Кене деген кесел шығып ауылда, мал мен жанды әбігерге салуда
Жаз мезгілі – табиғаттың жадырап, тіршіліктің қызатын шағы. Алайда осы кезеңде Қазалы ауданының тұрғындары екі есе сақтық танытуы тиіс. Себебі, аймақтағы эпидемиологиялық ахуалға байланысты Конго-Қырым геморрагиялық қызбасын (КҚГҚ) жұқтыру қаупі жоғарылап отыр. Мамандар дабыл қағып, ауыл тұрғындарын бейқамдыққа салынбауға шақыруда.
Қазіргі таңда аудандағы негізгі мәселелердің бірі – Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу. Мамандар дабыл қағып, ауыл тұрғындарын сақтыққа шақыруда. Қауіп қайдан келеді? Тарқатып көрейік.
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы – табиғи ошақты аса қауіпті жұқпалы ауру. Оның негізгі тасымалдаушысы – Hyalomma (Гиаломма) тұқымдас кенелері. Ауру көбінесе кененің шағуы арқылы немесе ауру малдың қанымен, тіндерімен қорғаныш құралдарынсыз жұмыс істегенде жұғады. Аурудың өршуі мамырдан тамызға дейінгі кезеңде тіркеледі. 80% жағдайда диагноз 20 жастан 60 жасқа дейінгі адамдарда расталады. Табиғаттағы КГЛ негізгі тасымалдаушылары мен көздері әртүрлі кеміргіштер, үй және жабайы жануарлар (ірі қара мал, жылқы, ит, шошқа), сондай-ақ вирусты өмір бойы сақтап, оны ұрпақтарына тарататын кенелер болып табылады. Ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін адамдарда ауру көбірек кездеседі. Бұл аурудың қоздырғышын 1945 жылы кеңес ғалымы М. П. Чумаков әріптестерімен бірге ашып, Қырым геморрагиялық безгегі деп аталды. Алайда тек 1970 жылы, Конго безгегі ашылғаннан кейін және Қырым геморрагиялық қызбасы мен Конго безгегін тудыратын қоздырғыштардың жеке басын куәландыратын дәлелдер алынғаннан кейін, осы инфекциямен айналысатын ғалымдар геморрагиялық қызба қоздырғышының атауы туралы ортақ пікірге келді. Содан бері ол Конго-Қырым геморрагиялық қызба вирусы деп аталады.
Аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау мамандарының мәліметінше, жыл басынан бері кенелердің белсенділігі артып, олардың шағуынан зардап шеккендер саны тіркелуде. Бұл – әрбір тұрғынның өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауы керек деген сөз.
Қазіргі таңда аудан бойынша 7 елді мекен табиғи ошақ, яғни тәуекел аймағы ретінде белгіленген. Олар Мәдениет, Басықара, Жанқожа батыр, Байғожа стансасы, №99 бекет, Ойынды және Алтай бекеті.Аталған аумақтардағы қауіптің алдын алу үшін арнайы кешенді іс-шаралар жоспары бекітіліп, залалсыздандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылды. Бірінші кезең 27 сәуір мен 5 мамыр аралығында, екінші кезең 6-12 мамыр аралығында өткізілді.
Ағымдағы жылдың 16 маусымында Ү.Түктібаев ауылы мен Әйтеке би кентінде КҚГҚ-ның болжамды жағдайлары тіркелді. Бұл жайтқа байланысты маусым айында Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссияның екі отырысы өткізіліп, жауапты мекемелерге нақты хаттамалық тапсырмалар жүктелді.Тапсырмаға сәйкес, 19 маусымнан бастап Ү.Түктібаев ауылында «Ala Comfort» ЖШС арнайы техникасы мен 8 маманы залалсыздандыру жұмыстарын жүргізуде.
Сондай-ақ Көларық, Майдакөл, Ақжона және Аранды ауылдық округтеріндегі мал қоралары, аула аумақтары, мал жиналатын шаңлақтар мен суаттарды өңдеуге қаржы бөлінді.
Қазіргі таңда Ақтан батыр, Бекарыстан би, Майдакөл, Аранды және Қожабақы ауылдарында мал қораларын механикалық тазалау жұмыстары жүруде. Ал 21 маусымнан бастап Ақтан батыр ауылынан бастап, аталған елді мекендерде залалсыздандыру шаралары қолға алынды.Аудан басшысы сала басшыларына қажетті дәрілік қорды толық қамтамасыз етуді және жоспардың сапалы орындалуын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
Аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі, ветеринариялық станция, «Ұлттық сараптама орталығы» және полиция қызметкерлері бірлесіп, халық арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.Мамандар Әйтеке би кенті, Қазалы қаласы, Ғ.Мұратбаев, Сарыкөл және Көларық ауылдық округтерінде мал бордақылаумен айналысатын кәсіпкерлермен кездесіп, санитарлық тазалықтың маңыздылығын түсіндіруде. Тұрғындарға арнайы үнпарақтар таратылып, кенеден қорғану шараларын елемеу қайғылы жағдайға әкеп соғуы мүмкін екені ескертілді.Ал қауіпке қарсы қам қандай болуы қажет?
Қырым геморрагиялық қызбасының алғашқы белгілері кенеттен пайда болады. Ауру температураның 40 градусқа дейін көтерілуінен басталады. Күшті безгектің аясында науқастар бүкіл денеде әлсіздік пен ауырсынуды сезінеді. Бет, мойын, жоғарғы кеуде қуысының гиперемиясы, склера склера тамырларының және конъюнктиваның инъекциясы тән. Егер емделмеген болса, өлімге әкелуі мүмкін. Сондай-ақ, өлім инфекциялық-уытты шок, өкпе қабынуы, қайталама бактериялық асқынулар нәтижесінде болуы мүмкін.
Мамандар тұрғындарға жеке қауіпсіздік шараларын сақтап, қора-жайлардың тазалығына мән беруді ескертеді. Сақтық – аурудан қорғанудың бірден-бір жолы. Мал қораларын механикалық тазалауды жиілету керек. Кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстарына бей-жай қарамай, далаға шыққанда денені жауып тұратын киім киію қажет. Кене шаққан жағдайда дереу медициналық көмекке жүгінген дұрыс. Арнайы аэрозоль және спрей репелленттерін пайдаланыңыз, оларды үш сағат сайын қайталап жағып тұру керек. Орман аймағында, шөпті өсімдіктері бар жерлерде жүрген кезде әр 10-15 минут сайын өзара және өзін-өзі тексеруді, үстіңгі тексеруді жүргізу керек. Ашық демалыстан қайтып, киімдерін шешкеннен кейін денені, шаш пен киімді кенелердің, әсіресе бас терісін, қолтық асты, құлақтың артындағы жерлерін жабысып қалатын кенелердің бар-жоғын мұқият тексерген жөн. Киімді желдетіп, бөлмеге бірден гүлдерді, бұтақтарды, аңшылық олжаларды әкелмеу керек. Бекітілген және жабысқан кенелерді анықтау және жою үшін үй иттерін және басқа үй жануарларын тексеру қажет.
Бұл індетпен күрес тек мекемелердің міндеті емес, әрбір тұрғынның өз денсаулығы үшін жауапкершілігі. Таза аула – қауіпсіз өмірдің кепілі. Мамандар ескертеді, егер сізді кене шағып алса немесе денеңізде кене анықталса, оны өз бетіңізше алып тастауға тырыспаңыз. Дереу жақын маңдағы медициналық мекемеге жүгініңіз. Сондай-ақ дене қызуы көтеріліп, әлсіздік сезілген жағдайда уақыт оздырмай дәрігер көмегіне жүгіну керек.
Айнұр ӘЛИ,
Коллаж автордікі















