Құрылтай
Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Орны бөлек мәдениет ордасы

Орны бөлек мәдениет ордасы

Ауылдың рухани өмірінде мәдениет ошақтарының алар орны ерекше. Уақыт талабына сай бүгінгі таңда ауылдық клубтардың қызметі де жаңаша бағыт алып, тұрғындардың мәдени демалысын ұйымдастырумен ғана шектелмей, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін, өнерпаздарды қолдайтын, жас ұрпақтың шығармашылығын шыңдайтын маңызды орталыққа айналып отыр.
Сондай мәдениет мекемелерінің қатарында Бірлік ауылдық клубының да өзіндік орны бар. Мұнда ауыл тұрғындарының басын біріктіретін түрлі мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылып, дәстүр мен заманауи бағыт сабақтастығы қалыптасқан.
Ауылдық клубтың іргесі 1963 жылы қаланған. Содан бері алпыс жылдан астам уақыт өтсе де, ауылдың рухани өміріне қызмет етіп келеді. Әрине, уақыт өз таңбасын қалдырмай қоймаған.
Қолда бар деректерді сөйлетсем, Бірлік ауылдық клубы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны Қазалы ауданы әкімдігінің 2014 жылғы 25 шілдедегі №267 қаулысына сәйкес құрылған. Оған басқарушы орган ретінде Бірлік ауылдық округі әкімі аппараты бекітілген. Содан бері мәдениет үйінің тынысын кеңейтіп, материалдық-техникалық базасын нығайту бағытында азды-көпті жұмыстар жүзеге асырылып келеді.
2014 жылы аудандық бюджеттен мәдениет үйіне 66,7 мың теңге бөлініп, бір дана домбыра аспабы алынды. Уақыт өте келе заман ағымына сай техникалық құралдар да жаңартыла бастады.
2018 жылы аудандық бюджеттен 195 мың теңге бөлініп, бір компьютер сатып алынса, сол жылы 2 232,0 мың теңгеге жаңа дыбыс күшейткіш аппаратурасы алынған. Соның арқасында ауыл сахнасының үні бұрынғыдан анық шығып, концерттер мен мәдени кештердің көркі кіре түскен.
Ал 2022 жылы жергілікті бюджеттен 40,0 мың теңге қаралып, ғимаратқа ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сол жылы Бірлік ауылдық округі әкімі аппараты тарапынан «Бірлік ауылдық клубы» МКҚК жұмысына 15 065,0 мың теңге бөлініп, оның төрт айында 5 659,0 мың теңгесі игерілген. Мәдени ошақта оң өзгерістер орын алып жатқаны көңіл қуантады, әйтсе де мына бір жайт көңілге кірбің түсірмей қоймайды.
Қолдағы мәліметке сүйенсек, кәсіпорынның техникалық құжаттары әлі күнге мемлекеттік тіркеуден өтпеген. Оның себебі де белгілі. Клуб үйі «Алшын» ЖШС-нің теңгерімінде қалып, 2017 жылы банкке кепілдікке қойылған. Салдарынан құжаттарды толық заңдастыру мәселесі созылып келеді.
Мәдениет ошағының өміршеңдігі ең алдымен ондағы қызметкерлердің еңбегімен өлшенетіні анық. Бұл тұрғыдан алғанда Бірлік ауылдық клубының тыныс-тіршілігі тоқырап қалған деуге келмейді. Бүгінде мұнда 5,5 штаттық бірлік бойынша 6 қызметкер еңбек етіп, ауылдың мәдени өміріне серпін беріп келеді. Олар тұрғындардың бос уақытын мазмұнды ұйымдастырып қана қоймай, ұлттық өнерді насихаттап, жас ұрпақтың бойына өнерге деген сүйіспеншілікті сіңіруге де айрықша үлес қосуда.
Қазір клуб жанынан ән, би, домбыра, көркемсөз және «От Ана» әжелер ансамблі бағытында 5 үйірме тұрақты жұмыс істейді. Бұл үйірмелерге барлығы 57 өнерпаз қатысады. Әрқайсысының өзіндік бағыты бар.
Осы үйірмелердің ішінде ауыл тұрғындарының ерекше ықыласына бөленген ұжымның бірі – 2005 жылы құрылған «От Ана» әжелер ансамблі. Құрамында 10 өнерпаз ана бар ансамбльге Гүлжахан Шакирова жетекшілік етеді. Жасы ұлғайса да өнерге деген құлшынысы мен сахнаға деген сүйіспеншілігін жоғалтпаған әжелер көптің көңілінен шығып жүр.
Ансамбль ауыл көлеміндегі ғана емес, аудандық деңгейде ұйымдастырылатын мәдени-көпшілік іс-шараларға да белсенді қатысып, ұлттық ән өнерін насихаттауда. Бүгінде олардың репертуарында ел арасында кеңінен танылған халық әндері мол. Атап айтқанда, «Беу, айдай», «Сусамыр елдің жайлауы», «Сәулем-ай», «Үкілі қыз», «Дедім-ай ау», «Ой, дүние-ай», «Гүлдерайым» сияқты халықтың жүрегінен орын алған туындыларды нақышына келтіре орындайды.
Ауылдық клуб тек өнер бәйгелерінде оза шауып, шығармашылық жетістіктерімен танылып қана қоймай, тұрғындардың рухани дамуына, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және қоғамдық белсенділікті арттыруға бағытталған мазмұнды шараларды да тұрақты ұйымдастыруда. Танымдық кездесулер, тағылымы мол сұхбаттар, тәрбиелік бағыттағы жобалар мен көпшіліктің көңілінен шығатын мәдени-көпшілік шаралар – ауыл өмірінің ажарын айшықтап, тұрғындардың бірлігін бекемдей түсуде. Ендеше, осы бағыттағы атқарған ауқымды жұмыстарын ретімен тарқатып өтсек.
Жыл басында клубы жанынан құрылған «Домбыра дастан» үйірмесінің шәкірттері өнер додаларында жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, ауыл мерейін асқақтатты. Мәселен, республикалық «Дала сазы» өнер байқауында үйірме мүшесі Мұхтар Бейбарыс Тұрарұлы өнер көрсетіп, өзінің шебер орындаушылығымен ерекшеленіп, ІІ дәрежелі лауреат атанды.
Сонымен қатар облыстық «Күй күмбірі» күйшілер байқауында да Мұхтар Бейбарыс Тұрарұлы ұлттық күй өнерін лайықты деңгейде насихаттап, Алғыс хатпен марапатталды.
Ал биылғы жылдың алғашқы алты айында Бірлік ауылдық клубы «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығының жеті бағыты аясында мазмұны терең, тәрбиелік мәні зор көптеген мәдени-көпшілік іс-шараларды ұйымдастырды.
Жыл шымылдығы 15 қаңтар күні ауылдық клуб пен ауылдық кітапхананың бірлескен «Жасанды интеллект – жаңа білім өрісі» атты дөңгелек үстелімен ашылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында көтерілген заманауи білім беру мен цифрлық технологиялар мәселелері кеңінен талқыланып, жастардың жаңа мүмкіндіктерге деген қызығушылығы артты.
20 қаңтарда ауылдың ақсақалдары мен жастарының басын қосқан «Ағаның айтар ақылы» атты тағылымды кездесу кеші ұйымдастырылды. Ақылман қариялардың өмірлік тәжірибесі мен өнегелі сөздері жастарға бағыт-бағдар беріп, ұлттық тәрбиенің маңызын терең сезіндірді.
Жас өнерпаздарды қолдау мақсатында 4 ақпан күні «АРТ уақыт» жобасы аясында «Ән шуақ» атты оқушылар арасындағы ән байқауы өткізілді.
Ал 5 ақпанда ауылдық кітапханамен бірлесіп ұйымдастырылған «Сұхбат TIME» жобасы аясында ауыл ардагері Алданазар Демеу ақсақалмен «Адал еңбек – абыройдың бастауы» атты тағылымды сұхбат өтті. Кездесу барысында еңбекқорлық, адалдық пен елге қызмет ету секілді асыл қасиеттер кеңінен әңгімеленді.
Көктем мерекелері де ауыл тұрғындарының басын қосқан мазмұнды шараларға ұласты. 1 наурыз – Алғыс айту күніне арналған «Алғыс айту – парызым» атты мерекелік концерт ауыл тұрғындарына көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында өткен «Ару – Ана, өмірдің асылдары» атты мерекелік концертте аналар мен аруларға құрмет көрсетіліп, әсем әндер шырқалды.
30 сәуірде Бірлік ауылдық клубы мен №102 орта мектептің ұйымдастыруымен 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған «Тілі басқа – тілегі бір, жүзі басқа – жүрегі бір» атты мерекелік концерт өткізілді.
2026 жылы мемлекет қайраткері әрі даңқты қолбасшы Жалаңтөс Баһадүр Сейітқұлұлының туғанына 450 жыл толуына және 18 сәуір – Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күніне орай ауыл оқушылары Жалаңтөс баһадүр кесенесіне арнайы экскурсия жасап, тарихи мұрамен танысты.
Кесене басында Жалаңтөс баһадүрдің сегізінші ұрпағы Өткелбаев Алтынбек кесененің тарихы мен баба өмірі туралы қызықты деректер айтып, жас ұрпақтың тарихи танымын кеңейтті.
Ауылдық клуб жыл бойы еліміздің белгілі тұлғаларына арналған мәдени шараларды тұрақты өткізіп келеді. Соның жарқын көрінісі – 28 сәуірде қазақтың көрнекті ақыны, сазгері, драматургі Бәкір Тәжібаевтың 100 жылдығына арналған аудандық әншілер байқауы болды.
Байқауға ауданның әр өңірінен келген 11 өнерпаз қатысып, екі кезең бойынша өнер көрсетті. Әсем ән мен жоғары орындаушылық шеберлік тоғысқан байқауда ауыл өнерпазы Әйгерім Кубекова жүлделі ІІІ орынды иеленіп, ауыл абыройын асқақтатты.
9 мамыр – Жеңіс күніне арналған «Ұлт жадындағы ұлы Жеңіс» атты іс-шарада майдангерлердің ерлігі дәріптеліп, олардың есімі ұрпақ жадында мәңгі сақталатыны айтылды.
Ал 21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай мәдениет саласының ардагерлері Бектұрған Ізтілеуов пен Таня Оспанова қатысқан «Өнерімен өрнек салған ардақтылар» атты кездесу кеші ұйымдастырылды. Кеш барысында ардагерлер мәдениет саласындағы еңбек жолдары туралы естеліктерімен бөлісіп, жастарға ақыл-кеңестерін айтты.
29 мамыр күні аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, Жанкент ауылдық мәдениет үйі және Бірлік ауылдық клубы өнерпаздарының қатысуымен «Көңілді жаз» атты концерт ұйымдастырылып, аудан тұрғындарына көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Ал 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесіне арналған «Біз бақытты ұрпақпыз» атты мерекелік шара балалардың шат күлкісіне, қызықты ойындар мен концерттік бағдарламаларға ұласты.
4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне арналған «Желбіресін көк туым, қазағымның төрінде» атты мерекелік концертте елдік рәміздердің қадір-қасиеті кеңінен насихатталды.
Наурыз мерекесі аясындағы «Наурызнама» онкүндігі де ауылда мазмұнды өтті. 15 наурыз – Қайырымдылық күні игі істер мен қайырымдылық шараларына арналса, 17 наурыз – Шаңырақ күні ауыл тұрғыны Меңдіқара Жеңісбектің шаңырағында «Қара шаңырақ» атты тағылымды сұхбат ұйымдастырылып, отбасы құндылықтары мен ұлттық салт-дәстүрдің мәні кеңінен сөз болды.
«Кино TIME» жобасы аясында 5 мамыр күні ауылдың 4-сынып оқушысы Таңатар Раяна Берекетқызының қатысуымен «Әке жолы» көркем фильмі балалар назарына ұсынылды.
Бағамдасақ, Бірлік ауылдық клубының атқарған жұмысы ауқымды, жеткен жетістігі де аз емес. Бірлікті ту еткен ұжым алдағы уақытта да игі бастамаларын жалғастырып, ұлттық құндылықтарды ұлықтау мен ауыл тұрғындарының рухани өмірін байыту жолында жемісті еңбек ете беретініне сенім мол.

Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ
25 шілде 2026 ж. 25 0

Сан мен сапа сәйкес пе?

25 шілде 2026 ж. 24

Қос кешен іске қосылды

25 шілде 2026 ж. 24

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031