Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордада "Таза" деген белгісі бар құс еті саудалануда

Қызылордада "Таза" деген белгісі бар құс еті саудалануда

Құс шаруашылығы қаланың іргесіндегі Қарауылтөбе елді мекенінде орналасқан. Қызылордадағы сауда нүктелерінде қазір сыртында "Таза" деген белгісі бар құс еттері сатылып жатыр. Дәмін татып көрген жұрт оның дәмді, тойымды әрі сіңімді екенін байқады. Қаланың іргесіндегі Қарауылтөбе елді мекенінде осындағы үлкен аумақта мал бордақылау алаңы, мал сою пункті, шұжық өнімін дайындайтын цех, ет бағытындағы құс фермасы мен жылыжай қатар орналасқан.
"Береке" шаруа қожалығы былтыр көктемде құрылды. Кенжебек Қалмұратов жауапты істің басында жүр.
"Көпшілік құс шаруашылығы туралы "Жемін, суын берсең болды, өздері өседі ғой" деп ойлауы мүмкін. Шынымен солай ойласа – қатты қателескені. Құс асыраудың қиындығы жетіп-артылады. Оған да баланы баққандай қарамасаң болмайды. Жем-шөбін, суын ұдайы беріп, қораны тазалап отыру керек. Ауа температурасын бір қалыпта ұстау аса маңызды", – дейді ол.
Қожалықтың құс шаруашылығы бағытындағы жетекшісі 7 цехта тауықтың "Арбор-Айкрес", "Кобб-500" деген түрлері, сондай-ақ үйрек өсірілетінін айтты. Голландық "Арбор-Айкрес" түрі жем-суды көп қажет етеді, сондықтан салмақты да тез қосады. Құстардың өз "ас мәзірі" де бар. Онда құрамы микро-макроэлементтер мен минералдарға толы бидай, соя шроты міндетті түрде болады. Жем шаруашылық алаңында әзірленеді.
"Құстарды әбден бағып, әртүрлі ауруға қарсы екпелер салып, 1,5 айда сойып аламыз. Сол кезде әрқайсысы шамамен 2,5-3 келі ет береді. Осылайша сағатына – 300-400, күніне 4-5 мыңдай тауық сойылады. Тәулігіне орта есеппен 7,5 тонна етті нарыққа шығарамыз", – дейді Кенжебек Қалмұратов.
Қасапшылар үйрек, тауықтарды таза жерде шариғат тәртібімен бауыздайды. Демек, шаруашылық өнімі таза, әрі халал. Ең бастысы шеттен әкелінген құс еті сияқты ішіне су толтырылмаған.
"Біз салмағын арттыратын артық ештеңе қоспаймыз. Сойғанда қанша келі шыққан болса, сауда нүктелеріне дәл сол күйі жеткізіледі", – дейді ол.
Қожалық құс түрлерін әдетте Алматыдағы "Сеймар" компаниясынан алдырады. Ал енді бір бөлігін өзінде бар инкубацияға салып шығарады. Жыл сайынғы инкубатордан шыққан балапан саны 1 миллионға жуықтайды. Шаруашылық иелері бүгінде төмендегідей игі бастаманы қолға алыпты. Ол бойынша ниет білдірген адам осы жерден 300-320 теңгеге балапан сатып алып, жақсылап асырап-бағып, белгіленген уақытта қайтадан әкеліп 800 теңгеге өткізе алады. Бастаманы құп көріп, оған үлес қосушылар облыс орталығынан ғана емес, аудандардан да табылып жатыр.
Құс баптаған қожалықта 30 шақты адам жұмыс істейді, маусымдық кезеңде 50-ге дейін барады. Алдағы уақытта шаруашылық аясын кеңейту, оның ішінде Қазалы және Жалағаш аудандарында құс фермасын ашу, жылжымалы құс сою пунктін салу жоспарланып отыр.
"Ең бастысы, қалдықсыз өндірісті жолға қойғымыз келеді. Мысалы, құсты сойғаннан кейін жүнін кәдеге жаратсақ, ішек-қарнын тазалап балықтың қорегіне айналдырсақ па деген ойымыз бар", – дейді Кенжебек Қалмұратов.
26 қыркүйек 2018 ж. 1 343 0

Тазалық-өмір айнасы

24 сәуір 2024 ж. 84

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930