Ұлтына қорған, ұрпаққа ұран болған ер
Бірлік пен тұтастық, атадан қалған құтты қонысты келер ұрпаққа аманаттауда өлшеусіз үлес қосқан тұлғалар қазақ даласында қашан да қастерді.Жылдар бойы жасанды ұмытудың шаңы астында жатса да, халықтың жүрегіндегі Сартай батырдың бейнесі көмескіленген жоқ. Идеологияның бұғауы сөгілгенде, азаттықтың ақ таңымен бірге көшбасшының есімі елімен табысты. Бұл — тарихтың әділдігі, баба рухының ұрпақ қанындағы жаңғырығы.
Кеңестік идеология ол туралы мәліметті жойып, есімін атауға тыйым салса да, Тәуелсіздікпен бірге түлеп, ұрпағымен қайта қауышқан батыр, көшбасшы
Есімі неге ұмыт қалды?
Сартай батырдың есімі мен ерлігі туралы жұртшылық ол жайында жарық көрген «Жаужүрек мың бала» фильмі туралы жақын танып, таңданыс білдірді. Осы орайда көпшілік жадына:«Ел жадында ерлігімен қалған осындай ержүрек туралы мәліметті билік бұған дейін неге тұншықтырған?» деген заңды сұрақ оралғаны мәлім. Оған себеп те жоқ емес. Алаш жұртына абыройымен асқақтаған Сартай Байжанұлының атқарған ісі, оның шын мәнінде халықтың идедал тұтуға болатын тұлға екендігін ұғындыратын мәліметтер жеткілікті.
XVIII ғасырдағы «Ақтабан шұбырынды» заманында батырлар елдің ертеңі мен бостандығы үшін жан аямай күрескен саяси тұлғаларға айналды. Солардың бірі, бірақ есімі ұзақ уақыт көлеңкеде қалып келген бірегей тұлға – Сартай батыр Байжанұлы.
Дәстүрлі қазақ қоғамындабатырлар тек майдан шебіндегі жауынгер емес, сонымен бірге көршілес елдермен күрделі келіссөздер жүргізіп, елшілік қызметтерді атқару, ру арасындағы дау-шараларды шешіп, қиын-қыстау кезеңде халықты бірлікке шақырып, ұлттық рухты жанитын жандар болғаны белгілі.
Сартай батыр есімі ұзақ уақыт ұмыт қалып, тарихи әділеттіліктің кеш орнауының бірнеше негізгі себептері бар.
Алғашқысы, жоғарыда атап өткендей, идеологиялық кедергі. Кеңестік тарихнамада қазақ хандары мен олардың маңайындағы батырлардың бейнесін сомдау «феодалдық өткенді дәріптеу» деп айып тағылып, сыналды. Әсіресе, Әбілқайыр ханның саясатымен үндес болған тұлғалардың есімдерін атауға шектеу қойылғаны туралы құжаттық деректер бар.
Екінші кедергі – ауызша жеткен тарих пен архив алшақтығы.
Батыр туралы мәліметтер негізінен халықтық арасында сақталған. Нұрмағанбет Шөменұлының «Сартай батыр» дастаны – батыр туралы алғашқы дереккөздің бірі. Осы шығармасы үшін ақын 1930 жылы саяси қудалау нысанасына ілігіп, жазықсыз 5 жылға сотталады. Саяси қудалау онымен тоқтамай, 1937 жылдың 29тамызында Ақтөбе қаласының НКВД үштігі авторды «халық жауы» деп айыптап, ату жазасын кеседі. Үкім сол жылы 4 қыркүйекте орындалады. Осыдан соң Сартай батыр бастаған шығармаға тиым салынып, жетпіс жыл бойы айтылмай келді. Шығарма кейін қалпына келтіріледі.
Ресми патшалық архивтерде Сартай көбіне «старшын» немесе «елші» ретінде тіркелгендіктен, оның батырлық бейнесі ғылыми тұрғыдан ұзақ зерттелмеген.
Тағы бір маңызы жағдай – аймақтық шектеу. Кеңес дәуірінде Сартай батыр тек Сыр бойы мен кіші жүзге ғана тән тұлға ретінде қарастырылып, оның жалпыұлттық маңызына мән берілмеген. Кейбір тарихшы ғалымдар тіпті Сартайды мифтік кейіпкерге санаған. Оның шығу тегі мен жасаған ерлігін албан руынан шыққан Ханкелдіұлы Райымбек батырға телігендер де табылған.
Тәуелсіздік алғаннан кейін Сартай батырдың есімі кеңінен ұлықталып, ол туралы мағлұматтар мектеп оқулықтарына еніп. Бірнеше кітап, ғылыми зерттеу, ауқымды туындылар жарық көрді.
«Ақтабан шұбырынды» ақтаңгері
Батыр-билер туралы сөз қозғамас бұрын, тарих сахнасына шығарған өмір сүрген кезеңі туралы мәліметтерге көз жүгірту қажет.
XVIII ғасырдың бірінші жартысы қазақ халқының тарихындағы ең күрделі әрі шешуші кезеңдер болды. Бұл уақыт тарих беттеріне «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген атпен енген, жоңғар басқыншылығы елдің этникалық тұтастығы мен мемлекеттілігіне үлкен қауіп төндірген заман еді. Осы кезеңдегі оқиғалардың бел ортасында Кіші жүз ханы Әбілқайырдың әскери ерліктері мен оның қайшылықты дипломатиялық қадамдары тұрды.
А.И.Тевкелевтің «1731-1732 жылдардағы күнделіктері», 1759 жылы жарық көрген П.И.Рычковтың «Орынбор тарихы» еңбектерінде XVIII ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ-орыс қатынастары жан-жақты жазылған.
Жоғарыдағы дереккөздерді негізге алсақ, 1723 жылы басталған «Ұлы нәубет» қазақ руларының басын біріктіруге мәжбүр еткен. 1726 жылы Ордабасыдағы жиында барлық жүздердің өкілдері ортақ жауға қарсы тұруға ант беріп, бүкілқазақтық жасақтың бас қолбасшысы етіп Әбілқайыр ханды сайлайды. Оның қолбасшылығымен 1727 жылы Бұланты өзенінің бойында және 1729-1730 жылдары Аңырақай даласында жоңғарларға күйрете соққы берілген. Бұл жеңістер қазақ рухын көтеріп, жауды ел шетінен ығыстыруға мүмкіндік туғызған.
Сыртқы жеңістерден кейін ішкі саяси ахуал күрделене түседі. Болат хан қайтыс болған соң, хандық билікке талас күшейіп, Әбілқайыр хан Кіші жүздің мүддесін қорғау және өз билігін нығайту үшін жаңа одақтастар іздеуге көшті. Бір жағынан жоңғарлардың қайта күшеюі, екінші жағынан Еділ қалмақтары мен башқұрттардың үздіксіз шабуылдары Әбілқайырды Ресей империясымен күш біріктуріге мәжбүр болады.
Нұрмағамбет Қосжанұлының «Сартай батыр» шығармасында мың баланың жасағын басқарған 15 жасар Сартайдың Әбілқайыр хан басқарған сарбаздар құрамында болғаны айтылады. Сартайдың Шұбартеңіз, Қалмаққырылған және Аңырақай шайқастарына қатысқандығы туралы да тарихи дерек бар.
Аңыз бен ақиқат
Сартай батыр Байжанұлы шамамен 1711–1785 жылдары өмір сүрген. Қазақтың белгілі батыры, би, қоғам қайраткері. XVIII ғасырдың бірінші жартысында жоңғар басқыншылығына қарсы күресте және кіші жүздегі саяси оқиғаларда көрнекті рөл атқарған тұлға. Ел ішінде «Жаужүрек Мың бала» жорығының басшысы ретінде танымал.
Әкесі Байжан би Қосқұлақұлы ұлын ерте жасынан атқа мінгізіп, әскери өнерге баулыған. Алты жасынан аңға шыққан. Бүкірек батырдан соғыс өнері, жекпе-жек тәсілдерін үйренген. Жастайынан діни сауатты болған, шешендігімен және әділдігімен көзге түскен.
1731–1733 жылдары Мәмет Тевкелевтің кіші жүзге келген елшілігі кезінде Сартай батыр шекті руының басқа билері Сырлыбай, Баба, Байжан билермен бірге Ресей бодандығына қарсылық көрсетеді. Тевкелев күнделігінде өзінің Сартай батырмен 1732 жылғы 6 наурызда әңгімелескенін жазады.
Шектілер Тевкелев керуенін қоршауға алып, құн талап еткен оқиғалар орын алады. М.Тевкелев өзін құтқарып алғаны Сырлыбайға 100 руб көлемінде сыйлық береді. Сонымен қоса Сырлыбай тағы да көйлек, жасыл кармазин шұға татар шапанын, бешпетін, тіпті Тевкелевтің үстіндегі күміс оқалы сары жібек күртесін шешкізіп алады.
XVIII ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ-орыс қатынастары тек дипломатиялық келіссөздермен ғана емес, сонымен бірге жергілікті рулардың отарлау саясатына деген алғашқы қарсылықтарымен де қиындай түседі. Мұның айқын көрінісін М.Тевкелевтің күнделіктеріндегі 1732 жылғы оқиғалардан көруге болады.
1732 жылдың наурыз айында Әбілқайыр хан ордасындағы жағдай қатты шиеленіседі. 6 наурыз күні ағайынды Қара мен Бәйімбет батырлар Ресей бодандығына қарсы шыққан үлкен топтың келе жатқанын хабарлайды. Бұл топты Баба би (Баби), Жантұма би, Исманбет би, Өтеғұл би, Байжан би, Майлы би және Өтеп, Ақша, Сартай батырлар бастап келеді
Қақтығыстың басты себебі – шекті руынан шыққан Байқараның башқұрттар қолынан қаза табуы еді. Әлімұлы руларының ел ағалары Тевкелевтен кісі өлтірген адамды беруін немесе қазақтың ежелгі әдет-заңы бойынша құн төлеуін талап етеді. Белгіленген құн көлемі: 100 жылқы, 1 сауыт, 1 құл, 1 қаршыға, 1 мылтық және 1 түйе. Алайда Тевкелев Байқараны «ұры» деп айыптап, оның өліміне ешқандай құн төленбейтінін айтып, талаптан үзілді-кесілді бас тартады.
Тевкелевтің бұл жауабына наразы болған Баба би, Жантұма би және Сартай батыр бастаған топ он күн бойы елшілік қонысын қоршауда ұстайды. Сартай батырдың серіктері Ақша мен Құл батырлар бастаған жігіттер башқұрттарға шабуылдайды. Тек Бөкенбай батыр сарбаздарының араласуымен ғана елшілік қырылып қалудан аман қалады. Соңында істің насырға шапқанын түсінген орыс елшісі шектілердің талабын орындап, құнның көлемін 347 сом 56 тиынға бағалап, ақшалай есептесуге мәжбүр болады.
М.Тевкелев бұл туралы: «Шекті руы адам саны жағынан көп, әрі әлеуметтік жағдайы мықты, әлеуеті күшті ел» деп бағалайды.
Оқиға Сартай батырдың тек жаужүрек сарбаз ғана емес, өз халқының құқығы мен заңын қорғаған саяси тұлға болғанын тағы бір мәрте дәлелдейді.
Академик Манаш Қозыбаев Ресей елшісі М.Тевкелев пен Әбілхайыр ханның саясатына ашық қарсы шыққан Сырлыбай би бастаған қозғалыстың маңызына ерекше тоқталған.
Тевкелев бастаған топ елшілік деп аталғанмен, оның қарауында 500-дей қарулы казак-орыстар мен башқұрттар болған. Шекті руының биі Сырлыбай бұл қарулы топқа және хан әскеріне бір жылға жуық қарсылық көрсеткен. Бұл тарихи текетіресте елшілік пен хан жағында тама Есет, табын Бөкенбай, қарақалпақ Оразай батырлар, Нияз сұлтан және башқұрт Таймас тархан болса, Сырлыбай би мен Сартай батырдың жағында Ақша, Жылқайдар, Жылқаман, Сырғақ, Байғара, Теке, Баби, Шеке батырлар шоғырланады
«Qazaqstan tarihy» порталында «Сартай батыр туралы тарихи деректер» аталатын шығарылымында тақырып туралы құнды тарихи деректер жарияланған. Олардың біршамасына тоқталуды жөн санадық.
1733 жылы Сырлыбай мен Сартайдың тұтқынынан құн төленіп босатылған башқұрт Таймас батыр 3000 әскермен Кіші жүзге кек алу жорығына аттанады. Торғай даласындағы шекті елін шығынға ұшыратқанымен, Сартай мен Жылқаман батырлар дереу қол жинап, жаудың бетін қайтарады. Бұл туралы И.Кириллов 1734 жылы 1 мамырда патшайым Аннаға жолдаған ақпаратында Сартай батыр туралы келесі маңызды деректер Гарбердің орыс патшасы Аннаға жазған рапортында кездеседі. Ресей билігі Хиуаға Гарбер керуенін ұйымдастырып, оның басты мақсаты ретінде хиуалықтарға қару-жарақ беріп, оларды патшаға ант бермеген шекті руына айдап салуды көздеген.
Тарихшы М.Вяткиннің пайымдауынша, Тәуке хан өлгеннен кейін қазақ қоғамындағы ішкі басқару жүйесі дағдарысқа ұшыраған. Соның салдарынан Әбілхайырдың билігі Кіші жүзде толық таралмай, Арал теңізі мен Сырдарияның төменгі бойын қыстаған Шекті сұлтан биліктерідербес саяси бағыт ұстануға тырысқан.
Генерал-губернатор О.А.Игельстромның 1785 жылы «Кіші жүзді басқару жөніндегі реформасы» бойынша Сартай батыр, Қаракөбек би мен Мұратбек би үшеуі Әлімұлын басқарған.
«Qazaqstan tarihy» «Материалы по истории Казахской ССР (1785–1828 гг.). жазбасынан 1785 жылдың 21 шілдесінде Екатерина II патшайымға жолданған Кіші жүз қазақтарының ұжымдық өтініш-хаты туралы да мәлімдеген.
Сырым Датов, Қаратау би, Софы би, Бөдене би, Тормамбет би және Сартай би бастаған елуден астам ықпалды тұлғалар қол қойған бұл хатта Нұралы ханды тақтан түсіру туралы кесімді талап қойылған. Құжатта Нұралы ханның жеке басының астамшылығы мен ашкөздігі Ресей мен қазақ жұрты арасындағы тыныштықтың бұзылуына басты себеп ретінде көрсетілген.
Мұрағаттық мәтінде: «Егер Әбілқайыр ханның ұрпақтары биліктен шеттетілмесе, арада ешқандай бейбітшілік пен тыныштық болмайды», – деп халықтың Әбілқайыр әулетінің кейінгі билігіне деген наразылығы ашық айтылады.
Халық өкілдері өздерінің орыс шекарасына жасаған жорықтарын патша үкіметіне деген қастық емес, ханның озбыр саясатына деген амалсыз жауап деп түсіндіреді.
Бұл тарихи құжаттың бірегейлігі – онда ру-ру бойынша жауапты тұлғалардың есімдері нақтыланған. Шекті руының атынан сөз алған билердің қатарында Сартай есімі ерекше аталады. Шекті руының өкілдері қатарында Құдаш би, Сегізбай, Байыс би, Нұрбай би, Сартай би, Жансары бар.
Сартай батырдың бұл тізімде «би» лауазымымен аталуы оның жасы ұлғайған шағында ел ісіндегі төрелік беделінің жоғары болғанын айғақтайды. Хатты сол кездегі Кіші жүздің рухани көсемі Әбдужәлел Қосымқожаұлы мен Сырым батырдың өзі бекіткен.
Өтініш берушілер Нұралы хан биліктен кеткен жағдайда Ресеймен бейбіт қатар өмір сүруге, патша жарлықтарына бағынуға уәде береді. Халық атынан елші ретінде бес адам: молда Шафибахадур, Абдуллатиф Бухари, Искендербай, Мажан бахадур және Женкибай жіберілгені айтылады. Қазақтарда мөр болмағандықтан, аталған би-батырлар өз есімдерін мөр орнына қолданып, жауапкершілікті өз мойындарына алған.
Бұл құжат Сартай бидің Сырым Датов бастаған ұлт-азаттық қозғалысын қолдағанын және Кіші жүздегі билік жүйесін реформалауға ұмтылған саяси топтың белді мүшесі болғанын толық дәлелдейді.
Әбілқайыр ханның кіші жүзді Ресейге қосу сәтіндегі талас-тартыста хан саясатын қолдамаған Тевкелев, Мейер жазбаларынан білеміз.
Тағы бір талас «Жаужүрек мың бала» фильміндегі сюджетке қатысты дау. Көптеген сыншылар фильмді тарихи құжаттарға емес, көркем қиялға көбірек сүйенгені үшін айыптайды.
«Сартай батырдың бейнесі фильмде ол тек жасөспірімдердің басын қосқан көтерілісші ретінде ғана көрсетіледі.
Тарихи деректерде Сартайдың жасағы болғаны рас, бірақ фильмдегідей «ересектерден бөлек, тек балалардан құралған дербес армия» ретінде соғысуы тарихи шындыққа жанаспайды», – дейді батырдың ұрпағы Мұратбек Жанахмет.
Кинода Сартай жас жауынгер шағында ұрыс даласында көз жұмады.
Тарихты тек фильм арқылы танитын ұрпақ үшін шынайы оқиғалар мен көркем шығарманың арасы бұлдырап қалу қаупі туындады. Дегенмен фильм жастар арасында патриотизмді оятып, Сартай батыр есімін жалпыұлттық деңгейге көтеруге көмектескенін жоққа жығаруға болмайды.
Ресей елшілерімен қарым-қатынасы және саяси қызметі туралы 1817 жылдың 16 тамызына дейін белсенді саяси қызмет атқарғаны туралы мәліметтер бар. Кіші және Орта жүз билері Шерғазы Айшуақұлын хан етіп сайлау туралы хатқа «Мен Сартай Байжанұлы өзімнің мөрімді бастым» деп қол қойған. Бұл шамамен батырдың 106 жасқа келген шағын ұғындырады.
Сартай халық жадында батыр ғана емес, билігімен де белгілі болған.
Ел ішіндегі дау-дамайларды шешкен, шешендігімен танымал. Ел арасында Мөңке би өлерінде оның жаназасын Сартай шығаруды өсиет еткені айтылады. Бірақ нақты айғақты дерек емес.
Сартай Байжанұлының есімі Бұхара хандығының ықпалымен байланысты оқиғаларда да белсенді болғандығын көрсетеді. 1790 жылы Мухамеджан Хусайнов керуенін тонап, Ресейге қайтарғаны туралы деректер бар.
Халықты отырықшылыққа шақырып, жер бөлу ісіне атсалысқаны да өзі туралы жазылған шығармаларда көрсетіледі.
Арал-Қазалы өңіріндегі сақталған ел аузындағы батыр туралы оқиғаның бірінде мынандай оқиға айтылады.
Бірде Қосым қожа, төртқара Дәулет бақсы, жақайым Сартай батыр үшеуі Қызылқұмда келе жатқанда, алдарынан шыға келген қоян бұлардан қашпай, жақын маңда сексеуілдің түбіне жата кетеді. Мұны көрген Қосым қожа: «Менің өлгеннен кейінгі бейітім – анау қоян жатқан жер. Сартай, оң жағыма, Дәулет сол жағыма жайғасарсыңдар», – дейді.
1785 жылы жасы ұлғайып, қартайған Сартай дүниеден озар шағында ағайын-туыстарымен қоштасып: «Мені Қызылқұмдағы Қосым қожаның оң жағына жерлеңдер», – деп өсиет етеді. Қазіргі Қазалы ауданының Қызылқұм жақ бетінде Қосым қожа, Даулет бақсы және Сартай батырдың қорымы бар.
Шежірелік мәліметтер Сартай батырдың қазақ, башқұрт, қарақалпақ, қалмақ әйелдерінен алған төрт әйелі болғанын жазады. Қарақалпақ әйелінен Мұса, Дүйсе атты ұлдар туады. Мұсадан Мәукен, Мәукеннен Жұмахмет туады. Арал ауданының Шижаға ауылында тұрған Жұмахмет Мәукенұлы 2001 жылдың наурыз айында қайтыс болған.
Биыл Сартай Байжанұлының туғанына – 315 жыл. «Тарихымыздағы батырлар тек жерін қорғаған жауынгер емес, олар – елдің тұтастығын, халықтың бірлігін сақтаған бірегей тұлғалар. Батырлар институты – біздің мемлекеттілігіміздің ежелгі әрі берік негізі», – деп Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, батырлар жолы – ұлттық тұтастықтың кепілі болған бірегей әлеуметтік құбылыс.Тарихи деректер мен халықтық мұраларға сүйене отырып, ұмыт қалған есімдерді түгендеу – ұлттық парыз. Олардың ерлігі – бүгінгі ұрпақ үшін мемлекетшілдіктің ұлы мектебі.
Дайындаған Алтын ҚОСБАРМАҚОВА














