Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Денсаулық сақтау саласы: жаңа дәуірдің жасампаз қадамдары

Денсаулық сақтау саласы: жаңа дәуірдің жасампаз қадамдары

Ұлттың қуаты – оның зияткерлік әлеуеті, халқының денсаулығымен өлшенеді. Бүгінгі таңда елімізде денсаулық сақтау жүйесі оң өзгерістер мен мемлекеттің әлеуметтік келбетін жаңа сапалық деңгейге көтеретін ауқымды тарихи трансформацияны бастан өткеруде. Дәстүрлі жүйенің орнын заманауи, жоғары технологиялық және адамға бағытталған жаңа дәуірге қадам басу кезеңі алмастыруда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТоқаевтыңЖолдауында азаматтардың денсаулығын жақсарту және медициналық инфрақұрылымды дамыту басты басымдық ретінде айқындалған болатын. Осы тұрғыдаҚазалы аудандық көпбейінді орталық ауруханасы ауқымды істер мен нақты нәтижелермен көрініп келеді.
ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ ТҰРАҚТЫЛЫҚ – ҰЛТ ҚУАТТЫЛЫҒЫНЫҢ КЕПІЛІ
53 883 тұрғыны бар Қазалы ауданы халқы мен көршілес аудандар тұрғындарына 36 жалпы тәжірибелі дәрігерлік аймақ қызмет көрсетеді. Бұл ауданда дәрігерлермен қамтылу көрсеткіші 100 пайыздық межені құрап отыр.
Кез келген аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуының басты индикаторы – оның туылым мен өлім-жітім деңгейін айқындайтын демографиялық көрсеткіштері. Туылым мен сәбилер денсаулығы алдыңғы жылдармен салыстырғанда өсім бергені байқалады.
2026 жылдың 5 айында аудандық аурухананың перзентхана бөлімінде 371 нәресте дүние есігін ашқан. Бұл көрсеткіш туу көрсеткіші 1000 тұрғынға шаққанда 6,8 процентті құрады. Өткен жылдың осы кезеңінде 465 сәби дүниеге келіп, туу көрсеткішінде біраз бәсеңдеу байқалғанымен, сапалық көрсеткіштерде айтарлықтай соны серпін бар. Бұл туралы аурухана бас дәрігерінің ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі орынбасары Айгүл Медетбаевадан білдік.
Ана мен бала денсаулығын қорғау – мемлекеттік саясаттың өзегі. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстың нәтижесінде перинаталдық өлім-жітім көрсеткіші өткен жылғы 4-тен 1-ге дейін шұғыл төмендеп, ана мен бала саулығын сақтауда жағдай дәрігерлердің жоғары кәсібилігін дәлелдеді.
Сақтықта қорлық жоқ. Аудан денсаулық сақшылары 0-1 жас аралығындағы сәбилер шетінеуі мен 0-5 жас аралығындағы өлімді барынша азайту бағытында әлі де диспансерлік бақылауды күшейту бағытында жұмысты жандандырып келеді.
Аудан бойынша жалпы өлім-жітім көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда азайып, еңбекке жарамды жастағы азаматтардың өлімі де кеміген.
Нозологиялық құрылым өлім-жітімнің негізігі себептерін қан айналымы жүйесінің аурулары, кәрілік, жүйке жүйесінің аурулары өткен жылмен салыстырғанда екі есеге жуық азайғаны анықталған.
Аудан әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2026 жылдың 5 айында аудандағы табиғи өсім 4,8 процент деңгейінде қалыптасқан.
МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ – ҚОЛЖЕТІМДІЛІК ПЕН ЦИФРЛАНДЫРУ ЖЕМІСІ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев саланың стратегиялық маңызына туралы:
«Денсаулық сақтау саласының тиімділігі – мемлекеттің тұрақты дамуының басты кепілі. Біздің негізгі мақсатымыз – әрбір азаматтың, мейлі ол елорда тұрғыны болсын, мейлі шалғай ауылдағы бауырымыз болсын, сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек алуын қамтамасыз ету. Бұл – ұлт саулығының ғана емес, ұлттық қауіпсіздіктің де мәселесі», –деген болатын. Президенттің бұл сөзі еліміздің медицина саласын жаңғыртудың айқын темірқазығына айналды. Осы стратегиялық тапсырманың аясында еліміз жаңа белестерді бағындыруға нық қадам басты.
Цифрлық серпіліс және инфрақұрылымдық жасампаздық туралы аурухананың бас дәрігері Қадырбек Әліповтен сұрадық.
«Бүгінде Қазақстан медицинасы тек емдеумен ғана шектелмей, озық технологиялардың тоғысқан орталығына айналды. «e-Densaulyq» бірыңғай экожүйесінің толыққанды іске қосылуы – бюрократияны жойып, пациент мүддесін алдыңғы шепке шығарған цифрлық төңкеріс. Біздегі әрбір қызметке жүгінушінің денсаулық картасы уақыт пен кеңістікке бағынбайтын біртұтас жүйеде тоғысуда.
Сонымен қатар, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында еліміздің ең шалғай елді мекендерінде жүздеген жаңа нысандар бой көтерді. Бұл – жай ғана салынған ғимараттар емес, бұл – ауыл мен қала арасындағы әлеуметтік алшақтықты жоюға бағытталған мемлекеттің әділетті саясатының көрінісі», – дейді.
Қадырбек Раманқұлұлының айтуынша, адам капиталы – реформалардың өзегі.
Ақ халатты абзал жандардың мәртебесін көтеру, олардың құқықтық тұрғыдан қорғалуын қамтамасыз ету және еңбекақысын жүйелі түрде өсіру – биліктің дәрігер мамандығына деген жоғары құрметінің белгісі. Инфекциялық қызмет пен жедел жәрдем жұмыскерлерінен бастап, ауылдық жердегі фельдшерлерге дейінгі қолдау шаралары салаға жаңа дем беріп, жас мамандардың ағылуына жол ашқан.
Қаржыландыру үлесін арттыру, медициналық сақтандыру жүйесін (МӘМС) мінсіз тетікке айналдыру және өңірлік теңсіздіктерді толықтай еңсеру – алда тұрған жауапты міндеттер. Алайда, таңдап алынған бағыт айқын, мақсат айбынды.
Қазалы аудандық көпбейінді орталық ауруханасы мәліметіне сүйенсек, есепті кезеңде Қазалы ауруханасы тарапынан барлығы 150 667 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Сандық деректердің өткен жылдан 162 850 яғни төмен болуы – халықтың цифрлық сауаттылығы артып, «eGov» және «Damumed» жүйелері арқылы қызметті үйден шықпай-ақ алу үрдісінің қалыптасқанын көрсетіп отыр.
Ең көп көрсетілген қызметтердің көш басында – дәрігердің қабылдауына жазылу тұр. Саны – 107 461 қызмет. 17 375 қызмет көрсеткішін азаматтардың жекелеген санаттарына тегін дәрілік заттар беру құраған. Сонымен қатар, көлік құралын басқаруға рұқсат алу анықтамасын беру 143-тен 220-ға өскен. «Бұл аудандағы әлеуметтік белсенділіктің бір нышаны», – дейді мамандар.
Емханалық қызметте де елеулі істер бар. Тұрғындардың «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» ұстанымын ұстанып, профилактикаға бет бұру үдерісі жыл санап ұлғайып келеді.
Емханаға қаралу көрсеткіші биыл 172 874-ті құраған. Мұндағы ең маңызды құрылымдық өзгеріс – профилактикалық тексерілумен қаралғандар қатары 38,6 проценттен 44,3 процент яғни 76 593 адам өсуі. Бұл – халықтың өз денсаулығына деген жауапкершілігінің артқанын және скринингтік жұмыстардың сапалы ұйымдастырылғанының айғағы.
Дәрігерлерге қаралудың 54,8 проценті – 94863-і тікелей аймақтық дәрігерлердің үлесіне тиесілі. Үйден қарау көрсеткіші кеміген. Себебі тұрғындардың емханаға келіп, толыққанды диагностикадан өтуді жолға қойылып келеді.
АУРУШАҢДЫҚ ҚҰРЫЛЫМЫ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК МАҢЫЗЫ БАР ДЕРТТЕРМЕН КҮРЕС
Аудан бойынша тіркелген жалпы аурушаңдық өткен жылы 25 072 болса, биыл 21 916 жағдайды құраған.
Бірінші рет анықталған аурушаңдық 14 067 жағдай болып, өткен жылғы деңгейде қалған.
Ерте анықтаудың нәтижесінде Қазалы ауданының онкологиялық қызметі биыл айтарлықтай табыстарға қол жеткізген. Есепте тұрған жалпы науқастар саны өткен жылы – 358 болса, биыл 391-ге жеткен. Бірінші рет анықталғандар саны – 44 науқас. Ең басты жетістік – қатерлі ісікті бірінші, екінші сатысында ерте анықтау көрсеткіші 50 проценттен 63,6 процентке артқан. Салыстырмалы түрде айтсақ, бұл көрсеткіш облыстық орташа деңгейден 56,8 процентке жоғары. Ал асқынған төртінші сатыда анықталу деңгейі 6,8 процентке дейін төмендеген. Визуальды қолжетімді онкологиялық аурулардың төртінші сатысында анықталуы тіркелмеген. Бұл скринингтік бағдарламалардың жемісі екендігі сөзсіз.
Науқастардың 5 жылдан артық өмір сүру ұзақтығы да 50,1 процентке артып, облыстық межеден жоғарылаған. Десек те, онкологиядан болатын өлім-жітім бұл бағыттағы бақылауды сәт те бәсеңдетуге болмайтынын ескертеді.
ТУБЕРКУЛЕЗГЕ ТҰСАУ САЛЫНДЫ
Аудан бойынша туберкулезбен аурушаңдық көрсеткіші 100 мың халыққа шаққанда 25,6-дан 20,4-ке азайған. Сырқаттылық деңгейі де 86,0 проценттен 81,6 процентке төмендеген. 2026 жылдың 5 айында туберкулезден өлім-жітім мен асқыну жағдайлары мүлдем тіркелмеген. Бұл табыстың сырын ақхалаттылар заманауи технологиямен байланыстырады.
«Қазалы ауданаралық ауруханасының өкпе ауруларына қарсы бөлімінде молекулярлы-генетикалық әдіспен сараптама жасайтын жоғары технологиялық «ДЖЕЙН ЭКСПЕРТ» аппараты үзіліссіз жұмыс істеп тұр. Осы аппарат арқылы 139 науқас тексеріліп, дертке шалдыққан 19 адам ерте бастан анықталып, емге жолданды. Дегенмен, балалар мен жасөспірімдер арасындағы аурушаңдықтың 4,6-дан 14,1-ге өсуі мектеп жасындағы балалар арасындағы ману тексерулерін күшейтуді талап етеді», – дейді туберкулезге қарсы диспансер бөлімінің фтизиатр дәрігері Жасарал Оспанов.
Мемлекеттің халыққа жасаған үлкен қамқорлығы – амбулаториялық деңгейде тегін дәрі-дәрмек беру ісі. Қазақстан Республикасы Десаулық сақтау министрлігі бұйрығына сәйкес, биыл Қазалыда бұл бағытқа 293 074 208 теңге жұмсалған. Өткен жылы – 258,5 миллион теңге қамтылған.
Қаржы көлемінің артуы қызмет сапасы мен дәрі түрлерінің көбейюіне көмектескен. Аталмыш уақыт ішінде дәрі-дәрмек тапшылығы сезілмеген. Тұрғындар тарапынан арыз-шағым түспеген. Сонымен қатар, ана мен баланы қолдау мақсатында 371 дана «Бала күтіміне арналған қобдиша» таратылып, 1501 сәби «Нәресте» тегін жасанды тамақтандыру балалар тағамымен қамтамасыз етілген.
Жыл басынан бері 81 адам бірінші рет мүгедектікке шыққан. Мұнда бас-сүйек және көз аурулары алдыңғы орында тұр. Оң динамика ретінде оңалту іс-шараларымен қамтылғандар санының екі есеге жуық артып, 243-тен 460 адамға жеткенін ерекше атап өткен жөн.
ТИІМДІЛІК ПЕН ҮНЕМДІЛІК ҮЛГІСІ
Қазіргі заманғы медицина ұзақ уақыт ауруханада жатудан гөрі, мобильді әрі тиімді емдеу тәсілдерін құптайды. Осы орайда, Қазалы аудандық көпбейінді орталық ауруханасы күндізгі стационарының жұмысы жоғары деңгейде ұйымдастырылған.
Оптимизация нәтижесінде төсек саны 160-қа азайтылғанына қарамастан, емдеу сапасы төмендеген жоқ. Бес ай ішінде стационардан 2019 науқас емделіп шыққан. Орташа емделу ұзақтығы – 8 күн. Ең басты нәтиже – емнен кейін сауығып шыққандар саны өткен жылғы 149-дан 179-ға жеткен.
Қазалы аудандық көпбейінді орталық ауруханасының 2026 жылдың 5 айындағы жұмыс қорытындысы аудан медицинасының дұрыс бағытта дамып келе жатқанын көрсетеді. Скринингтік бағдарламалардың нәтижесінде қатерлі ісіктің ерте анықталуы, туберкулездің құрықталуы, ана мен бала өлімінің төмендеуі – қажырлы еңбегінің жемісі. Салада балалар арасындағы туберкулезді болдырмау, онкологиялық өлімді азайту секілді шешімін күткен өзекті мәселелер де жоқ емес. Дегенмен, «Жұмыла көтерген жүк жеңіл». Аудан дәрігерлерінің кәсіби әлеуеті мен мемлекеттің қолдауы барда, Қазалы өңірінде халық денсаулығын жақсарту бағытындағы ауқымды істер алдағы уақытта да өз жалғасын табары сөзсіз. Ұлт саулығы – ұлы іс, ал бұл жолда қазалылық шипагерлердің антына адалдығы әрқашан биіктен көрінбек.
Қазақстанның денсаулық сақтау саласы Әділетті Қазақстанның іргетасын бекітіп, ұлт саулығының жаңа сапалық деңгейін қалыптастыруда. Алдағы жылдарға арналған мемлекеттік тұжырымдамалардың жүзеге асуы – елімізді жаһандық бәсекеге қабілетті, дені сау әрі рухы асқақ ұлттардың қатарына қосу.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
13 маусым 2026 ж. 43 0

Тиімді кәсіп көздері

13 маусым 2026 ж. 31

Батагөйлер байқауы өтті

13 маусым 2026 ж. 31

Ел тілегі ескерусіз емес

13 маусым 2026 ж. 32

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930