Жастармен жұмыс жүйелі
Аймақтағы жастар саясатының дамуы қарқынды. Өткен жылы саланы қаржыландыруға жергілікті бюджеттен 679 млн теңге қаржы бөлініпті. Бұдан бөлек, жастарды жалпы қоғамдық үдерістерге қосу мақсатында ынталандыру шаралары іске асырылып, оларды жүзеге асыруға мемлекеттік деңгейде жағдай жасалған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Майя Тасқынбаева мәлімдеді. Оның айтуынша, басқарма тарапынан 17 әлеуметтік жоба қолға алынып, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, жұмыспен қамту секілді мәселелер күн тәртібіне қойылған.
– Түрлі санаттағы жастардың тұрақты және маусымдық жұмыспен қамтылуына ықпал ету, жұмыссыз жастарға арналған тегін шеберлік сыныптарын үздіксіз өткізіп отыру – басты міндеттің бірі. Бұл мақсатта біз тиісті жұмыстарды жолға қойдық. Мәселен, «Жастарды «Жасыл ел» еңбек жасағына тарту» жобасы аясында маусымдық кезеңде 1035 сарбаз жұмыс істеген. Жасаққа қабылдау барысында әлеуметтік аз қамтылған отбасынан шыққан студенттерге басымдық берілді, жасылелдіктердің жалақысы да біршама көбейді. 2013 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан «Жас құрылысшылар» еңбек жасағы да өлкеміздің өркендеп дамып, әсем ғимараттардың бой көтеруіне септесуде. Былтырғы еңбек маусымына 326 жас тартылған. Қазір олардың 64-і тұрақты жұмысқа қабылданған. Жасақ сарбаздары түрлі бағыттағы семинар-тренинг, қайырымдылық шараларын ұйымдастырып, мәдени шараларда бой көрсетуді ұмытпайды, – деді М.Тасқынбаева.
Жиында жастардың білім алуы, өз кәсібін ашып, нәсібін табу қажеттілігі де айтылды. Спикер ІТ технологияны игеру, қаржылық сауаттылықты қалыптастыру мақсатында «Жастар ресурстық орталығы» КММ жанынан «Go working» орталығы жұмыс жүргізетінін жеткізді. Сол жағалаудан «Жастарға қызмет көрсету орталығының» ғимаратын салу қолға алынғанын тілге тиек етіп, заманауи орталықта 20 бағытты қамтитын секциялар ашылатынына тоқталды. Сондай-ақ, аяқсыз қалған жобалардың барын жасырмады. Мәселен, «Ауыл жастарын әлеуметтендіру», «Жас отбасыларға қолдау көрсететін ресурстық орталық ұйымдастыру», «Жастардың өзін-өзі дамыту орталығы» жұмысын ұйымдастыру секілді бірқатар жоба әлеуметтік өнім берушілердің міндеттемелерін толық орындамауына байланысты жүзеге аспаған.
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.
«Сыр бойы».
«Сыр бойы».