Туризмді дамыту мәселелері қаралды
Бүгін Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында туризмді дамыту мәселелері қаралды. Оған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев селекторлық режим арқылы қатысты.
Үкімет отырысынан кейін осы және өзге де мәселелерге орай жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді.
Аймақ басшысы туристік аймақтарда төтенше жағдайдың алдын алу үшін құтқару топтары мен алғашқы медициналық көмек көрсету пункттерінің жұмысын ұйымдастыруды тапсырды. Демалыс орындарын қауіпсіздік нұсқаулықтарымен қамтамасыз ету, санитарлық талаптардың сақталуын қатаң бақылау, туристік аймақтарды байланыс арналарымен қамту жөнінде ұсыныстар әзірлеу керек.
Қауіпсіздік шараларын кеңінен насихаттау үшін телеарналарда, әлеуметтік желілерде және интернет ресурстарда ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту, демалыс орындары мен рұқсат етілмеген су айдындарында рейдтік іс-шараларды тұрақты өткізу маңызды.
Жиында су тасқынының алдын алу бағытында атқарылған жұмыстар да сараланды. Өткен қыс-көктем кезеңінде облыстағы ахуал тұрақты болды. 2024 жылы өңірде 27 нысанда қорғаныс бөгеті қалпына келтірілсе, өткен жылы 13 нысан жөнделді. Қазіргі уақытта жөндеу және қалпына келтіруді қажет ететін 12 нысан анықталған.
Осыған байланысты «Құмсай», «Көлтоған», «Қыраш», «Манап» су қоймаларын жөндеу, «Жиделі» су қоймасын қайта жаңғырту, Сырдария ауданындағы «Тереңөзек-Шаған» көпірі тұсындағы қорғаныс нысандарын қалпына келтіру қажет.
Жауапты мамандарға «Ақшақыз» каналының су тоспасы мен қорғаныс бөгетін, «Қалғандария» учаскесіндегі су тоспасының қақпақтары мен бөгеттерін жөндеу, Сырдария өзенінің «Қорқыт Ата» учаскесіндегі қорғаныс бөгетін қалпына келтіру жүктелді.
Бұдан бөлек, «Келінтөбе» магистральді каналына су жеткізетін каналға су тоспасын салу, «Рисмаш» учаскесіндегі, «Болашақ» университеті маңындағы қорғаныс бөгеттерін қалпына келтіру бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Бүгінде облыста 6 индустриялық аймақ жұмыс істейді. Өткен жылы Үкімет қаулысымен Қызылорда қаласында «Қорқыт Ата» арнайы экономикалық аймағы құрылды. Осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалану үшін қала және аудан әкімдеріне отандық және шетелдік инвесторларды тарту, жаңа өндірістік жобаларды орналастыру тапсырылды.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі















