«Заң мен тәртіп» қағидасы аясында тұрғындармен кездесу және жеке қабылдау ұйымдастырылды
Бүгін аудан әкімі Алмасбек Есмаханов құқық қорғау органдарының басшыларымен бірге «Заң мен тәртіп» қағидасы аясында тұрғындармен кездесіп, азаматтармен жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді.Алғашқы кездесу Аранды ауылдық округінде ұйымдастырылып, оған Өркендеу, Бірлік, Бозкөл, Тасарық және Қызылқұм ауылдық округтерінің тұрғындары қатысты. Ал екінші қабылдау Қазалы қаласында өтіп, бұл кездесуге қала тұрғындарымен қатар Абай және Ақтан батыр ауылдарының азаматтары келді.
Кездесуде аудан әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы – қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздіктің негізгі тірегі екенін атап өтті. Сондай-ақ Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатына сәйкес, тұрғындардың өтініш-тілектері мен көтерген мәселелері билік назарынан тыс қалмайтынын жеткізді. Бүгінде ауданда «Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілету аясында қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу шараларын күшейту, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Қаупісіз аудан», «Ішімдіксіз ауыл», «Қылмыссыз өңір - кемел болашақ», «Адал бала» сынды іс-шаралар жүзеге асуда.
Аудан әкімі кездесуде Президентіміздің, аймақ басшысының қолдауымен өңірде өткен жылы атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы кезеңге жоспарланған міндеттерді таныстырды. Аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы, инфрақұрылымды жетілдіру және тұрғындардың өмір сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасын табатынын айтты.
Кездесу барысында Мемлекет басшысының Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайға қатысуы өңір үшін маңызды оқиға болғанын атап өтіп, құрылтайда көтерілген бастамалар мен тапсырмалар аудан деңгейінде кезең-кезеңімен іске асырылатынын жеткізді.
Тұрғындармен өткен кездесулерден кейін аудан әкімі Алмасбек Есмаханов, аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш, аудандық соттың судьясы Мұрат Оспанов, аудан прокуроры Мадияр Бекпанов және аудандық полиция бөлімінің бастығы Асылбай Аңсатов тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Қабылдау барысында азаматтар тарапынан тұрғын үй кезегі, тұрақты жұмысқа орналасу, көшелерді жөндеу, елді мекендердің электр желілерін қайта жаңғырту, мал ұрлығы, қоғамдық қауіпсіздік, жер дауы, әлеуметтік мәселелер және басқа да бірқатар өзекті сұрақтар көтерілді. Әрбір мәселе бойынша заң аясында нақты жауаптар беріліп, тиісті сала басшыларына заң шеңберінде тапсырмалар жүктелді. Бүгінгі қабылдауда жалпы саны 50-ге жуық азаматтың өтініші қаралды. Ал, аудан әкіміне 20-дан астам тұрғын өз сұрақтарын қойды.
Мұндай қабылдаулар – билік пен халық арасындағы ашық диалогты нығайтып, ел ішіндегі өзекті мәселелерді бірлесіп шешуге мүмкіндік береді. Аудан әкімімен құқық қорғау органдарының басшыларымен бірге кездесулер мен жеке қабылдаулар алдағы уақытта да белгіленген кестеге сәйкес жүзеге аспақ.













