Құрылтай
Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Өнер мен өнегенің ошағы

Өнер мен өнегенің ошағы


Басылымның әр санын ауылдық мәдениет ошақтарының тыныс-тіршілігіне арқау етіп келеміз. Бұл жолғы кезек – Басықара ауылдық клубында. Тарихы тереңнен тамыр тартқан бұл мәдени мекен ауыл тұрғындарының рухани өмірінде айрықша орын алып, талай буынның өнерге деген ықыласын ұштап келеді.

Кешегі келбет, бүгінгі бейне
Басықара ауылдық клубы 1965 жылы бой көтеріп, пайдалануға берілген. Алпыс жылдан астам уақыт ішінде мұнда сан алуан мәдени-көпшілік іс-шаралар, концерттер, кездесулер мен мерекелік кештер ұйымдастырылып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Клуб қабырғасында талай таланттың тұсауы кесіліп, ауыл өнерінің өрісі кеңейді.
Клуб жұмысының жандануына №64 жылжымалы механикаландырылған колонна жанынан құрылған «Жастар» ансамблінің үлесі ерекше болды. Өнер ұжымы ауыл мәдениетінің дамуына серпін беріп, халықтың өнерге деген қызығушылығын арттырды. Сол кезеңде киномеханик Рамберді Әбдіраманов жұбайы Қарлығашпен бірге ауыл тұрғындарына көркем және деректі фильмдер көрсетіп, олардың рухани демалысын ұйымдастыру жолында аянбай еңбек етті.
1986 жылы жас маман Әли Мырзатаев клубқа сүйемелдеуші болып қабылданып, кейін мекеме меңгерушісі қызметін атқарды. Ол ауыл өнерпаздарын ұйымдастырып, мәдени-көпшілік жұмыстардың мазмұнын байытуға зор үлес қосты. Оның бастамасымен көптеген талантты жастар өсіп шығып, түрлі концерттер ұйымдастырды. Өнерпаздар аудандық, облыстық және республикалық деңгейдегі байқауларда бақ сынап, Басықара ауылының мерейін асқақтатты.
2007 жылы клуб тізгінін Лаура Шайхиева қолға алды. Оның жетекшілігімен ұлттық салт-дәстүр мен отбасылық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған жаңа жобалар жүзеге асты. «Келіндер» сайысы, «Әже мен немере», «Жеңге мен қайын сіңлі» байқаулары ұйымдастырылып, кейін дәстүрлі мәдени шараларға айналды. Сонымен қатар ауыл жастарын өнерге баулуға басымдық беріліп, шығармашылық ұжымдар көршілес ауылдарға концерттік бағдарламалар ұсынып, аудан тұрғындарына рухани демалыс сыйлады.
2013 жылы мекеме «Басықара ауылдық клубы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны болып қайта құрылды. Ал 2014 жылы штаттық құрылым кеңейтіліп, 1,0 штат әдіскер, 1,0 штат қарауыл және 0,5 штат есепші бірлігі қосылды.
Қазіргі таңда клубта 5,5 штат бірлігі бойынша 7 қызметкер еңбек етеді. Атап айтсақ, меңгеруші, әдіскер, сүйемелдеуші, есепші, тазалықшы және қарауылдар өз міндеттерін атқаруда. Жылу беру маусымында қосымша екі от жағушы қызметке тартылады.
Мекеменің материалдық-техникалық базасы орташа деңгейде. Демеушілердің қолдауымен 10 домбыра, 1 баян және 1 гитара алынған. Дегенмен дыбыс күшейткіш аппаратурасы ескіріп, жаңартуды қажет етеді. 2024 жылы көрермен залының орындықтары толықтай қайта қапталып, жаңартылды. Сонымен қатар клубта екі компьютер, түрлі-түсті принтер және телефон қолданыста.
Клуб ауласы әрдайым таза, түрлі гүлдермен көмкерілген. Фойеде де бөлме гүлдерінің сан алуан түрі өсіріледі. Ұқыптылық пен әсемдікті жанына серік еткен клуб басшысы Лаура Серікқызының гүл өсіруге деген ерекше ықыласы ұжым мүшелеріне де үлгі болып отыр. Қызметкерлер бос уақыттарында өздері еккен гүлдерді күтіп-баптап, ауланы көгалдандыруға белсене атсалысады.
Ауызбіршілік пен жауапкершілікті басты қағида еткен ұжымның жетістігі де аз емес. Соның жарқын дәлелі – 2023 жылы Басықара ауылдық клубының республикалық «Үздік клуб» байқауында Бас жүлдені жеңіп алуы. Бұл – ұйымшыл ұжымның еселі еңбегінің нақты нәтижесі.
Бүгінде клуб жанынан жеті үйірме тұрақты жұмыс істейді. Оларға 5 пен 75 жас аралығындағы 85 тұрғын қатысады. Атап айтқанда, «Көңілді нота» ән үйірмесі, «Жауһар» көркемсөз үйірмесі, «Қосішек» домбыра үйірмесі, «Күміс оймақ» қолөнер үйірмесі, «Үміт» балалар хоры, «Ар-дана» әжелер ансамблі және «Мырзатаевтар» жанұялық ансамблі ауыл мәдениетінің дамуына өз үлестерін қосып келеді.
Үйірме мүшелерінің жетістіктері де ауыз толтырып айтарлықтай. Олар ауылдық іс-шараларға белсене қатысумен қатар, аудандық, облыстық, республикалық және халықаралық байқауларда жүлделі орындар иеленіп жүр. 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында клуб үйірмелерінің қатысушылары 2 халықаралық, 4 республикалық, 8 облыстық және 25 аудандық байқауға қатысып, ауыл мерейін үстем етті.
Әсіресе «Ар-дана» әжелер ансамблінің жетістігі ерекше назар аудартады. 2025 жылдың екінші жартыжылдығында ансамбль Қазақстанның атынан Өзбекстанның Ташкент және Қырғызстанның Бішкек қалаларында өткен халықаралық байқауларға қатысып, жүлделі орындармен елге оралды. Осы табыстары үшін ұжым 2026 жылдың ақпан айында аудан әкімінің қабылдауында болып, Алғысқа ие болды.
– Бүгінде клуб жанындағы үйірмелер ауыл мәдениетінің дамуына үлкен серпін беріп отыр. Қатысушылардың жетістігі – ұжымның ортақ еңбегінің нәтижесі, – дейді мекеме басшысы Лаура Серікқызы.

Мәдени шараның маңызы зор
2026 жылдың алғашқы алты айында клуб ұжымы 60-қа жуық мәдени-көпшілік іс-шара өткізіп, 5930 көрерменді қамтыды. Оның ішінде бір облыстық және екі аудандық деңгейдегі ауқымды шара ұйымдастырылып, ауыл өміріне ерекше серпін берді.
Жылдың алғашқы тағылымды кештерінің бірі 24 қаңтар күні өтті. «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығының «Жанұя шуағы» бағыты аясында ауылдық клуб қызметкері Берік Шарапиевтің 63 жасқа толуына орай «Еленген еңбек, абыройлы міндет» атты зейнетке шығарып салу кеші ұйымдастырылды. Ұзақ жылдар мәдениет саласында еңбек еткен азаматтың адал қызметі еленіп, әріптестері мен ауыл тұрғындары ақжарма тілектерін арнады.
Ал 13 ақпан күні Басықара ауылы өнер мерекесіне айналған аудандық байқауды қабылдады. Қазақстан Республикасының Мәдениет саласының үздігі, Бүкілодақтық көркемөнерпаздар фестивалінің лауреаты, әнші әрі жүргізуші Кенже-Әлі Асқардың 75 жасқа толуына орай «Шарықта, қазақ дауысы!» атты аудандық әншілер байқауы өтті. «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығының «Арт-уақыт» бағыты бойынша ұйымдастырылған бұл байқауға 40 пен 70 жас аралығындағы 12 талапкер қатысты.
Өнер додасы екі кезең бойынша өрбіді. Алғашқы кезеңде қатысушылар патриоттық әндерді орындаса, екінші кезеңде қазақ композиторларының шығармалары мен халық әндерін өз нақышына келтіріп шырқады. Байқау қорытындысында Басықара ауылының өнерпазы Сейсенов Ғалымбек жүлделі ІІІ орынды иеленіп, ауыл мерейін үстем етті.
21 сәуір күні өткен тағы бір мазмұнды шара да көптің көңілінен шықты. Басықара, Қ.Пірімов, Жанқожа батыр және Шәкен ауылдарында бірнеше жыл әкімдік қызмет атқарып, елдің жанашыр ағасы атанған марқұм Тастайбек Сермахановтың 70 жылдығына орай «Мен сенің өміріңнің жалғасымын» атты аудандық әке мен бала сайысы ұйымдастырылды. Сайысқа қатысқан Басықара ауылының тұрғыны Сейтекен Болат ұлы Нұрисламмен бірге өнер көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Әке мен бала арасындағы сыйластық пен сабақтастықты дәріптеген бұл байқауда олар «Көрермен көзайымы» атанды.
15 мамыр күні өңір өнерінің өрісін кеңейткен ірі мәдени шара өтті. СССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Шынтас Нұрқожаевтың 90 жылдығы аясында «Еңбек ерін жырлаймыз» атты облыстық арнау айтушылар байқауы ұйымдастырылды. Бұл байқау еңбек адамын ұлықтап, ұлттық өнердің мәйегін дәріптеуге бағытталды.
Басықара ауылдық клубының қызметі тек концерт пен байқаумен шектелмейді. Мұнда ауыл азаматтарының өміріндегі маңызды белестер де елдік сипатта аталып өтеді. Адал еңбекпен келген абыройлы зейнет – адам ғұмырының ең қадірлі кезеңдерінің бірі. Осындай мерейлі сәт ұзақ жылдар мемлекеттік қызметте және салық саласында жемісті еңбек еткен, бүгінде Басықара ауылдық округі әкімі аппаратының маманы Гүлшара Макарқызының зейнеткерлікке шығуына арналған құрмет кеші өтті. Кеш барысында әріптестері мен ауыл тұрғындары еңбек ардагеріне алғыстарын білдіріп, ақ тілектерін арнады.
Осылайша, Басықара ауылдық клубында өткен әрбір шара жай ғана мерекелік басқосу емес, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін, ұрпақ сабақтастығын нығайтатын, өнер мен еңбектің қадірін ұлықтайтын рухани кеңістікке айналып отыр. Ауылдың мәдени тынысы дәл осындай шынайы, жүрекке жылы шаралар арқылы тереңдей түсетіні анық.

Алған асу аз емес
Кәсіпорын басшысы Лаура Шайхиеваның айтуынша, клуб жанынан құрылған көркемөнерпаздар үйірмелерінің мүшелері түрлі деңгейдегі байқауларда тұрақты түрде бой көрсетіп, ауыл абыройын асқақтатып жүр.
2026 жылдың алғашқы алты айының өзінде клубтың 27 қатысушысы 26 байқауға қатысып, жетістік қоржыны толыққан. Аңдасақ, ауыл өнерпаздарының халықаралық, респбуликалық байқаулардағы бәсі биік. Оған төмендегі тізбек дәлел.
1 наурыз күні «Ақсұңқар» балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен өткен халықаралық өнер байқауында «Жауһар» көркемсөз үйірмесінің мүшесі Еркеназ Совет көркемсөз жанры бойынша ІІ орынды еншіледі.
21 ақпан күні Алматыдағы «Жеті өнер» балалар шығармашылық орталығы ұйымдастырған «Мәңгі жаса – жаңғырған Ұлы далам!» атты республикалық патриоттық өнер байқауында «Көңілді нота» ән үйірмесінің мүшесі Заманбек Хамидұлы вокал жанры бойынша Бас жүлдені жеңіп алды. Бұл жеңіс оған 7–10 мамыр аралығында Алматы қаласында өткен халықаралық байқауға жолдама сыйлады.
Келесі күні, яғни 22 ақпанда, «Атадан мұра» қоғамдық қоры ұйымдастырған «Дарабоз» республикалық көпжанрлы өнер байқауында дәл осы Заманбек Хамидұлы вокал жанры бойынша ІІ орынды иеленіп, тағы да халықаралық байқауға жолдама алды.
18 сәуір күні Қызылорда қаласында өткен республикалық «Дала сазы» байқауында Басықара ауылының төрт жасар бүлдіршіні Хамидқызы Хабиба көркемсөз жанры бойынша Бас жүлдені жеңіп алып, халықаралық кезеңге жолдама иеленді. Жас ерекшелігіне қарамастан сахнада еркін өнер көрсеткен бүлдіршін көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Облыстық байқауларда да басықаралық өнерпаздар олжасыз қайтқан емес. 5 наурыз күні Дина Нұрпейісованың 160 жылдығына орай Шиелі ауданындағы Байсын ауылдық мәдениет үйі ұйымдастырған «Ғасырлар пернесі» атты облыстық домбырашы қыздар байқауында «Қос ішек» үйірмесінің мүшесі Қалдыбек Қарақат ІІІ орынды иеленді.
27–28 сәуір күндері өткен XXVIII облыстық «Бозторғай» конкурсында жас әнші Құдайберген Раяна жоғары деңгейде өнер көрсетіп, ІІ орынға қол жеткізді. Ал 18 сәуірде өткен «Silk Way Creative Games» XVII Ұлттық жастар дельфин ойындарының іріктеу кезеңінде Жақсылық Айару көркемсөз жанры бойынша ІІ орын мен күміс медаль иеленіп, ақтық кезеңге жолдама алды.
22 сәуір күні Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығына арналған «Мәңгілік мұра – Мұқағали жырлары» атты облыстық көркемсөз байқауында «Жауһар» үйірмесінің жас таланты Жақсылық Айару тағы да ІІ орыннан көрінді. Бұл оның өнердегі тұрақты ізденісінің жемісі деуге болады.
15 мамыр күні Басықара ауылдық клубының ұйымдастыруымен өткен «Еңбек ерін жырлаймыз» атты облыстық арнау айтушылар байқауында клуб әдіскері Іскендір Айтолқын Нұрдәулетқызы Бас жүлдені жеңіп алды. Ал 16 мамыр күні Жалағаш ауданында өткен «Өнерлі бала» облыстық балалар шығармашылығы байқауында Қуантай Ерсұлтан белсенді өнер көрсетіп, Алғыс хатпен марапатталды.
Ауыл өнерпаздары аудандық додаларда ешкімге дес берген емес.
6 ақпан күні өткен «Әсем үн, маржан сөз» аудандық жүргізушілер байқауында Сәду Әлішер ІІ орын иеленсе, Талғатұлы Ерқанат пен Ерікқызы Лаура белсенді қатысқаны үшін дипломмен марапатталды.
10 ақпан күні Кеңес Дүйсекеевтің 80 жылдығына арналған «Сәлем саған, туған ел» аудандық әншілер байқауында Ермақан Талғатұлы ІІ орынды иеленді. 13 ақпанда өткен «Шарықта, қазақ дауысы!» аудандық байқауында Сейсенов Ғалымбек ІІІ орыннан көрінді.
20 және 24 ақпан күндері өткен Кеңес Дүйсекеевке арналған аудандық байқауларда «Көңілді нота» үйірмесінің мүшелері Қалдыбек Қарақат пен Қаназ Бибінұр Алғыс хатпен марапатталды.
Сәуір айы да табысты өтті. 9 сәуір күні «Ұлт рухын ұлықтаған сазгер» атты аудандық жазба ақындар мүшәйрасында Әби Асылзада Бас жүлдені жеңіп алды. 10 сәуірдегі «Үйірме – өнер баспалдағы» байқауында Талғатқызы Назерке ІІІ орын, Жақсылық Айару ІІІ орын иеленсе, Ясина Мейрамбек Алғыс хатпен марапатталды.
15 сәуір күні өткен «Сырдан басталған жыр жолы» аудандық көркемсөз оқу шеберлері байқауында Жақсылық Айару «Үздік дикция» номинациясына ие болды. Сол күні ұйымдастырылған «Мұра – халық қазынасы» көрме-байқауында Әлдебай Альмира Басықара баба мазары мен ауылдағы Су торабының макетін таныстырып, «Тарих тынысы» бағамымен марапатталды.
21 сәуірде өткен «Мен сенің өміріңнің жалғасымын» аудандық әке мен бала сайысында Сейтекен Болат пен ұлы Нұрислам «Көрермен көзайымы» атанды.
22 сәуір күні Дина Нұрпейісованың 165 жылдығына арналған «Күй толқыны – ұлт рухы» аудандық ансамбльдер байқауында «Мырзатаевтар» жанұялық ансамблі І орынды жеңіп алды. Бұл – отбасылық өнер дәстүрінің жарқын көрінісі.
24 сәуірде өткен «Желтоқсан шежіресі – елімнің мәртебесі» аудандық мүшәйрасында Әби Гүлзада Алғыс хатпен марапатталды. Ал 13 мамыр күні Қажымұқан Мұңайтпасовтың 155 жылдығына арналған «Күш атасын танымас» аудандық жігіттер сайысында Ермақан Талғатұлы ІІІ орын иеленді.
Сонымен қатар еңбек адамы Ақмырза Өтегенұлының 80 жылдығына арналған «Ақ баталы абыздар» облыстық батагөйлер байқауында Басықара ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы Шәкірат Айнадинұлы қатысып, Алғыс хатпен марапатталды.
Осы жетістіктердің барлығы – бір ауылдың ғана емес, тұтас өңір мәдениетінің әлеуетін танытатын көрсеткіш. Басықара ауылдық клубының өнерпаздары үлкен сахнаны бағындыру жолында табандылық танытып, ауыл атын халықаралық, республикалық, облыстық және аудандық деңгейде абыроймен танытып келеді. Өнерге деген шынайы ықылас пен жүйелі еңбектің нәтижесі осындай болмақ.
Қош. Өткеннің өнегесін бүгінмен сабақтастыра білген Басықара ауылдық клубы алдағы уақытта да өнердің өрісін кеңейтіп, ұлттық құндылықтарды дәріптеу жолындағы игі қызметін абыроймен жалғастыра беретіні анық.

Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ
28 шілде 2026 ж. 42 0

Бәсі биіктеген бизнес

28 шілде 2026 ж. 25

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031