Қазақстанда алғаш рет риелторлар сертификаттаудан өтуге міндеттеледі
Фото: depositphotos.comҚазақстанда алғаш рет риелторларды міндетті сертификаттау жүйесі енгізілуде. Жаңа тәртіп бойынша мамандар кәсіби біліктілігін растап, кейін бірыңғай тізілімге енгізіледі. Бұл тұрғын үй нарығындағы алаяқтықты азайтып, клиенттердің құқығын қорғауға бағытталған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 7-арнаға сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстандықтар риелторлардың жұмысына жиі шағымданатын болған. Тұрғындар риелторлардың артық қызмет ұсынатынына, жоғары комиссия алатынына және келісімшартты өз пайдасына жасайтынына шағымданады. Мамандардың бағалауынша, бүгінде бұл салада 25 мыңнан астам риелтор жұмыс істейді. Алайда олардың тек үштен бірі ғана ресми тіркелген. Қалғандары көлеңкелі нарықта жұмыс істейді, салық төлемейді және ресми түрде жұмыссыз ретінде есепте тұр.
"Сертификаттау – мемлекеттік қызметке іріктеу кезінде қолданылатын прокторинг технологиясы арқылы білімді тәуелсіз тексеру. Бұл жүйеде нәтижені сатып алу, көшіру немесе басқа адамның орнына тапсыру мүмкін емес. Кейін бұл жүйе сертификатталған риелторлардың бірыңғай электронды тізілімімен толықтырылады. Соның арқасында маман таңдау әрбір клиент үшін анағұрлым ашық әрі қауіпсіз болады. Сертификаттаудан pana-urp.kz сайтында өтуге болады", – делінген хабарламада.
Риелторлар қалай сертификатталады?
Бұл жүйенің маңызын Ұлттық риелторлар палатасының өкілдері түсіндірді. Дәл осы ұйым мыңнан астам сұрақтан тұратын тест базасын әзірлеген. Сертификаттау ақылы негізде жүргізіледі. Құны – 80 мың теңге, екі мүмкіндік беріледі. Егер үміткер 60 сұрақтың кемінде 45-іне дұрыс жауап берсе, бір жылға жарамды сертификат алады. Сонымен қатар жоба серіктесінің платформасында жарнамасын ілгерілетуге арналған бонустар да беріледі. Айта кетейік, алғашқы сертификат астаналық риелторға табысталды.
"Алғаш рет көрген адамға бірден толық сенім арта қою қиын. Сондықтан сертификаттау арқылы риелтордың кәсіби даярлығы, біліктілігі мен тәжірибесін тексереміз. Сұрақтардың шамамен 40–50 пайызы нақты тәжірибеге негізделген. Біздің ойымызша, сертификат маманның кәсіби дайын екенін және қызметті сапалы көрсететінін дәлелдейді", – деді PANA Ұлттық риелторлар палатасының вице-президенті Асет Айтбаев.
Тағы бір жаңашылдық – міндетті өзін-өзі реттеу жүйесін енгізу. Бұған тұрғындардың алдау фактілері мен бақылаудың жоқтығына қатысты көп шағымдануы себеп болған. Осы уақытқа дейін риелторлық қызмет нарығы жүйесіз дамып келді. Ал бұл мамандық заң жүзінде нақты реттелмеген. Сондықтан кез келген адам хабарландыру жариялап, өзін риелтор ретінде таныстыра алады.
"Ақшаны алып, ізім-ғайым жоғалып кеткен жағдайлар аз болған жоқ. Мұндай кезде клиент те, риелтор да қорғалмайды, өйткені қызмет көрсету туралы ресми келісімшарт жасалмаған. Біз барлық риелторды кінәламаймыз. Кейде клиент тарапынан да заңсыз әрекеттер болады. Сондықтан екі тараптың да құқығын қорғайтын жүйе қалыптастырып жатырмыз", – деді PANA Ұлттық риелторлар палатасының вице-президенті Асет Айтбаев.
Сарапшылардың айтуынша, сертификат – жай ғана емтихан емес. Ол маманның кәсіби стандарттарға сай жұмыс істейтінін, білімін дәлелдегенін және өз қызметіне жауапкершілік алуға дайын екенін көрсететін ресми белгі. Болашақта сертификаттау Қазақстандағы жылжымайтын мүлік нарығын реформалаудың маңызды бөлігіне айналмақ.
"Бұл – халықаралық тәжірибе. Көптеген елде риелторлар лицензияланады. Өйткені олардың қызметі бақылауда болуы тиіс. Ережелер, білім мен кәсіби құзырет қажет. Сондықтан мұндай сертификаттың болуы риелтор үшін де, клиент үшін де тиімді. Егер маманда сертификат болса, оның тәжірибесі, білімі мен біліктілігі бар деген сөз. Демек, оған баспана іздеу сияқты маңызды істі сеніп тапсыруға болады", – деді жылжымайтын мүлік нарығының сарапшысы Қуанбек Қалмақыш.











