«Денсаулық керуені» акциясы Ақсуат ауылында өтті
Бүгін «AMANAT» партиясы Қазалы аудандық филиалының «Шипагер» бастауыш партия ұйымы мен Қазалы аудандық емханасының ұйымдастыруымен Майлыбас ауылдық округінің орталығы Ақсуат ауылында «Денсаулық керуені» атты көшпелі медициналық акция өткізілді.Акция аясында ауыл тұрғындарымен кездескен «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, Қазалы аудандық көпбейінді орталық ауруханасының дәрігер-эксперті Күншығар Әбілов денсаулық сақтау саласын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, акцияның маңызын түсіндірді.
«Мемлекет басшысының бастамалары мен «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында халық денсаулығын жақсарту мәселесіне ерекше басымдық берілген. Соның нәтижесінде аудан көлемінде денсаулық сақтау саласына айрықша көңіл бөлініп, ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда. Ауылдық жерлерде жаңа дәрігерлік амбулаториялар мен медициналық нысандар пайдалануға беріліп, тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасы артып келеді. Бүгінгі «Денсаулық керуені» акциясы – сол бастамалардың нақты көрінісі. Мұндай көшпелі медициналық шаралар шалғай елді мекен тұрғындарының денсаулығын дер кезінде тексеруге, аурудың алдын алуға және сапалы медициналық кеңес алуға мүмкіндік береді. Сондықтан әр азамат өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, профилактикалық тексерулерден тұрақты өтіп тұрғаны маңызды», – деді Күншығар Әбілұлы.
Шара барысында аудан орталығынан арнайы келген кардиолог, невропатолог, оториноларинголог, офтальмолог, хирург, стоматолог, нефролог, гинеколог және УДЗ мамандары тұрғындарды қабылдап, қажетті тексерулер жүргізді. Келушілер дәрігерлердің қабылдауынан өтіп, медициналық кеңестер алып, денсаулық жағдайына байланысты тиісті ем-шаралар бойынша ұсыныстар алды.
Өз кезегінде ауыл тұрғындары шалғай ауылға арнайы келіп, тегін медициналық қызмет көрсеткен дәрігерлерге және акцияны ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді.
Халық денсаулығын нығайтуға бағытталған «Денсаулық керуені» акциясы алдағы уақытта да басқа ауылдарда жалғасады.
#AMANAT














