрақұрылымды жетілдіруге және азаматтардың дербес деректерін қорғау деңгейін арттыруға қажетті шығындарды өтеуге мүмкіндік береді.
Электронды рұқсат беру жүйесін 2026 жылдың тамызынан желтоқсанына дейін кезең-кезеңімен енгізу жоспарланған. Министрлік мұның барлық өткізу бекетіндегі жаңа жүйенің бірқалыпты іске қосылуын қамтамасыз ететінін атап өтті.
Құжат «Ашық НҚА» порталында жарияланды. Оны қоғамдық талқылау 17 тамызға дейін жалғасады.
Айта кетейік, бұған дейін полицейлер шетелдіктердің Қазақстанда заңды жүргенін тексеруге міндеттелген еді.










