Құрылтай
Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Миллиардтарсыз шығын немесе қалдықтарды қайта өңдеу

Миллиардтарсыз шығын немесе қалдықтарды қайта өңдеу

Сараптама

Қазалы ауданында «Taza Qazaqstan» экологиялық акциясы аясында жүздеген іс-шара ұйымдастырылып, 5 500 түп ағаш егілді. Бұл – ауданымыздың келбетін өзгертуге бағытталған маңызды қадам. Алайда, көшелер мен саябақтарды тазартумен қатар, қоғамда терең талдауды қажет ететін бір мәселе бар. Біз шығаратын қалдықты қайда жібереміз? Қалай тиімді пайдалана аламыз?Фото ашық дереккөзден

Бүгінде аймақтағы полигондардың жүктемесі артып келеді. Тұрмыстық қатты қалдықтардың басым бөлігі – пластик, қағаз, шыны және металл. Олар полигонға түскеннен кейін ондаған жылдар бойы шірімей, топырақты улайды. Аудан орталығы мен елді мекендердегі экологиялық мәдениетті көтеру – заман талабы. «Taza Qazaqstan» акциясы аясында өткен 50-ден астам тазалық іс-шарасы көрсеткендей, халық тазалыққа жауапкершілікпен қарайды. Ендігі кезекте осы тазалықты жүйелі түрде қоқысты сұрыптау мәдениетіне ұштастыру.

НЕГЕ СҰРЫПТАУ ТИІМДІ?

Экономикалық тұрғыдан қарасақ, қоқыс – бұл жай ғана қалдық емес, ол – қайта өңдеуге жарамды шикізат. Қайта өңдеу кәсіпорындары шикізатты арзанға сатып алып, одан дайын өнім шығарады. Егер ауданда кішігірім қайта өңдеу цехтарының ашылуы жергілікті кәсіпкерлер үшін тың бизнес-идея. Мысалы, аудандағы күнделікті шығатын пластик пен қағаз қалдықтарын престеп, өңдеуші зауыттарға өткізудің өзі тұрақты табыс көзі бола алады. Егер біз бүгіннен бастап қалдықтарды сұрыптауды қолға алсақ, алдағы 3-5 жылда аудандағы полигондардың жүктемесін 30-40%-ға төмендете аламыз. Бұл тек тазалық емес, қоршаған ортаға деген жауапкершіліктің жоғары деңгейі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы Сыр өңірінде қарқынды түрде жалғасуда. Акция аясында саябақтар, скверлер мен аллеялар аумақтарын абаттандыру, қоқыстардан тазарту, ағаш отырғызу сынды жұмыстар белсенді жүргізілуде. Қызылорда қаласы аумағындағы қоқыс полигонына Корея Республикасынан инвестор тартылып, қоқысты қайта өңдеу зауыты салында. Зауытқа 8 млрд теңге шамасында қаржы салынып, жылына 300 мың тонна қалдық сұрыпталып, қайта өңделуде. Нысан 2025 жылдың ІІ тоқсанына пайдалануға берілді.
Қалдықтарды сұрыптау және өңдеу саласындағы 8 жоба «Жасыл даму» акционерлік қоғамының қаржыландыру механизмі арқылы іске асырылады, 1 жобаға облыстық бюджеттен 475 млн теңге қаралыпты. Қазір Қызылорда қаласында құны 33 млрд. теңгені құрайтын 2 жоба жүзеге асты. Соның бірі – қолданыстағы полигонды жаңғырту жобасы. Қалдықтарды ұсақтау және өртеу қондырғылары, 32 арнайы техника (мусоровоз, экскаватор, жүк тиегіш, жүк тасымалдаушы, өрт сөндіру, суару автокөліктері), 3 мың евроконтейнер алынып, медициналық және құрылыс қалдықтары кәдеге жаратылуда Бұдан бөлек, шыны зауытқа шикізат ретінде жиналған шыны қалдықтары қолданылады.

ӘЛЕМДЕГІ ЖАЙ

Қалдықтарды сұрыптап, қайта өңдеу ісі бойынша Германия Еуропада алдыңғы орында. Бұл ел ең алғаш мұндай тәжірибені 1990 жылдардың басында іске асырып көрген. Әлі күнге дейін дамыту үстінде. Немістердің әрқайсысының пәтерінде қоқыс жинауға арналған кемінде үш түрлі ыдыс болады. Ол кейде тіпті сегізге дейін жетеді екен. Ескі батарейкалар мен аккумуляторлар ерекше әдіс арқылы жоюды қажет етеді. Себебі онда жоғары токсинді улы заттар бар. Ескі киімдер арнайы контейнерге салынады. Мәселен, Германияда кез келген сусынның бағасына ыдысының құны қосылады. Босаған кезде оны өткзіп ақшасын кері қайтарып алуға болады. Берлиндегі жасөспірімдер егер қоқыс жинап оны өткізсе, қаржылық марапатқа ие болады.
Ағылшындар қоқыс сұрыптауға қатаң қарайды. Бірақ жиналған жарамсыз қалдық күнделікті жиналмайды. Қоқыс жинау әр ауданда әр түрлі жүзеге асады. Кейбір көшелерде күнделікті жиналса, кейбір шеткі аудандарда екі-үш аптада бір тасиды. Мұнда тұрмыстық қалдықтарды дұрыс сұрыптамағаныңыз үшін айыппұл төлейсіз. Тіпті қалдық салатын бөшкелердің өз орнында тұрмағаны үшін айыппұл арқалауыңыз ықтимал. Кез келген дүкеннің алдында тағамға арналған, ескі киімдер мен электротехникаға арналған арнайы контейнерлерді көруге болады. Америкада қалдықтар пластик бөтелкелерге жиналады. Ал ол өз кезегінде әр үйдің қасында тұрған арнайы контейнерлерге салынады. Арайы қызмет өкілдері жиналған қоқысты сұраптауға алып кетеді. Іріктеуден өткен қалдықтар қайта өңделеді. Қағаз, пластмаса, шөлмектер – мұның барлығы тауар жасау үшін қолданылады. Бірақ қоқыстан жасалған ол тауарларға міндетті түрде неден жасалғанын білдіретін арнайы белгі қойылады. Қазір АҚШ экологиялық проблемаларға ерекше мән беріп, алаңдаушлық танытуда. Мәселен, бұл елде әр сағат сайын 2,5 миллион пластик шөлмек тасталады екен. Ал олардың әрқайсысының толық шіруі үшін 700 жыл қажет. Қазір елдің Нью-Йорк сияқты ірі қалаларында тұрмыстық қалдықтарды жою бойынша ауқымды мемлекеттік бағдарлама қолға алынған.
Қоқысты қайта іске асыру және сұрыптау бойынша франциялықтар алдыңғы орында. Францияда қоқыс өртейтін арнайы кешенді зауыттар салынған. Мысалы, Париж түбіндегі Иври-сюр-Сен зауыты жылына шамамен 600 мың тонна қоқыс өртейді. Қоқыстарды парализ тәсілі бойынша жоғары температурада өртейді. Соның әсірен зиянды улы заттар толық еріп, күлге айналады. Франция қоқысты сұрыптап жинау әдісі мен қайта өңдеу нәтижесінде 30% алюминий, 50% әйнек, сонша газет қағазын өңдіріп отыр. Күн шығыс елінде қоқыс қалдықтарына сұрыптауға өте кірпияз қарайды. Бұл елде тіпті қалдық тастағаны үшін полицияның ескертуін елемеген адамның сотталып кеткенін естісеңіз таң қалмаңыз. Жапондықтар жері шағын елінің экологиясын сақтау үшін барын салады. Жапонияда тұрмыстық қалдықтарды өртейді, ал одан алынған энергияны жылыту үшін қолданады. Тұрмыстық техникаларды қайта бұзып өңдеу үшін жөнелтеді. Бұл елде де әр жапондықтың үйінің алдында үш контейнер тұрады. Бірі пластмасаға арналса, екіншісі тағам, ал үшіншісі керексіз заттар үшін. Токио мен ірі қалаларда қоқыс контейнерлері қағаз, пластик, әйнек, темір, жанғыш, жанбайтын, қайта өндірілетін деп іріктеледі. Әр қалдықтың өзіне тиесілі түсті пакеттері болады. Жапондықтар қалдық өңдеу ісінде тым ілгері кеткен елдердің бірі. Тіпті аталған елде органикалық қалдықтардың өзінен құрылыс материалдарын жасап шығарады.
Ал Қытайда қоқыс жинау өз алдына бір кәсіп. Елдің көптеген тұрғындары күнде таңертең қағаз, шөлмек, пенопласт жинап өңдеуге өткізеді. Және сол үшін ақшасын алады. Бірақ соның өзінде Қытайдағы кейбір қалалардың айналасы қоқысқа толып қалған. Енді бір шаhарларында тұрмыстық қалдық тастайтын бос жер жоқ. Соған қарамастан Қытай осы кезге дейін шетелден әкелінген қалдықтарды қайта өңдеу үшін сатып алып отырды. Дегенмен, соңғы жылдары Қытай билігі бұл бастамадан бас тартып отыр. Шығыстағы көршіміз ұзақ жылдар бойы АҚШ, Ұлыбритания және Жапонияның қалдықтарын импорттап келген. Былтыр Қытай шеттен тасымалданатын қатты қалдықтың 24 түрін қабылдамайтынын ескертті.

ЕЛДЕГІ АХУАЛ ҚАНДАЙ?

Әлеуметтік желілерде тараған үнділердің видеосын көріп сіз де жағаңызды ұстаған боларсыз. Көлшік маңында өріп жүрген адамдар. Үйілген қоқыс. Лас жерде ас ішкен балалар. Бұл елде тұрмыстық қалдықтар мен қоқыстың жиналып қалуына ешкім бас қатырмайды. Тіпт кез келген ерекше қорғалған бақтар мен қорықтардың айналасына тау болып үйілген қоқыс қалдықтарын көруге болады. Кедей кепшіктер қоқыстан өздеріне керек жарағын іздеп тауып алады, кейбірі түнде қонатын лашық жасау үшін қоқыс теруге мәжбүр. Үндістанда да арнайы қоқыс жинаушылар бар. Бірақ миллиардтан аса халқы бар елде оларға күрес жүргізу қиынға соғуда. Жағдайымыз осы күйге түспесін десек, қам-қарекетімізді күшейткеніміз абзал. Елдегі билік өкілдері тыныш отқан жоқ. Мәселені қарап, бірқатар шаруаны қолға алуда. Мәселен, Президент шикізаттық өндірістердің құрылымы мен ұйымдастырылуын және табиғи ресурстарды басқаруға деген көзқарасты қайта қарау қажеттігін айтты. Кәсіпорындардың тұрақты жұмыс істеуі мен энергия тиімділігіне, сондай-ақ экологиялық саясатқа және энергия өндірушілердің тиімділігіне қойылатын талаптарды арттыру өте маңызды. Қазір Қазақстандағы баламалы энергия өндірісін 2030 жылға қарай 10 пайызға жеткізу алға қойылған нысананың бірі болып отыр.
Шығынның өзін пайдаға жаратуға болады. Мәселен, күнделікті тұрмыста шығып жатқан қоқыстың өзін кәдеге жаратуға сенесіз бе? Әлемнің алдыңғы қатарлы елдері қоқыстың өзін керекті ресурстарға айналдыруда. Қоқысты қайта өңдеп, пайдаға жарату өткір экологиялық проблемаларды шешумен қатар, полигондардан келетін экологиялық залалды күрт азайтуға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта әлемдегі 11 миллиард тонна қалдықтың төрттен бірі ғана жиналып, қайта өңделеді. Соңғы жылдары қоқыстан да пайда бар екендігін кәсіпкерлер қауымы түсіне бастады. Күнделікті өмірде аса мән бере бермейтін, тек жәй шаруаға балайтын дүние ертеңге өзекті болуы мүмкін. Әлемнің үздік өнертапқыштары үлкен құрылғы аппараттар арқылы қалдықты өңдеуге кірісіп кеткеніне де біраз уақыт болды. Қазақстанда қоқыстың қоры өңдеуге толықтай жетерлік деп айта аламыз. Өйткені бұған дейін ондай зауыттар ел аумағында болмаған еді. Тәуелсіздік жылдары нарықтық экономикалық жағдайда ғұмыр кешудеміз. Осыған орай шетелдің озық тәжірибесі бізге де жетті. Осыған дейін Нұр-Сұлтан, Шымкент, Алматы мегаполистерінде арнайы қоқыс өңдейтін зауыттар ашылғанын білеміз. Бұл жыл санап өз нәтижесін беруде. Яғни, бұрын аяқ алып жүру мүмкін болмаған полигондар енді қайта өңдеу аймақтарына ауысуда. Қалдықты өңдеп, одан күнделікті пайдаға асатын нәрселер жасалынуда. Тіпті шетелде аяқ киімнен бастап, базардан қайтқанда тұтынатын қол пакеттеріне дейін шығарады. Бұл дегеніміз ғылым мен технологияның жетілгендігін білдіреді. Тамақ қалдықтарын кәдеге жарату мен қайта өңдеу мәселелері де шешімін таппай отыр. Олардың қауіптілігіне жете мән берілмейді. Аталған проблемаларды шешу үшін қалдықтарды жинаудан бастап, қайта өңдеуге дейін кәдеге жаратудың тиісті механизмдерін әзірлеу қажет. Кәсіпорындардың көпшілігі қайталама шикізатты жинаумен, оны буып-түйіп, шетелге сатумен ғана айналысады. Ал қалдықтарды қайта өңдеп, түпкілікті өнім шығарып отырғандар аз.

ТҮЙІН:

Статистикаға сүйенсек, жылына орта есеппен үлкен қаланың әр тұрғыны 500 килограмм қоқыс шығарады екен. Ал шағын қаланың әр тұрғыны 150-200 килограмм қоқыс төгетін көрінеді. Осы бағытта жүргізілген зерттеулердің қорытындысы бойынша, қағаз ыдырау үшін 5-10, полиэтиленге 250-500, шыныға 1000 жыл керек. Мәселен, біз күнделікті тұтынатын пакеттер шіруіне 300 жыл уақыт қажет. Енді есептей беріңіз, біз айналасы бірнеше жылдан, ғасырларға ұласқан ұзақ мерзімдерде қандай ауа жұтудамыз. Көптеген экологтардың айтуына қарағанда, ол қалдықтардан бөлінетін улы заттар түрлі бактерологиялық аурулардың тууына себеп болады екен. Әсіресе, СПИД-тің таралуы, ауамен келетін ауру-сырқаулар біртіндеп қоқыс төгілетін полигондар маңындағы елді мекендер артынан барша қала, мемлекет, әлемге зардабын тигізеді. Жаһан күн сайын өзгеріп жатыр. Сол үдерістен қалмау үшін әлем елдері өз экономикасын әртараптандырып әлек. Біз де көштен қалмайық десек, таза қала, таза ауа, дені сау ұрпақ қалыптастыру үшін қоқысты кәдеге жаратып көрейік.

Айнұр ӘЛИ





18 маусым 2026 ж. 160 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031