Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссияның отырысы өтті
Бүгін аудан әкімінің орынбасары Жалғас Сүйеубаевтың төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі аудандық комиссияның отырысы өтті.
Жиынды ашып, жүргізіп отырған Жалғас Оңғарұлы басқосуда күн тәртібіндегі 4 мәселе қаралатынын айтып өтті.
Мәжілісте бірінші болып ұйымдар мен халықты үздіксіз энергиямен жабдықтау бойынша энергетика объектілерінің жұмысы туралы аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Жасұлан Сыдықов хабарлама жасады.
Мұнан соң суға шомылу маусымындағы су айдындарындағы қауіпсіздік шаралары мен аудан орталығынан шалғайда орналасқан елді-мекендердегі өрттерді сөндіру және ашылған өрт сөндіру бекеттерінің жай-күйі туралы аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Алтынбек Қалиев баяндады. Сонымен қатар өрт қауіпті кезеңіне дайындық, шалғай орналасқан елді мекендерде және далалық алқаптары мен егістік жерлерде, орман қоры жер иелерінің өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуы туралы аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Алтынбек Сауытбекұлы мен Қазалы орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі бастығының орынбасары Тілепберген Мұхамбетов айтып берді.
Мәжілісте аудан әкімінің орынбасары қала, кент және ауылдық округ әкімдеріне су айдындарына бақылау жұмыстарын күшейту үшін рейд ұйымдастыруды және суға шомылуға рұқсат етілмеген қауіпті учаскелерге суға түсуге тыйым салынатындығы туралы ескерту тақтайшалар орналастыруды тапсырды.
Сондай-ақ аудандық қоғамдық даму бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жеңісбек Советұлына суға шомылу маусымындағы қауіпсіздік шаралары туралы ақпараттарды күшейтуді және тақырыпқа сәйкес бейнеролик түсіріп, әлеуметтік желіден кеңінен таратуды ұйымдастыру керек екенін айтты.
"ҚАЗАЛЫ" ақпарат