Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу мәселесі талқыланды
Бүгін аудан әкімі Алмасбек Есмахановтың төрағалығымен Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу және кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстарын ұйымдастыру мәселелеріне арналған мәжіліс өтті.
Қазіргі таңда Қазалы ауданы бойынша Мәдениет, Басықара, Жанқожа батыр, Байғожа стансасы, №99 бекет, Ойынды және Алтай бекеті сынды 7 елді мекен табиғи ошақ (тәуекел аймағы) ретінде белгіленген. Осыған байланысты бұған дейін кешенді іс-шаралар жоспары бекітіліп, залалсыздандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілді. Атап айтқанда, бірінші кезең 27 сәуір мен 5 мамыр аралығында, ал екінші кезең 6–12 мамыр аралығында жүзеге асырылды.
Сонымен қатар, осы жылдың 16 маусым күні Ү.Түктібаев ауылы мен Әйтеке би кентінде Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының болжамды жағдайлары тіркелген болатын.
Осыған байланысты маусым айында төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссияның екі отырысы өткізіліп, салалық мекемелерге хаттамалық тапсырмалар берілді. Соған сәйкес, 19 маусымнан бастап «Ala Komford» ЖШС тарапынан Ү.Түктібаев ауылында залалсыздандыру жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ, хаттамалық тапсырмаға сәйкес Көларық, Майдакөл, Ақжона және Аранды ауылдық округтеріндегі мал қоралары, аула аумақтары, мал жиналатын шаңлақтар мен суаттарды залалсыздандыру жұмыстарына қаржы бөлінді.
Қазіргі таңда Ақтан батыр, Бекарыстан би, Майдакөл, Аранды және Қожабақы ауылдарындағы мал қораларында механикалық тазалау жұмыстары жүргізілуде. Ағымдағы жылдың 21 маусымынан бастап Ақтан батыр ауылынан бастау алатын залалсыздандыру жұмыстары қолға алынбақ.
Мәжіліс барысында аудан басшысы елді мекендердегі санитарлық тазалықты күшейту, қора-жайлар мен аулаларды механикалық тазалауды жүйелі жүргізу, сондай-ақ мал бастарын толық қамту арқылы кенеге қарсы өңдеу жұмыстарын сапалы ұйымдастыру мәселелеріне тоқталды. Тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстарын жандандырып, ақпараттық материалдар тарату және бұқаралық ақпарат құралдары арқылы кең көлемде насихат жүргізудің маңыздылығын атап өтті.
Жиын қорытындысында аудан әкімі аталған ауылдық округтердегі залалсыздандыру жұмыстарының барысын жеке бақылауына алатынын айтып, жауапты сала басшыларына дайындық деңгейін күшейту, қажетті дәрілік қорды толық қамтамасыз ету және бекітілген жоспардың уақытылы әрі сапалы орындалуын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.














