Қазақстан қалаларының ауасы лас па?
Осыдан бірнеше күн бұрын «Қазгидромет» РМК 2018 жылдың басында қолайсыз метеорологиялық жағдай болжамын жария ететіндігін хабарлаған болатын. Осыған орай ҚазАқпарат аталған кәсіпорын мамандарымен жолығып, қолайсыз метеорологиялық жағдай болжамы қалай алынатындығын және оның қазақстандықтар үшін қандай пайдасы бар екендігін білген еді.
«Қазгидромет» РМК ауа райының қысқа мерзімді болжамдары бөлімінің жетекші инженер-синоптигі Жұлдыз Исабекованың айтуынша, Астана қаласында атмосфера ауасының жай-күйін байқауға арналған 4 стационарлық және 3 автоматты бекет бар.
«Аталған бекеттерде шаң-тозаң, күкірт оксиді, күкірт диоксиді, азот диоксиді, сонымен қатар фторлы сутегі сияқты ластаушы заттарға байқау жүргізіледі. Бұлар байқау жүргізілетін негізгі заттар. Байқау нәтижесі бойынша экологтарға арналған бюллетень шығарылып, Қазгидромет пен Энергетика министрлігінің сайттарында жарияланады. Сондай-ақ біз аталған заттар қала атмосферасында сейілетіндігін немесе жинақталатындығын да болжаймыз. Ертеректе қолайсыз метеорологиялық жағдай болжамы шығарылып келгенімен, одан кейін біраз уақыт үзіліс болған еді. Енді біз оны қайта қолға алмақпыз», - деді ол.
Қазіргі уақытта қолайсыз метеорологиялық жағдай болжамы Қазақстанның 20-дан астам қаласы үшін жарияланады. Алдағы уақытта синоптиктер еліміздің мұнан да көп елді мекендерін қамтуды жоспарлауда.
«Біз атмосфераға шығарындылардың сейілетіндігіне не болмаса жинақталатындығына қатысты қолайсыз метеорологиялық жағдай болжамын шығарамыз. Бұл белгілі бір деңгейдегі синоптикалық жағдай. Оның барысында қаланың әуе бассейнінде ластаушы заттар жинақталып қалады. Мұндай синоптикалық жағдайға мәселен, қазіргі уақытта Астанада байқалып отырған ауа райының антициклондық түрін жатқызуға болады. Міне қалада бір апта бойы байқалып тұр, жауын-шашын, жел жоқ. Яғни, мұндай кезде ауа бір орнында тұрып қалады, оның үстіне жел де әлсіз. Соның салдарынан ластаушы заттар жинақталады», - деп түсіндіреді синоптик.
Ал Есіл өзенінің жағалауындағы автоматты ауа сапасын өлшейтін құрылғы жұмысымен таныстырған Астана қаласының қоршаған ортасының ластануына мониторинг орталығының бастығы Дана Аманбаеваның айтуынша, бұл бекет тәулігіне 24 сағат үздіксіз жұмыс істейді және мәліметтер зертхананың серверіне әрбір 20 минут сайын түсіп отырады. Бекетте ресейлік және неміс-жапон өндірісіндегі құралдар орнатылған. Жалпы қаланың ауа сапасын анықтау үшін 50 мың адамға бір бекеттен орнату қажет. Бүгінде қаланың қарқынды өсуіне байланысты әлі де осындай 6 ауа сапасын өлшейтін бекет орнату қажеттігі туындауда.
«Жұмысымызда жылжымалы зертхананы да пайдаланамыз. Кез келген адам Қазгидрометтің немесе Энергетика министрлігінің сайтына кіріп, экологиялық жағдайды көре алады. Астананың ауасындағы түтіннің пайда болуы себебі күз-қыс кезеңіндегі желсіз ауа райының басым болуы деп санаймыз. Сонымен қатар қалада түтіннің пайда болуына көліктерден шығатын зиянды заттар шығарындылары, жеке сектордағы жылыту пештерінің көмір түтіндері және Жылу электр стансаларының да қатысы бар», - деді Д. Аманбаева.
Айта кетерлігі, қолайсыз метеорологиялық жағдай болжамы - атмосфералық ауаның беткі қабатында зиянды (ластаушы) заттардың жиналуына ықпал ететін қысқа мерзімді метеорологиялық факторлардың (тыныш, жеңіл жел, тұман, инверсия) үйлесімі. ҚМЖ жағдайында елді мекендердегі атмосфералық ауаның сапасы нашарлауы мүмкін.
Бұл болжам Астана, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Ақсу, Ақсай, Балқаш, Екібастұз, Жаңаөзен, Жезқазған, Қарағанды, Көкшетау, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Петропавл, Риддер, Талдықорған, Тараз, Теміртау, Өскемен, Орал, Шымкент қалаларына және Жаңа Бұқтырма елді мекеніне жасалып отырады.