Мәжілісте теміржол саласы мен инфрақұрылымын дамыту мәселесі талқыланды
Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте теміржол саласы мен инфрақұрылымын дамыту мәселесі қаралды. Оған аудан әкімі Алмасбек Есмаханов селекторлық режим арқылы қатысты. Мәжілістен кейінгі аудан әкімінің төрағалығымен өткен басқосуда күн тәртібіндегі мәселелер жан-жақты талқыланып, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берілді.
Мәжілісте ауданның инфрақұрылымын дамыту, жол құрылысы мен жөндеу жұмыстары, электр желілерін жаңғырту, елді мекендерді газдандыру, макроэкономикалық көрсеткіштердің орындалуы, санитарлық тазалық, көктемгі әскерге шақыру науқаны және қоғамдық қауіпсіздікке қатысты өзекті мәселелер жан-жақты қаралды.
Жиында аудан басшысы алдымен аудан аумағындағы теміржол саласын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
-Аудан орталығындағы 100 жылдан астам тарихы бар теміржол вокзалы қайта жаңғыртудан өтіп, жолаушыларға қолайлы әрі заманауи талаптарға сай жағдай жасалды. Аудан арқылы тәулігіне 12 жұп жолаушылар пойызы, 4500-ге жуық жолаушылар өтеді. Оның ішінде аудан орталығынан Ақтөбе қаласына 1 жұп жолаушылар пойызы жүреді. Аудан аумағынан өтетін теміржол желісінің ұзындығы 91 шақырымды құрайды.

Ағымдағы жылы Еңбекшіқазақ разъезді мен Байқожа елді мекені аралығындағы 18 шақырымына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ауданда теміржол саласында жүзеге асырылған тағы бір маңызды жобаның бірі теміржол арқылы өтетін көпірдің құрылысы. Құны 1,3 млрд. теңгені құрайды. Бұл нысан теміржолдың арғы бетінде орналасқан Әйтеке би кентінің 13 мыңға жуық тұрғынының ұзақ жылдан бері көтеріп келген мәселесін шешіп, олардың қауіпсіз әрі қолайлы қозғалысын қамтамасыз етті. Жалпы, жүзеге асырылып жатқан мұндай инфрақұрылымдық жобалар тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырумен қатар, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына және сәулеттік келбетінің жақсаруына тың серпін беруде, - деді аудан басшысы.
Жиында аудан әкімі аудандық маңыздағы автомобиль жолдарының сапасы, жол жөндеу жұмыстарының мерзімінде әрі сапалы орындалуы, құрылыс нысандарына техникалық бақылауды күшейту мәселелері көтерілді. Аудан әкімі жауапты сала басшыларына әрбір жобаның орындалуын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
Мәжілісте электр желілерінің тозу деңгейін төмендету, қосалқы станция құрылысы, орамішілік газ желілерін тарту және әлеуметтік нысандарды газ отынына көшіру жұмыстары да талқыланды. Бұл бағыттағы жобаларды қаржыландыру бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Бұдан бөлек, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу шаралары, судағы қауіпсіздік, тұрғындардың жаз мезгіліндегі демалыс кезіндегі қауіпсіздігі де күн тәртібінен тыс қалмады. Жауапты мекемелерге профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын күшейту тапсырылды.
Көктемгі әскерге шақыру науқанының орындалу барысы қаралып, жоспар көрсеткіштерін толық орындамаған елді мекен әкімдеріне жұмысты жандандыру жүктелді.
Сонымен қатар, «Таза Қазақстан» Таза Қазақстан бағдарламасы аясындағы санитарлық тазалық, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары сараланып, анықталған кемшіліктерді қысқа мерзімде жою міндеттелді.
Мәжіліс қорытындысында аудан әкімі барлық жауапты сала басшылары мен әкімдерге берілген тапсырмаларды мерзімінде және сапалы орындауды қатаң бақылауға алуды тапсырды.















