Басылымдар тынысымен танысты
Күні кеше аудан әкімі әкімі Алмасбек Есмаханов пен аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш жергілікті және аймақтық басылымдардың жұмыс барысын көріп, журналистер қауымымен жүздесті.Алдымен аудан басшысы аймаққа кеңінен таралатын «Тұран Қазалы» газетінің баспаханасына арнайы барып, газет шығару үдерісімен танысты. Басылымның директоры Нұрбол Әлмәмбетов пен бас редакторы, тәжірибелі журналист Раушанбек Сейтенов заманауи техникалардың қызметін көрсетіп, газеттің дайындалу кезеңдері туралы жан-жақты мәлімет берді. 2003 жылдан бері үздіксіз жарық көріп келе жатқан бұл басылым бүгінде 11 мыңнан астам таралыммен облыс көлемінде оқырманға жол тартып, аймақтың қоғамдық-мәдени өмірін кеңінен насихаттап келеді.
Бұдан кейін аудан әкімі облыстық «Сыр медиа» ЖШС құрамындағы «Қазалы» газетінің жұмысымен танысты. Бас редактор Есет Табынбаев редакцияның тыныс-тіршілігін баяндап, газеттің бүгінгі жетістіктері мен даму бағыттарына тоқталды. Аптасына екі рет жарық көретін, таралымы 4353 дананы құрайтын «Қазалы» газеті – аудан өмірінің айнасына айналған беделді қоғамдық-саяси басылымдардың бірі. Сонымен қатар басылымның электронды нұсқасының іске қосылуы оның оқырман аясын кеңейтіп, ақпаратты жедел жеткізуге жаңа серпін беріп отыр. Қазіргі таңда редакцияда 10 қызметкер еңбек етіп, ел ішіндегі өзекті мәселелерді, мазмұнды сұхбаттар мен сараптамалық материалдарды тұрақты түрде жариялап келеді.
Кездесу барысында аудан басшысы журналистермен еркін пікір алмасып, олардың еңбегіне жоғары баға берді. Ол алдағы уақытта да оқырман сұранысына сай, сапалы әрі мазмұнды дүниелердің көбейе түсуіне тілектестік білдіріп, шығармашылық табыс тіледі.
Сапар соңында аудан әкімі екі басылымның да ғимараттары аумағында көктемгі санитарлық-тазалық жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу қажеттігін атап өтті. Аулалардың тазалығын сақтау – тек көрік үшін емес, ортақ мәдениеттің көрінісі екенін ескертіп, бұл бағытта нақты тапсырмалар жүктеді.
«ҚАЗАЛЫ» ақпарат














