Мәжілісте жол инфрақұрылымын дамыту мен бірқатар маңызды мәселелер қаралды
Бүгін аудан әкімі Алмасбек Есмахановтың төрағалығымен өткен мәжілісте аудандағы көлік-транзит саласын дамыту және жол инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы өзекті мәселелер қаралды.Жиында биылғы жылы жол инфрақұрылымын дамытуға аудандық бюджеттен 2,8 млрд теңге бөлініп, ауқымды жобалар қолға алынғаны атап өтілді. Жоспар нәтижесінде аудан аумағындағы автомобиль жолдарының қанағаттанарлық үлесін 91 пайыздан 92 пайызға дейін жеткізу көзделіп отыр.
Аудан басшысы мәжіліс барысында тиісті сала жетекшілеріне жол жөндеу жұмыстары бойынша биылға жоспарланған, бірақ әлі күнге толық аяқталмаған жұмыстарды қатаң сынға алып, шұғыл сапалы етіп аяқтауды тапсырды. Сонымен қатар, жаңадан салынған жолдардың күтімі мен сапасына да ерекше мән беріп, анықталған кемшіліктерді қалпына келтіруді ескертті.
Жиында қоғамдық көлік қатынасы мәселесі де назардан тыс қалмады. Аудан әкімі бұл бағыттағы ұсыныстарды жинақтап, келер жылы нақты шешім қабылдау үшін жауапты тұлғаларға тиісті шараларды әзірлеуді тапсырды.
Мәжілістің күн тәртібінен бөлек әлеуметтік желілердегі ақпараттық жұмыстарды жүйелеу, аудан көлеміндегі әрбір сала бойынша атқарылып жатқан оң нәтижелі жұмыстарды ақпараттандыру, коммуникациялық саясаттың тиімділігін арттыру, қоғамдық саяси ахуал, әлеуметтік желілер арқылы келген тұрғындардың ұсыныс-пікірлер мен өтініштеріне жедел ден қою, тиісінше жауап беріп, шаралар қабылдау жөнінде де жауапты сала басшылары мен кент, қала және ауылдық округ әкімдеріне, мекеме басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді.Жиында Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асып жатқан ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді жан-жақты қолдау, аграрлық бизнесті ілгерілету мәселелерін шешуге бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасының орындалуы бойынша да мәселелер қаралды.
Жиын соңында аудан басшысы желтоқсан айында өткізілетін шараларды жоғары деңгейде өткізу, мерекелік шаралар кезінде қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығы мен қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету, аудан көлемінде қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және азық-түлік және жанар-жағармай бағалары негізсіз өспеуі мен күн тәртібінен түспейтін тазалық мәселесі бойынша мәселелерді үнемі бақылауда ұстап, бірлесе жұмыс жасауға шақырды.














