Серпінді өткен сенбілік
Соңғы жылдары елімізде экологиялық мәдениетті қалыптастыру, табиғатқа жанашырлықпен қарау бағытында түрлі бастамалар қолға алынып келеді. Солардың бірі – «Таза Қазақстан» республикалық акциясы. Бұл акция тек маусымдық шара емес, қоғамның экологиялық жауапкершілігін арттыруға, әрбір адамның тазалықты сақтауды өмір салтына айналдыруына бағытталған игі бастама.Осы мақсатта Қазалы ауданында да сенбілік дәстүрге айналған. Әр сенбі сайын аудан тұрғындары мен мекеме қызметкерлері бірігіп, өз аумақтарында, көшелер мен саябақтарда тазалық жұмыстарын жүргізіп келеді.
Өткен сенбіде аудан әкімі Алмасбек Есмаханов аудан орталығы – Әйтеке би кентінде өткен сенбілікке арнайы барып, тазалық шараларына қатысып жатқан азаматтардың еңбегіне ризашылығын білдірді. Ол қатысушылармен тілдесіп, олардың белсенділігін жоғары бағалап, аудан тұрғындарын да табиғатты қорғауға, туған жердің таза да көрікті болуына үлес қосуға шақырды.
Сондай-ақ аудан басшысы тиісті сала жетекшілерімен бірге Әйтеке би кентінде алдағы уақытта жүзеге асырылатын жобаларды талқылап, санитарлық тазалық бағытындағы жұмыстарды күшейту жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Алдағы уақытта да аудан бойынша экологиялық мәдениетті қалыптастыру, тұрмыстық қалдықтарды реттеу және абаттандыру бағытындағы жұмыстар жалғасын таппақ. «Таза Қазақстан» акциясы аясында өткізілетін сенбіліктер арқылы ауданның келбеті көркейіп, тұрғындардың өмір сүру сапасы жақсара түспек.
А. ЖҮСІПОВА














