Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ел тілегі ескерусіз емес

Ел тілегі ескерусіз емес

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес, аудан әкімі Алмасбек Есмаханов Бозкөл, Кәукей, Тасарық, Сарбұлақ және Шәкен ауылдарының тұрғындарымен кездесті. Онда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен алдағы міндеттер айқындалды.
Әр ауылда өткен жиындарға «AMANAT» партиясы аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Нұрғиса Жалғасбаев, аудандық мәслихат депутаттары Райымбек Бөлебаев, Күншығар Әбілов, аудандық полиция бөлімінің бастығы Нұрлан Ибраев және бөлім басшылары қатысты.
Аудан әкімі Алмасбек Есмахановтың есепті кездесуі Бозкөл, Кәукей және Тасарық ауылдарында жалғасты. Халықпен өткен кездесулерде аудан әкімі Президенттің, Үкіметтің және аймақ басшысының қолдауымен аудан халқының игілігіне бағытталған жобалардың жүзеге асырылуы мен алдағы жоспарлары жайында бөлісті.
–Биылғы аудан бюджетінің көлемі 13,6 миллиард теңге болып бекітіліп, бүгінгі күнге 14,2 миллиард теңге болып нақтыланды. Оның ішінде, өз кірістеріміздің жоспары 4,3 миллиард теңгеге нақтыланды. Жыл басында Нұрлыбек Машбекұлының қолдауымен Бекарыстан би ауылында жаңа спорт кешені ел игілігіне берілсе, жуық арада Әйтеке би кенті мен Қожабақы ауылдарында да жаңа спорт кешендері пайдалануға берілмек. Биыл аудандағы ең ауқымды жобалардың бірі Қарлан көпірінің құрылысы қарқын алып, Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл және Ү.Түктібаев ауылдарына орамішілік газ желілері жүргізілуде. Бұдан бөлек, аудан орталығындағы теміржол вокзалы ғимараты қайта жаңғыртылып, вокзал аумағы абаттандырылды. Аудан орталығы мен елді мекендерде кезең-кезеңімен жол инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде аудан халқы 100 пайыз таза ауыз сумен қамтылып, елді мекендердегі тозығы жеткен электр желілерін жаңғырту жұмыстарыда кезектілікке сәйкес жүргізіліп келеді. Алдағы уақытта аймақ басшысы Мұрат Нәлқожаұлының басшылығымен, аудан халқына деген үлкен қолдауымен ел игілігі жолындағы жүзеге асырылып жатқан жобаларды нәтижелі аяқтауға жұмыс жасайтын боламыз, – деді аудан басшысы.
Одан соң елді мекендердің тұрғындары тарапынан бірқатар өзекті мәселелер көтерілді. Оның ішінде кәукейліктер ауылға келер жолдағы «Әйте» көпірін жөндеуді сұраса, Тасарық пен Лақалы елді мекендерінің тұрғындары елді мекен жерінің біршама бөлігі орман шаруашылығы мекемесіне тиесілі екенін және Бозкөл-Тасарық бағытындағы 35 шақырым жолды асфальттау жұмыстарын қолға алуды сұрады. Аудан әкімі кәукейліктердің өтінішіне сәйкес тиісті сала мамандарына алдағы уақытта көпірге жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жоба-сметасын әзірлеп, ұсыныс беруді тапсырды. Орман шаруашылығына тиесілі жерлерді елді мекенге ауыстыру жөнінде жуық арада орман шаруашылық қорынан Тасарық, Сарбұлақ, Ажар елді мекендеріндегі бірқатар жер учаскелерін елді мекен санатына кіргізу жөнінде қаулы шығатынын жеткізді. Бозкөл-Тасарық бағытындағы автомобиль жолын асфальттау бойынша алдағы уақытта жоба-сметалық құжаттары қайта әзірлеуге жұмыс жасалатынын айтты. Дегенмен, бірінші кезекте аудандағы ең ауқымды Қарлаң көпірі сынды жобаларды аяқтауға басымдық берілетінін жеткізді.Сондай-ақ, аудан әкімі жеке мәселелері бойынша жүгінген тұрғындарды жеке қабылдап, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Келесі есепті кездесу аудан орталығынан 120 шақырым шалғайда орналасқан Сарбұлақ ауылында жалғасты.Ауыл тұрғындарымен өткен кездесуде аудан әкіміелде жүзеге асып жатқан ауқымды жобаларжайында сөз қозғап, облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтыңбасшылығымен өңірде, ауданда атқарылып жатқан жұмыстарды,атқарылар жобалардыайтты. Аудандағы білім, мәдениет, денсаулық сақтау, инфрақұрылым, газдандыру, ауыз сумен қамту, электр желілерін жаңғырту және жолдарды жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды тізбектеді.
Сарбұлақтықтар елді мекендегі электр желілерінде жиі ақау болатынын айтып, жөндеу жұмыстарын қолға алуды сұрады. Аудан басшысы өткен жылдан бері ауданда елді мекендердің электр желілерін қайта жаңғырту бойынша бірнеше жобаның жүзеге асып жатқанын жеткізді. Мәселен, «Ауыл - ел бесігі» жобасы аясында Қазалы қаласы, Қожабақы ауылы және Ү.Түктібаев ауылдарының электр желілерін қайта жаңғырту жұмыстары, Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының аралығында орналасқан нысандар мен тұрғын үйлердің электр энергиясының тұтыну қуаттылығын арттыру мақсатында қосалқы стансасының құрылысы жүргізілгенін айтты. Осы секілді Сарбұлақ ауылының электр желілерін қайта жаңғырту жұмыстарына жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, тиісті министрлікке жолданғанын жеткізді. Алдағы уақытта бөлінген қаржыға сәйкес кезең-кезеңімен тозығы жеткен электр желілерін қайта жаңғырту бойынша жұмыстар жүргізіледі.
Жиын соңында ауыл ақсақалдары елді мекенге арнайы келіп, халықтың ұсыныс-пікірін тыңдап, елдегі атқарылып жатқан игі істерді жеткізіп жатқан аудан басшысы мен азаматтарға ризашылығын жеткізді.
Аудан әкімі  Алмасбек Есмахановтың келесі кездесуі Қарақұм беткейіндегі Шәкен ауылында жалғасты.
– Бүгінде ауданда білім, мәдениет, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, құрылыс, кәсіпкерлік салалары мен инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Биыл Бекарыстан би ауылында заманауи спорт кешені пайдалануға берілсе, өткен жылы Майдакөл ауылында 100 орындық ауылдық клуб ел игілігіне табысталды. Қарлан көпірінің құрылысына қажетті қаржы бөлініп, бүгінде құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында бірқатар елді мекендердің электр желілері жаңғыртылып, Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының электр қуатын арттыруға бағытталған қосалқы станса құрылысы жүргізілді. Газдандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Биыл Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл және Ү.Түктібаев ауылдарын көгілдір отынмен қамту бағытындағы жұмыстар қолға алынған. Алдағы уақытта дарияның арғы бетіндегі ауылдарға да магистральды газ желілерін тарту жоспарлануда. Өткен жылы Мемлекет басшысының елді мекендерді таза ауыз сумен толық қамту жөніндегі тапсырмасына сәйкес ауданымызда жүйелі жұмыстар атқарылды. Соның нәтижесінде 2025 жылы Шәкен ауылы орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылып, бүгінде ауыл тұрғындары сапалы ауыз судың игілігін көріп отыр. Сонымен қатар жуық арада Әйтеке би кенті мен Қожабақы ауылында жаңадан салынған спорт кешендері пайдалануға беріледі. Аудан көлемінде жол жөндеу және абаттандыру жұмыстары да қарқынды жүргізілуде, – деді Алмасбек Есмаханов.
Жиында бірнеше мәселелер көтеріліп, ауыл тұрғындарының ұсыныс-пікірі тыңдалды. Соның ішіндетұрғындармал ауруларының орын алуына байланыстымәселе көтерді.Осыған байланысты аудан әкімі жауапты сала мамандарына ветеринариялық қауіпсіздікті күшейтіп, мал ауруларының алдын алу және емдеу шараларын жүргізуді тапсырды.
Кездесу соңында аудан әкімі тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, көтерілген ұсыныс-пікірлері мен өтініштері заң аясында қаралып, тиісті жұмыстар жүргізілетінін жеткізді.
Аудан әкімі барлық кездесулерінде Президент бастамасымен жүзеге асып жатқан конституциялық реформаларға, 1 шілдеде күшіне енетін жаңа Ата заңның маңыздылығына тоқталып, елдік істерге ауызбіршілікпен атсалысуға шақырды. Сонымен қатар, «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында тазалық мәдениетін қалыптастырудың маңызын атап өтті.Алдағы уақытта аймақ басшысы Мұрат Нәлқожаұлының қолдауымен аудан халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталған жаңа жобалар мен жоспарлар кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын айтты.
Айнұр ӘЛИ
13 маусым 2026 ж. 32 0

Тиімді кәсіп көздері

13 маусым 2026 ж. 31

Батагөйлер байқауы өтті

13 маусым 2026 ж. 31

Ел тілегі ескерусіз емес

13 маусым 2026 ж. 33

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930