Шалғайда шамы өшпеген ауыл
Қашан да бірлік пен ынтымақты ойлаған шалғайдағы Тасарық ауылының қазаны ортайған емес. Ауданға қарасты ауылорталықтан шалғайда жатыр. Оған жету оңай емес, селкілдеген кедір-бұдыр жолды көрген талайы «Е, қу мекиен, айдала, ит байласа тұрғысыз жер екен» деп ойлап қалуы әбден мүмкін. Ал шындығында мүлдем олай емес. Жол азабы мен қашықтығы болмаса, тасарықтық тұрғындар «Біздің ауыл – жер жәннаты ғой» деуімен келіспеске амалың жоқ. Мұнда береке бар. Суда жүзген балығы, төбеде ұшқан қырғауылы, қорада байланған мыңғырап өсіп жатқан малы ауылдың үлкен байлығы.Шақырайып күн төбеден түскенде көк шалғында жатып алып құрт қымыздан дəм татып демалғанға не жетсін? Ауыл, əрине, қарапайымдылықтың, мейірімділік пен нағыз еңбектің ордасы. «Ауылым алтын бесігім» деген халық аузындағы даналық сөз əсте бекер шықпағаны белгілі.Өзіндік тұрмыс-тіршілігі, мәдениетімен ерекшеленетін Тасарық ауылдық округінің бүгінгі қарымы жаман емес. Ынтымағы мен бірлі жарасқан ауылдықтар түрлі салада қызмет етіп, қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып жүр. Кәсіпкерлігі кең қанат жайып, гүлденуде, келбеті көркеюде. Тарихқа сәл шегініс жасасақ, Тасарық ауылы алғаш КСРО-ның шағында 1966 жылы Бөзкөл совхозына қарасты №1 ферма ретінде құрылған екен. Ел егемендігін алғаннан кейін де ферма өз жұмысын жалғастырып тұрған. Оны әр жылдары елге еңбегі сіңген азаматтар басқарып келді.1997 жылы ел тоқырауға ұшырағанда, 33 мың басқа дейін қой өсірген ферма жұмысы тоқтап, Бөзкол ауылдық округіне қарасты «Тасарық» шаруа қожалығы деп қайта жаңғырды. Қожалық 2002 жылы жұмысын тоқтатып, 2005 жылы Тасарық, Бөзкөл ауылдық округінен Лақалы, Тасөткел елдімекендерімен бірге бөлініп, өз алдына ауылдық округ болып құрылған.
Округ болып құрылған жылдан бастап аумақ инфрақұрылымының аяқ алысына көз ілесе алмады. Дамудың алғашқы қадамының бірі – үш ауылға электр жарығының тартылуы еді. Жарық қуатының келуімен округтің тыныс-тіршілігі жаңа бағытқа ауысып, тұрғындар түрлі тұрмыстық техникалар сатып алып, тіршілігін жеңілдетті. Тіпті азық-түлік дүкеніндегі сақталуы қиын тауар түрлері көбейіп, өзге де тұрғындарға кәсіпкерлік жолын ашты.
ЖЫЛДАМ ХАБАР АЛҒЫЗҒАН
Бүгінгі таңда әлем халқы үшін интернет тек ақпарат алмасу құралы немесе ойын-сауық көзі ғана емес, ол өмірлік қажеттілік, білім алу, бизнес жүргізу және мемлекеттік қызметтерді алудың басты тетігі. Алайда еліміздің экономикасы мен мәдениетінің негізі болып табылатын шалғай ауылдар үшін сапалы интернет мәселесі әлі де өзектілігін жоғалтпай отыр. Қала мен ауыл арасындағы цифрлық алшақтықтыжою бүгінгі күннің ең басты стратегиялық міндеттерінің бірі болып отыр.Қазақстан аумағының кеңдігіне байланысты кейбір шалғай жатқан елді мекендерге байланыс желілерін тарту техникалық және қаржылық тұрғыдан үлкен қиындықтар тудырады. Сапалы байланыстың жоқтығы немесе оның баяу болуы ауыл өміріне көптеген кері әсерін тигізіп келді. Шалғай ауылдардағы интернет мәселесін шешу тек байланысты жақсарту емес, бұл бірнеше ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын көтеру, экономикалық белсенділігін арттыру мен өңірлердің теңгерімді дамуын қамтамасыз ететін басты қадам.Бұл бағытта Тасарық ауылындағы интернет желісінің келу тарихы бар.
Өткенге шегінсек,2006-2007 жылдары Тасарық, Лақалы ауылдарына қара жәшіктің жаңалық жаршысына айналған ұлттық қос арнаны көрсететін мұнара орнатылып, халық игілігіне берілді.2008 жылы округке «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының Қазалы аудандық бөлімшесі тарапынан радиотолқынды, сымсыз үй телефоны орнатылып, алыс-жақын елді-мекендермен, тіпті елдің кез келген қалаларымен байланыс орнату мүмкіндігі туды. Одан соң, жыл санап дамыған ауылда бұрын соңды қос арна болса, 2010 жылы «Отау ТВ» спутникті арналары қосылып ондаған телеарна қосылды. Ал бүгінде округ бойынша жүзден аса отбасы спутникті арналар игілігін көруде.Ауылға 2013-2014 жылдар аралығында «Қазақтелеком» АҚ Қазалы аудандық бөлімшесі ауыл халқын сымсыз интернетпен қамтамасыз етіп, әрбір үйге Wi-fi қондырғылары орнатылды. Бұл өзгеріс әсіресе білім ошағындағы жандардың талмай еңбек пен ізденістегі жұмыстарының жеңілдеуіне септігін тигізді. Одан кейін, көп ұзамай округ орталығына «Beeline» ұялы байланыс желісін тарату антеннасы орнатылып, бүгінде Тасарық пен Тасөткел және Лақалы ауылдары игілігін көріп отыр.2019 жылы округ орталығы Тасарық ауылына талшықты интернет жүргізіліп, онымен әлеуметтік маңызды нысандар ауылдық округі әкімі аппараты мен №238 орта мектеп және амбулаториялық пункт қамтылды. Жоғары жылдамдықтағы интернет желісі алдағы жылда үш елді мекендегі әрбір үйге қосу жоспарланған. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Лақалы елді мекенінде «Актив» ұялы байланыс желісі орнатылып, қазіргі таңда лақалылықтар мобильді интернтті пайдаланып, еш кедергісіз байланыс жасай алатын дәрежеге жетті. 2024-2026 жылдарға талшықты интернет желісін округтегі үш елді мекеннің әрбір үйіне қосу жоспарланған.
Аудандық «Казпочта» байланыс торабына қарасты ауылдық почта бөлімшесі тұрғындарға газет-журналдарды уақытылы таратумен қатар, зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандардың және көпбалалы аналардың зейнетақы мен жәрдемақылары дер кезінде мекен жайларына жеткізе алатындай дәрежеге жеткен.
Тасарық ауылдық округі бойынша халық саны 801 адам, 146 отбасы. Оның ішінде экономикалық белсенді халық саны 307, Жұмыспен қамтылғаны – 292 адам. Өзін-өзі жұмыспен қамтушылар саны – 126, жұмыссыз халық саны – 11 адам. «Батыр ана» адам – 2, «Алтын алқа» иегерлері 17 және «Күміс алқа» иегерлері – 20 адам. Сонымен бірге Ұлы Отан соғысына қатысқандарға теңестірілген еңбек ардагерлерінен 3 адам, бір Еңбек Ері, 63 зейнеткер бар.
САН МЕН САПА
«Тасарық ауылдық округі әкімінің аппараты» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне бюджеттен 2026 жылы 120 847 миллион теңге қаржы қаралып, биылғы жылдың 6 айы бойынша 99,99 пайызға игерілген. Сонымен қатар, Тасарық ауылдық округі бойынша 2026 жылға Төлем көзінен салық салынбайтын табыстардан ұсталатын жеке табыс салығы 6 ай бойынша жоспар 5,945 мың теңге, орындалуы 5,669 мың теңге яғни 100,4 пайыз артық орындалған. Жеке тұлғалардан көлік құралдарына салынатын салық түсімдерінің жоспары 100,1773 теңге, 6 ай бойынша орындалуы 1008,6мың теңге яғни 100,0 пайызға артық орындалып отыр. Жер салығы түсімдерінің 6 айда жоспары 4900 мың теңге, орындалуы 9993,0 яғни 101,9 пайызға артық орындалған.
Мүлік салығы түсімдерінің 6 айдағы жоспары 447,0 мың теңге, орындалуы 45336,0 мың теңге яғни 101,4 пайызға артық орындалды. Жер учаскесін пайдаланғаны үшін төлем жоспары 2900,0 мың тенге, орындалуы 3140,0 мың теңге, 108,3 пайызға артық орындалды. Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ коммуналдық меншігінің мүлкін жалға беруден түсетін кірістер 1200,0 мың жоспар, орындалуы 1200,0 мың, 100 пайыз орындалған.«Туған жерге демеу акциясы» бойынша 4 кәсіпкер тіркеліп, ЖК «Нұр» – 1173,75 , ЖК «Матжанов Кунанбай» – 2271,9 мың теңге, ЖК Пазылов Жалгасбек «ABU» – 590,5 мың теңге, ЖК «Емберген Нуржан» – 388,6 мың теңге, 2026 жылға 6 ай бойынша жалпы көлемі 3 миллион 300 мың теңге салық түсірген.
КӨКЖИЕГІ КЕҢЕЙГЕН КӘСІПКЕРЛЕР
Округ аудан орталығынан шалғайда орналасса да жан-жақты сабақтастығы үзілмей, экономикалық тұрғыда алға қарыштауда. Соның бір көрінісі ауылдағы кәсіпкерлік саланың өсуі. 2005 жылы Тасарық алғаш округ болып құрылған жылдары ешқандай кәсіпкерлік субъектілері тіркелмеген еді. Қазіргі таңда округ бойынша әртүлі қызметпен айналсатын бірнеше кәсіпкер бар. Мәселен,биылғы жылдың 6 айы бойынша 53 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркелген.Аралас сауда дүкені – 7, наубайхана – 1, ауыл-қала аралығында тасымалдайтын 1автобус, 1 шаштараз, 8 шаруақожалық, мал шаруашылығымен айналысатын 28 кәсіпкер, 25басқа да қызметтермен айналысатын кәсіпкерлер жұмыс жасайды.
2 адам денсаулық жағдайна байланысты кәсіпкерлігін жапса, 5 кәсіпкер жаңадан тіркеліп мал басын көбейту мақсатында жаңадан кәсібін ашып жұмыс істеуде.2026 жылы кәсіпкерлікті дамыту бағытында 15 адам, «Бастау Бизнес» жобасы өңірлік кәсіпкерлер палатасы арқылы 4 ауыл тұрғыны оқып, сертификат алған. 1 адам КС «Сырдария-1» ЖШС арқылы 6,3 миллион теңге қаржы алып кәсібін дамытып жатса, «Ауыламанаты» жобасы бойынша 3 адам қамыс өңдеу және асылтұқымды мал алу жобасын ұсынып, 14,5 миллион теңге қолдау тауып кәсібін дамытуда. Бұған қоса 3 адам тұрақты жұмыспен қамтылса, жастар практикасы бойынша 1 адам , маусымдық жұмысқа 10 азамат тартылған. 2 адам күміс жобасы аясында, 5 адам қоғамдық жұмыстарды атқаруға қабылданыпты.
Қазіргі қарқынды дамыған әлемде кәсіпкерлік жай ғана табыс табу көзі емес, ол қоғамды алға сүйрейтін инновациялардың, жұмыс орындарының және экономикалық тұрақтылықтың негізгі өзегі. Елімізде және әлемде кәсіпкерлік мәдениеті түбегейлі өзгеріп, жаңа деңгейге көтерілуде. Елдің болашағы бәсекеге қабілетті шағын және орта бизнес екені белгілі. Соңғы жылдары елімізде ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға бағытталған «Ауыл – ел бесігі»секілді арнайы жобалар мен ауыл кәсіпкерлеріне арналған жеңілдетілген несиелеу бағдарламалары жүзеге асырылуда. Бұл бастамалар ауылдағы ағайынның өз ісін ашып, тұрақты табыс табуына үлкен мүмкіндік береді.Осындай мемлекет тарапынан кәсіп бастаушыларға арналған жеңілдетілген несиелер, гранттар мен субсидиялар түріндегі қолдаулар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Тек талап пен ниет тоғысса болғаны.
БІЛТЕ ШАМНЫҢ ЖАРЫҒЫ...
Адамзат баласының даму тарихына көз жүгіртсек, өркениеттің ең басты қозғаушы күші әрқашан білім мен ғылым болғанын көреміз. Қарқынды түрде өзгеріп жатқан жаһандық әлемде білім алу тұжырымдамасы да түбегейлі жаңа сипатқа ие болуда. Бүгінгі таңда білім тек мектеп немесе университет қабырғасында алынатын теориялық мәліметтер жиынтығы емес, ол өмір бойы үздіксіз жалғасатын үдеріс.2010 жылы Республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, Тасарық ауылына 100 орындықты, жаңа екі қабатты мектеп салынып, 2011 жылы 11 сыныптық №238 орта мектеп сонда көшірілген. Мектеп 1968 жылы 4 сыныптық болып ашылып, Ержанов Шобдар басқарған. Араға бес жыл салып, «Коммунизм» 8 жылдық болып өзгеріп мектеп директорлығына №189 «Қызылқұм» мектебін басқарған Ерғали Кәрібаев тағайындалып 1981 жылға дейін басқарған. Одан бері білім ұясын көзі ашық, көкірегі ояу бірқатар азамат басқарып, білім деңгейінің өсуіне орасан зор үлес қосып, тасын өрге сүйреген. Бүгінде №238 орта мектепте 97 оқушы білім алуда.
Бұдан бөлек округке қарасты Лақалы ауылында да 1936 жылы Қазалы аудандық ағарту бөлімінің келісімімен бастауыш мектеп ашылды. 1954 жылы құрылысы жаңадан салынып, іске қосылған мектеп жеті жылдық мектепке айналды. 1962-1963 оқу жылында мектеп сегіз жылдық білім беруге кірісті. 1999-2000 жылы тоғыз жылдық мектеп, 2007-2008 оқу жылында он бір жылдық орта мектеп мәртебесін алған.Білім ордасын 1936-1937 Хаурулла Әбдірахманов, 1937-1939 жылдары Болысбай Сәулебаев сынды басқа да білікті басшылар басқарып келген. Бүгінде №93 орта мектепте 82 оқушы білім алуда.
№238 орта мектеп жанындағы шағын орталықта 22 бала, №93 орта мектеп жанындағы шағын орталықта 17 бала тәрбиеленуде. Жалпыға бірдей міндетті орта білім қорынан әлеуметтік тұрмысы төмен отбасы балалары, жетім, жартылай жетім балаларға №238 орта мектеп бойынша 40 балаға, №93 орта мектеп бойынша 50 балаға бір мезгіл ыстық тамақ берілуде және 15 тұрмысы төмен отбасыға қаржылай және заттай көмек көрсетілген. 2024-2025 оқу жылында №238 орта мектепті бітіруші 6 оқушының 4-еуі үздік аттестат, 6-ауы да ҰБТ-ға қатысып, 5-еуі де ЖОО-на грантқа, 1-еуі колледжге түскен. №93 орта мектеп бітіруші 7 баланың 7-еуі ҰБТ-ге қатысып, 5-еуі мемлекеттік жоғары оқу орнының грант иегері, 1-еуі колледжге, 1-еуі ақылы негіздегі студент атаныпты. Сонымен қатар, ауыл клубтарында жыл басында бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес мәдени-көпшілік кештер өткізіліп тұрады.
Бүгінгі таңда бәсекеге қабілетті ел болудың жалғыз жолы сапалы білім жүйесін қалыптастыру. Мемлекет тарапынан да жаңа мектептер салынып, цифрлық технологиялар ауылдық жерлерге дейін қолжетімді болып жатыр. Дегенмен, бұл бағыттағы жұмыстар тек инфрақұрылыммен шектелмей, ұстаздардың кәсіби біліктілігін арттыру және оқу мазмұнын жаңғырту арқылы жүйелі түрде жалғасуы тиіс. Ауыл ұстаздарының бала жанының бағбаны болып, білім нәрімен сусындатып, шәкірт тәрбиелеуде аянып қалған жоқ.. Ұстаз ұлттың ұстыны емес пе?
ДАМУДЫҢ ДАҢҒЫЛ ЖОЛЫНДА
Қазақстан үшін ауылдың дамуы мен ауыл шаруашылығының әлеуетін арттыру – ұлттық қауіпсіздік, азық-түлік тәуелсіздігі мен демографиялық тұрақтылықпен тікелей байланысты стратегиялық маңызды мәселе. Ауыл елдің түп тамыры, руханият пен салт-дәстүрдің ошағы ғана емес, сонымен қатар экономиканың аграрлық әлеуетін толық ашатын басты алаң. Ауылдың экономикалық әлеуетімен қатар, оның әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту басты міндеттердің бірі. Бүгінде Тасарық ауылдық округі бойынша 1307 бас мүйізді ірі қара, 3272 бас уақ мал, 2215 бас жылқы малы бар. Барлық мал басы бірдейлендіріліп, базаға енгізіліп, сырғаланған. Көркейту-көгалдандыру, абаттандыру. Елді мекендерді көгалдандыру, көркейту жұмыстарына бюджеттен 780,0 мың теңге бөлініп, оның 780,0 мың тенгесіне «Алижан» ЖК жеңімпаз атанып жұмыстар толығымен игерілген.
– Елді мекендерді санитарлық тазалық жұмыстарына бюджеттен 559,0 мың теңге бөлініп, оның 394,0 мың тенгесіне «Кайырбек» ЖШС-і жеңімпаз атанып жұмыстар толығымен игерілді.Елді мекендердергі көше жарық шамдарын күтіп ұстау жұмыстарына бюджеттен 524,0 мың теңге бөлініп, оның 414,4 мың тенгесіне «SYR BELESI» ЖШС-і жеңімпаз атанып жұмыстар толығымен аяқталды. «Абаттандыру мен көгалдандыру» бағдарламасы бойынша Лақалы ауылындағы жасанды спорт алаңын ағымдағы жөндеу жұмыстарына аудандық бюджеттен қаралып мемлекеттіік сатып алу кортындысы бойынша ЖК «Сарабеков» 3117,6 теңге ұтып алып, жұмыстар толық аяқталып пайдалануға берілді. Тасарық ауылдық округі бюджетінің өз кірістерінің жоспары 3100,0 мың теңгеге ұлғайтылды. Ұлғайтылған 3100,0 мың теңге «Елді мекендерді абаттандыру мен көгалдандыру» бағдарламасына Тасарық ауылдық округінің ауыл тұрғындарының өтініштеріне сәйкес бақшылық жерге аяқ су жеткізуге көгалдандыру мақсатында 300,0 мың теңгеге қажетті құбыр сатып алынды, – дейді ауыл әкімі Алмұхан Ерғалиұлы.
Иә, қазақ үшін ауыл ұғымы тек географикалық мекен немесе шаруашылық орталығы емес, ол ұлттық кодтың сақталушысы, ата-бабадан қалған салт-дәстүр мен имандылықтың қайнар көзі. Қалалық қарқынды өмір мен жаһандану дәуірінде ауыл тыныштығы, табиғатпен үндестік және шынайы адамгершілік қарым-қатынастар әрқашан өз құндылығын жоғалтқан емес.Ауыл топырағынан шықпаған, оның тыныс-тіршілігін сезінбеген қазақ кемде-кем шығар. Ауылдың басты байлығы– оның қарапайым, ақкөңіл, қонақжай халқы емес пе?
Соңғы жылдары Қазалы ауданына қарасты ауылдарда құрылыс, абаттандыру жұмыстары қарқын алып, келбеті көркейіп, елдімекендердің ажары артып келеді. Соның ішінде өзіндік тұрмыс-тіршілігі түзу Тасарық жайында сөз еттік. Шежіресі мен даму тарихы тереңде жатқан ауылдың алда атқарар әлі де ауқымды жобалары аз емес.
Ауыл әкімінің айтуынша, алдағы уақытта бірнеше жоба мен жоспар жүзеге аспақ. Қазақстан Республикасы Президентінің стратегиялық бағдарламаларын ауылдық округ көлемінде іске асыруға, азаматтардың әл-ауқатының өсуін қамтамсыз етуге, округ тұрғындарының тұрмыс жағдайының жақсаруына ықпал етілмек. Шағын кәсіпкерлікті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашып, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге жұмыс жасайды. Мемлекеттік бағдарламаларда көрсетілген бағыттарын басшылыққа алып пәрменді жұмыс жасап, ауылдағы тұрмысы төмен отбасыларға, қамқоршысынан айырылғандар мен мүгедектерге қамқорлық көрсетіп, олардың мұң-мұқтаждарын тиісті орындарға жеткізу және жаңа жұмыс орындары ашылған жағдайда жұмыспен қамтамасыз етпек.
ТҮЙІН:
Ел үшін ауыл мәселесі әрқашан өзекті, мемлекеттік деңгейдегі маңызды басымдықтардың бірі болып қала береді. Ауыл – ұлттық руханияттың, салт-дәстүр мен демографиялық тұрақтылықтың түп қазығы. Бүгінгі таңда жаһандық өзгерістер мен цифрлық дәуір талабы ауылды дамытудың жаңа тұжырымдамаларын қабылдауды талап етіп отыр.Ауылдың экономикалық тұрғыдан өркендеуі ең алдымен ондағы халықтың әлеуметтік жағдайы мен өмір сүру сапасына тікелей байланысты. Соңғы жылдары бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын көз көріп жүр.Ауылдың дамуы – бұл экономикалық көрсеткіштерді жақсарту ғана емес, бұл – ұлттың рухани тамырын сақтап қалудың кепілі. Ауыл мен қала арасындағы әлеуметтік алшақтықты жойып, инфрақұрылымын қаламен теңестірген жағдайда ғана қуатты әрі бәсекеге қабілетті мемлекет бола аламыз.
Айнұр ӘЛИ












