Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Үйірмелер үйлесімін тапты ма: Ваучерлік жүйенің бағыты қандай?

Үйірмелер үйлесімін тапты ма: Ваучерлік жүйенің бағыты қандай?

Санаулы айлардан соң жаңа оқу жылы басталады. Қазіргі таңда бала тәрбиесі мен оның жан-жақты дамуы – қоғам назарындағы басты мәселелердің бірі. Мектеп қабырғасында берілетін білімнен бөлек, өскелең ұрпақтың бос уақытын тиімді ұйымдастыруда үйірмелердің атқаратын рөлі орасан зор. Балаларды үйірмелерге қабылдау соңғы жылдары белсенді дамып келе жатқанымен, әлі де шешімін таппаған бірнеше күрделі мәселе жеткілікті. Қоғам мен жеке тұлға қалыптастыру үшін бағытталған қадамда қандай қалтарыс бар? Неден қалыс қалып жүрміз? Қолданысқа енгізілген ваучерлік жүйенің жаңа қағидалары қалайөзгерді. Бастама қандай түйіткілді тарқатты? Сараптадық.
ТҰЛҒА ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ БАСҚЫШЫ
Үйірме – балалар мен ересектердің өнер, спорт, ғылым, техника сынды белгілі бір қызығушылықтары бойынша өз еркімен бірігетін, сабақтан немесе жұмыстан тыс уақытта жұмыс істейтін шығармашылық орта. Бұл жай ғана уақыт өткізу орны емес, адамның ішкі әлеуетін ашуға, жаңа дағдыларды меңгеруге және тұлғалық тұрғыдан өсуге мүмкіндік беретін білім беру платформасы.
Бүгінгі таңда олардың бағыты да әралуан. Мәселен домбыра, вокал, би, сурет салу және театр үйірмелері баланың эстетикалық талғамын қалыптастырып, мәдениетті түсінуіне жол ашса, футбол, жүзу, шахмат, жекпе-жек өнерлері тән сұлулығы мен төзімділікті, тәртіп пен жеңіске деген құштарлықты тәрбиелейді. Робототехника, бағдарламалау, шет тілдері мен менталды арифметика секілді заманауи бағыттар баланы XXI ғасырдың талаптарына сай болуға бейімдейді.
Зерттеулер көрсеткендей, тұрақты түрде қандай да бір үйірмеге қатысатын балалардың өзіне деген сенімділігі артады. Олар уақытты жоспарлауға ерте қалыптасады және қатарластарымен тез тіл табысады. Ең бастысы – үйірме баланы гаджеттерге тәуелділіктен арашалап, шынайы өмірмен байланыстырады.
Көптеген танымал тұлғалардың, спорт шеберлері мен ғалымдардың үлкен өмірдегі алғашқы табыстары дәл осы мектеп жасындағы қарапайым үйірмелерден басталғаны тарихтан белгілі. Сондықтан, үйірме — тек қабілетті шыңдау ғана емес, болашақ мамандыққа жасалған алғашқы сенімді қадам.
Баланың табиғи талантын дөп басып тауып, оны дұрыс арнаға бағыттау – әрбір ата-ананың міндеті. Ал үйірмелер осы жолдағы ең сенімді көмекші болып қала бермек.
АЛҒА ОЗУ МА, АСЫҒЫСТЫҚ ПА?
Қазақстанда балаларға қосымша білім беру ұйымдары: үйірмелер, спорттық секциялар мен өнер студиялары құжат қабылдау және есепке алу ережелері түбегейлі өзгерді. Оқу-ағарту министрінің 2025 жылғы 2 тамыздағы бұйрығымен бекітіліп, сол жылдың 23 тамызында күшіне енген жаңа ережелер қосымша білім беру саласын толықтай цифрландыруда. Салалық министрлік бұл қадамды жемқорлықты жою мен әділдікті орнатудың төте жолы деп бағалағанымен, ата-аналар мен сарапшылар арасында бұл реформа үлкен пікірталас тудырып отыр. Жүйенің артықшылықтары мен іс жүзіндегі кемшіліктері қандай?
Ресми мәліметтер мен Zakon.kz сияқты жетекші ақпарат көздеріне сүйене отырып, мәселені жан-жақты талдап көрдік.
«ArtSport», «DamuBala» мемлекеттік бағдарламалары аясында Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдерге арналған үйірмелер мен секцияларға жіті көңіл бөлініп отыр.
Бүгінгі таңда қазақстандықтар кездесіп отырған саладағы негізгі проблемаларды бірнеше топқа бөліп қарастыруға болады.
Алғашқысы, қаржыландыру және бағдарламалардың тұрақсыздығы. Бұған дейін бюджеттің жетіспеушілігінен тұрақты түрде қаржыландырудың тоқтап қалуы немесе кешіктірілуі салдарынан көптеген тегін үйірмелер уақытша жабылып қалу жағдайлары жиі тіркелген. Бұл ата-аналар мен үйірме басшыларының наразылығын тудырады.
Платформалардағы техникалық ақаулардың та тигізген қиындығы барын жасыруға болмайды. Басты мәселе – кезекке тұрудың қиындығы. «DamuBala» немесе өңірлік порталдарда ваучер алу сәтінде жүйенің шамадан тыс жүктелуі салдарынан орындардың бітіп қалуы жағдайы орын алған. Бұл орайда өңірлік теңсіздік яғни диспропорция туралы да айтпай кетуге болмайды. Себебі ауыл мен қала арасындағы алшақтық әлі де бар. Белгілі болғандай, Алматы, Астана, Шымкент сынды ірі қалаларда үйірмелердің түрі де, саны да көп. Ал шалғайдағы ауылдар мен аудан орталықтарында робототехника, IT, заманауи би сынды заманауи үйірмелер көп жағдайда қолжетімсіз немесе өте ескі форматта.
«Баламды үйірмеге тіркеуде «5 минуттық жарыстың» құрбанына айналып орын тапшылығын көзімізбен көрдік.
Кезек ашылған бойда танымал робототехника, жүзу, би, футбол үйірмелердегі орындар санаулы минуттар ішінде, тіпті 2-5 минутта толып қалады. Бюджеттің шектеулілігі мен сұраныстың жоғарылығы сондай, «қарапайым» отбасылар баласына орын таба алмай, «кім бірінші батырманы басады» деген секундтық жарысқа ілесе алмай қалуда», – дейді Айымгүл Темірхан.
damubala.kz, qosymsha.kz және жаңадан қосылған Ұлттық білім беру платформаларында жаппай тіркелу басталған сәтте сайттар жүктемені көтере алмай, істен шығады. ЭЦҚ-мен кіру, авторизациядан өту кезіндегі қателіктер ата-аналардың жүйкесін жұқартып бітті. Ескі және жаңа жүйелердің арасындағы интеграцияның әлсіздігі де шатасу тудырғанын мамандар да мойындайды.
«Ауылдық елді мекенде тұрамыз. Бізге берілген талап бойынша клуб жанынан үйірмелер ашу қарастырылған. Барлық мүмкіндігімізді қарастырып, атқарудамыз. Жетістіктеріміз де аз емес. Алайда инфрақұрылымның тозуы туралы жасыруға болмайды. Біздің мәдениет үйіміз заманауи талапқа сай емес. Арнайы кабинеттер, музыкалық аспаптар, спорттық төсеніштер, заманауи компьютерлер сынды қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілмегендіктен, көптеген қолбайлауға тап болатынымыз бар», – дейді Айгүл есімді оқырманымыз.
«Тақырып туралы негізгі қиындық – мамандардың тапшылығы және сапа мәселесі», – дейді білім беру саласының ардагері Қайрат Кенжебайұлы.
«Өзгеріске қарсы емеспін. «Үйірмелер жеткіліксіз» деген пікірге қарсымын. Қазір олардың қатары көп. Бірер жыл бұрын кәсіпкерлік жолмен жалға ғимарат алып, өнер орталығын ашқандарды білетінмін. Негізгі себеп – төмен жалақы. Үйірме жетекшілері мен жаттықтырушылардың еңбекақысы төмен болғандықтан, білікті мамандар бұл саладан кетіп қалады. Қазір мемлекет әсіресе ерекше қажеттіліктері бар инклюзивті балалармен жұмыс істеуді қолға алды. Мұндай мамандар ауданда бар деп айта алмаймын», – дейді.
Мемлекеттік спорттық және шығармашылық тапсырыс бағдарламасына жүргізілген аудиттер барысында балалардың нақты қатысуына қатысты жалған мәліметтер беру фактілері анықталған.
Ғимараттардың сәйкес келмеуі де мәлім болған. Жекеменшік үйірмелер көбіне көпқабатты үйлердің жертөлелерінде, сауда үйлерінде немесе тар бөлмелерде орналасады. Оларда өрт қауіпсіздігі, желдеткіш жүйесі және санитарлық нормалар жиі сақталмайды.
Қазақстанда жүргізілген тексерулер нәтижесінде мемлекеттік қаржыландыру алатын жүздеен жекеменшік білім беру ұйымында өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы анықталғанын жариялаған.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметі бойынша, өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы анықталған. Ең жиі кездесетін бұзушылықтар қатарында автоматты өрт дабылының болмауы немесе істемеуі, эвакуациялық жолдардың бітелуі, ақаулы электр сымдарын пайдалану, терезелерге темір тор орнату кездескен.
Мемлекеттік тапсырыс алатын кейбір жекеменшік орталықтарда сабақ беру сапасы талапқа сай емес, кейде құжат жүзінде бар, бірақ іс жүзінде жұмыс істемейтін жалған тіркелген балалар кездеседі.
Реформаның қағаздағы мақсаты мінсіз көрінгенімен, іс жүзінде ата-аналар мен үйірме жетекшілері «жүйенің шикілігінен қатты қиналдық» деп ашық айтуда. Қоғамды алаңдатып отырған жай туралы ата-аналар базынасына құлақ түрдік.
Ваучерлік жүйеде әлі де жемқорлық тәуекелдерінің бар екенін, кейбір ұйымдардың тізімді алдын ала жасап алуы ықтималдығын айтады Әлия Қазыбекқызы.
«Бұл жүйе ірі қалаларда бәсекелестікті арттырғанымен, ауылдық жерлерде жекеменшік үйірмелердің мүлдем жоқтығынан ешқандай нәтиже бермейді», – дейді ол.
«Жағдайда ата-аналарға бұл кезеңде техникалық тұрғыдан алдын ала дайындалу — egov.kz-те телефон нөмірін тексеру, медициналық анықтамаларды ерте бастан әзірлеу және кезек ашылатын уақытты жіті бақылау ұсынылады. Ал мемлекеттік органдар тек сайттардың сапасын жақсартып қана қоймай, ауылдық жерлердегі инфрақұрылымды дамытуды да қатар қолға алуы тиіс. Сонда ғана реформаның басты мақсаты – әрбір қазақстандық баланың сапалы әрі тегін дамуына жағдай жасау ісі толықтай орындалмақ», – дейді педагогика ғылымдарының кандидаты Орынгүл Байман.
Пікірлер арасында жүйе толық сынақтан өтпей жатып жаппай енгізілсе, балалардың үйірмелерге қатысуында іркілістер болуы мүмкін деген уәж де бар.
Қаржыландыру мен тіркеу механизмдері толық пысықталмаса, бұрын тұрақты жұмыс істеп тұрған үйірмелер қиындыққа тап болуы, сапаны бағалау критерийлері анық болмаса, жақсы және әлсіз ұйымдарды ажырату қиын. Кейбір өңірлерде үйірме таңдауы аз болғандықтан, ата-аналардың «еркін таңдау» мүмкіндігі іс жүзінде шектеулі болуы мүмкін. Сонымен бірге, реформаны қолдайтындар қазіргі жүйеде де мәселелер бар екенін, ваучерлік қаржыландыру ашықтықты арттырып, қаржының балаға тікелей бағытталуына көмектесуі мүмкін екенін алға тартады.
Көпті реформаның өзі емес, оның асығыс енгізілуі алаңдатады. Ваучерлік жүйе алдымен пилоттық деңгейде толық сыналып, сапаны бақылау тетіктері нақтыланғаннан кейін ғана кеңінен енгізілгені дұрыс деген ұстанымдар бар.
Бұл реформаны толық жоққа шығармайды, бірақ оның салдарын алдын ала мұқият бағалауды талап етеді.
Бүгінде үйірмелерге бала жетпей жатыр, мұғалімдер қатысушы іздеп жүр деген мәселе расында кездеседі. Әсіресе шалғай өңірлерде немесе сұранысы төмен бағыттарда педагогтар балаларды тарту үшін көп күш жұмсайды. Кейде жарыстарға апару, жол шығыны, костюм, құрал-жабдық сияқты шығындардың бір бөлігін өз қалтасынан шығаратын мамандар да бар. Мұндай жағдайда «үйірмелер арасында бәсеке күшейеді» деген теория тәжірибеде педагогтарға қосымша қысым болып шығуы мүмкін.
Екіншіден, өнер орталықтарының ағылшын тілі, математика, тарих сияқты үйірмелер ашуға ұмтылуының да себебі бар. Егер қаржыландыру қатысушылар санына тәуелді болса, онда сұранысы жоғары бағыттарды ашу экономикалық тұрғыдан тиімді болады. Ал домбыра, хореография, бейнелеу өнері, театр, қолөнер сияқты бағыттар көп жағдайда көбірек шығын талап етеді және қатысушылар саны да аз болуы мүмкін.
Егер барлық ұйымдар ағылшын тілі мен математикаға көшсе, онда балалардың эстетикалық, шығармашылық және мәдени тәрбиесі кімнің мойнында қалмақ? Егер өнер үйірмелері өзін-өзі қаржыландыруға мәжбүр болса, ұлттық мәдениет пен шығармашылық бағыттар әлсіремей ме? Сол себепті көптеген мамандар ваучерлік жүйеде барлық бағытты бірдей қаржыландыру дұрыс емес деп есептейді. Мысалы, өнер, музыка, спорт секілді әлеуметтік маңызы жоғары, бірақ шығыны көп бағыттарға жеке қолдау тетіктері қажет деген ұсыныстар бар.
Бүгінгі таңда басты мақсат – үйірмелердің санын ғана арттыру емес, олардың сапасын бақылауды күшейту, бөлінетін қаражаттың ашықтығын қамтамасыз ету және ауыл балаларына тең мүмкіндік жасау болып отыр.
Негізгі алаңдаушылық та осында. Басты көрсеткіш тек бала саны болса, ұйымдар сападан бұрын сұранысы көп пәндерге ауысып кетуі мүмкін. Ал қосымша білім берудің басты мақсаты –тестке дайындау ғана емес, баланың қабілетін, шығармашылығын, өнер мен спортқа қызығушылығын дамыту. Сондықтан ата-аналар мен педагогтардың «сан емес, сапа маңызды» деген талабы түсінікті.
НЕНІ БІЛУ КЕРЕК?
adilet.zan.kz деректері бойынша жаңа қағидаларға сәйкес, баласын үйірмеге бергісі келетін ата-аналар үшін талаптарды тізбеледік.
Құжаттарды қағаз түрінде тікелей қосымша білім беру ұйымына, жергілікті атқарушы органдары –әкімдіктердің ақпараттық жүйелері немесе «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы өткізе алады.
Мемлекеттік қызмет алу үшін талап етілетін құжаттар тізімі нақтыланған. Олар: ата-ананың немесе заңды өкілдің өтініші, өкілдің жеке куәлігі және баланың туу туралы куәлігі немесе egov.kz цифрлық құжаттар сервисінен электронды нұсқасы, №027/у нысанындағы медициналық анықтама, шектеулі қолжетімділіктегі жеке деректерді өңдеуге келісім беру туралы құжат.
ХҚКО немесе мекеме кеңсесі құжаттардың толықтығын тексеріп, электронды қолхат береді. Егер құжаттар тізімі толық болмаса немесе мерзімі өтіп кетсе, өтінішті қабылдаудан бірден бас тартылады. Айта кетерлігі, ХҚКО арқылы жүгінгенде, құжат тапсырған күн мемлекеттік қызмет көрсету мерзіміне кірмейді және олар бір жұмыс күні ішінде курьер арқылы үйірме орталығына жолданады. Ал ақылы негіздегі үйірмелер үшін төлем тек бала ресми қабылданғаннан кейін ғана жүргізіледі.
Реформаның басты жаңалықтары – проактивті формат пен әлеуметтік коэффициенттер. Егер ата-ананың ұялы телефоны «электрондық үкімет» веб-порталында тіркелген болса, жүйе автоматты түрде қосымша білім беру қызметін ұсыну туралы СМС-хабарлама жолдайды. Ата-ана бұл ұсынысқа 24 сағат ішінде жауап беріп, келісімін растауы тиіс.
Сонымен қатар, реформада әлеуметтік әділеттілік мәселесіне ерекше мән берілген. Біріншіден, Ішкі істер органдарында есепте тұрған, девиантты мінез-құлықты балалар проактивті форматта және басым тәртіппен үйірмелерге қабылданады. Бұл оларды қоғамға бейімдеу мен қылмыстың алдын алуға бағытталған қадам.
Екіншіден, пилоттық режимде іске қосылған Ұлттық білім беру платформасында өтінімдер бұрынғыдай «кім бірінші келді, соныкі» деген қағидамен емес, арнайы әлеуметтік коэффициенттер арқылы сараланады. Ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін – 5 коэффициент, көпбалалы отбасылардан шыққан балалар үшін – 2 коэффициент қаралған.
Бұл жүйе әлеуметтік осал топтардың бірінші кезекте тегін білім мен тәрбие алуына жағдай жасайды.
ЗАМАНАУИ ТАЛАП – ОЗЫҚ ТӘЖІРИБЕЛЕР ЖИЫНТЫҒЫ
Қазақстанда енгізіліп жатқан ваучерлік модель — әлемдік озық тәжірибелердің жиынтығы. Мысалы, Германияның Саксония штатында 2009 жылдан бастап барлық 3-сынып оқушыларына спорт клубтарына арналған ваучерлер беріледі. Батыс Австралияда төмен табысты отбасыларға арналған KidSport Voucher бағдарламасы аясында балаларға жыл сайын 300 AUD көлемінде субсидия бөлінеді. АҚШ-тың Аризона, Юта штаттарында Education Savings Accounts (ESA) жүйесі арқылы мемлекет қаржысы мектептен тыс шығармашылық үйірмелер мен лагерьлерге жұмсалады.
ҚР Оқу-ағарту министрлігі сайтының таратқан мәтіметтеріне жүгінсек, ата-аналар техникалық тұрғыдан алдын ала дайындалып, қажетті құжаттарды ертерек әзірлегені жөн. Ал мемлекеттік органдар цифрлық платформалардың тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп, ауылдық жерлердегі инфрақұрылымды дамытуға басымдық беруі қажет. Ваучер енді нақты бір үйірме орталығына емес, баланың өзіне бекітілген. Бұл баланың спорт, шығармашылық немесе ғылыми үйірмелер арасында еркін ауысуына мүмкіндік береді. Ең бастысы, мемлекет қаржысы қызмет шын мәнінде сапалы көрсетілгеннен кейін ғана жекеменшік немесе мемлекеттік ұйымның есепшотына аударылады. Бұл «өлі жандарды» тіркеп, бюджет ақшасын жымқыру қаупін айтарлықтай азайтады.
БОЛАШАҚТАН КҮТЕРІМІЗ НЕ?
Қазақстандағы балаларды қосымша біліммен қамту реформасы – бұрынғы ретсіз, ашық емес жүйені заманауи, цифрлық және әділ арнаға бұруға бағытталған маңызды қадам. Алайда, кез келген ауқымды цифрландыру жобасы сияқты, бұл жүйе де алғашқы кезеңде техникалық және ұйымдастырушылық кедергілерге тап болды. Ваучерлік жүйені үйірмелер мен қосымша білім беру саласына енгізудің мақсаты – қаржыны ұйымға емес, балаға «бекіту». Яғни мемлекет белгілі бір соманы ата-ана таңдаған үйірмеге төлейді.
Бұл жүйенің ықтимал артықшылықтары деп мыналарды айтуға болады.
Үйірмелер арасында бәсекелестік артады, себебі балаларды тарту үшін сапаны жақсартуға ынта пайда болады. Ата-ананың таңдау мүмкіндігі кеңейеді. Тиімсіз немесе сұранысы аз үйірмелер қаржыны автоматты түрде ала алмайды.
Егер қаржыландыру тек қатысушылар санына байланысты болса, кейбір ұйымдар балалар санын көбейтуге ұмтылып, білім сапасын екінші орынға ысыруы мүмкін.
Бақылау әлсіз болса, қағаз жүзінде қатысушы саны көп болғанымен, нақты сабақ сапасы төмен болуы ықтимал.
Кейбір мамандар мен ұйымдар мемлекеттік ваучер сомасы жеткіліксіз болса, ата-анадан қосымша төлем сұрауы мүмкіндігін айтады. Сондықтан баға реттеу және ашықтық мәселесі маңызды.
Сарапшылар көбіне жаңашыл жүйенің тиімділігі үш нәрсеге байланысты дейді. Олар сапаны тәуелсіз бағалау, қатысуды нақты бақылау, ваучер құнының жеткілікті болуы және қаржының ашық жұмсалуы.
Жақсы бақылау мен қаржыландыру сапалы үйірмелердің дамуына мүмкіндік береді. Дегенмен саладағы сапаның көтерілуін толықтай ваучерлік жүйеге арту орынсыз.
Дайындаған Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
24 маусым 2026 ж. 50 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930