Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » ҰБТ – 2026: қам қалай?

ҰБТ – 2026: қам қалай?

«Алма кетті домалап, көше бойын жағалап...». Бұл «сиқырды» естігенде ойымызға ҰБТ оралады. Рас қой? Барлығы қолдана қоймас әрине, бірақ ойың сан-сақта тұрғанда «кілт» сөздің қажеті пайдаға асады. Әрине, 11 жылдық білімді сарапқа салу – оқушы мен ұстаз, ата-ана көңілін толқытуы анық.
Сонау 2004 жылдан бастап білім жүйесіне енген ұлттық бірыңғай тестілеу уақытпен ілесіп жаңарып келеді. Мектеп түлектеріне оқу грантын ұтып алуға мүмкіндік беретін бұл сынақ 20 жыл бұрын енгізілгенімен, әлі де бір жүйеге түсе қойған жоқ. Тестілеу жүйесі жыл сайын 35 процентке жаңартылып отырады. Ал биылғы өзгеріс қандай? Қам қалай?
Gov.kz платформасындағы статистикалық деректерге сүйенсек, ауданда 38 мектепте 2 –ші оқу тоқсанын 16 708 оқушымен бастаған. 1 сыныпта – 1528, 9 сыныпта – 1522, 11 сыныпта – 1019 оқушы білім алуда. Оларға 2 468 педагог сабақ береді.
2025 жылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесімен Қызылорда облысы республикада екінші жыл қатарынан үздік атанды. Оның ішінде ҰБТ-ға 9 352 оқушы қатысып, орташа балл – 75,7-ні құрады. Жоғары оқу орындарына бөлінген мемлекеттік грантты иемдену бойынша да талапкерлеріміз республикада бірінші орынға шықты. Грант иегерлері – 4 818, орташа балл – 45,4, республика – 29,1. 2026 жылғы қаңтар-ақпан айларында өтетін ҰБТ-ның бірінші ақылы кезеңіне (тестілеу құны – 5 640 теңге) мектеп бітіруші – 10 214 оқушының 9 358 (Арал – 861, Қазалы – 971, Қармақшы – 862, Жалағаш – 440, Сырдария – 561, Шиелі – 972, Жаңақорған – 1 099, Қызылорда – 3 427, облыстық мекемелер - 165) немесе 91,6% тіркелген.
Ал ауданда былтырғы жылы 944 түлек мектеп бітіріп, 859-і ҰБТ-ға қатысқан. Бұл барлық оқушының 91 пайызын құрады. ҰБТ нәтижесі бойынша орташа балл 83-ті құраған. ҰБТ тапсырған 859 оқушының 735–і (86%) мемлекеттік грант конкурсына қатысып, нәтижесінде 543 оқушы (74%) мемлекеттік грант иегері атаныпты. Мемлекеттік грант иеленген 543 түлектің 216-сы педагогика, медицина-62, техникалық-98, ауылшаруашылық-52, басқа салалар бойынша-115 түлек таңдаған. Биылғы оқу жылы 1019 түлектің 1015–і мамыр-шілде айлары аралығында гранттық негізге ұбт тапсыруға ниетті.
Әр жылда өзгеріп отыратын ұлттық бірыңғай тестілеудің бұ жолғы бағыты қандай? Қазақстанда жоғары оқу орындарына түсу және талапкерлерді іріктеу жүйесінде үлкен өзгерістер күтіп тұр. ҰБТ форматы жаңғыртылып, білім сапасын бағалаудың жаңа деңгейіне көшу жоспарланып отыр.
Ең басты жаңалықтардың бірі – ҰБТ-ны грант конкурсы үшін бір рет қана тапсыру жүйесіне көшіру ұсынылған. Бұл шешім грант бөлу кезінде әділдік пен объективтілікті қамтамасыз етуге бағытталған. Дегенмен, талапкерлердің өз білімін тексеріп, дайындалуы үшін сынақ тестілеу жүйесі сақталады. Болашақ мұғалімдерді іріктеу талаптары айтарлықтай күшейтілмек. Енді педагогикалық мамандықтарға түсу үшін тек тест нәтижесі жеткіліксіз. Тестілеумен қатар арнайы емтихандар енгізіледі. Талапкердің сөйлеу мәдениеті, коммуникациялық дағдылары мен кәсіби бейімділігі тексеріледі. Сондай-ақ, студенттің пәндік білімінен бөлек, талдау жасау қабілетіне басымдық беріледі.
Жаңа реформа аясында жоғары оқу орындарына Foundation бағдарламалары арқылы «шартты қабылдау» тәжірибесі тоқтатылуы мүмкін. Себебі, бұл жүйемен оқуға түскен студенттердің көбі кейіннен қажетті шекті баллды жинай алмай, оқу үлгерімі төмен болатыны анықталған. Мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы – адами капиталға инвестиция салу. Қазіргі еңбек нарығы нақты дағдылары (soft skills) қалыптасқан мамандарды қажет етеді. Сондықтан іріктеу жүйесін цифрлық шешімдермен толықтырып, әлемдік стандарттарға сай бейімдеу – уақыт талабы.
Жаңашылдықтар айтылғанымен, 2026 жылғы түлектер үшін тестілеу форматы айтарлықтай өзгермейді. Ұлттық тестілеу орталығының мәліметінше, талапкерлер үш міндетті пәнді және таңдауы бойынша екі бейіндік пәнді тапсырады. ҰБТ тапсырмаларының жалпы саны – 120. Оның ішінде «Қазақстан тарихы» пәні бойынша 20 тапсырма, «Оқу сауат­ты­лығы» мен «Математикалық сауат­­­тылық» пәндерінен 10 тапсырмадан, сондай-ақ екі бейіндік пәннің әрқайсысынан 40 тапсыр­мадан беріледі. ҰБТ бойынша ең жоғары балл да өзгермейді – бұрынғыша 140 балл. Айта кетерлігі, елде құны 3 миллион доллар болатын жаңа ұлттық тест әзірленіп жатыр. Болашақта бұл тест ҰБТ-ның баламасы болып, халықаралық деңгейде танылуы мүмкін.
Құлаққағыс, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің бұйрығымен 2025–2026 оқу жылындағы қорытынды аттестацияны өткізу тәртібі бекітілді. 9-сынып оқушылары үшін қорытынды емтихандар биыл 29 мамыр мен 11 маусым аралығында өтеді. Олар міндетті пәндер бойынша төрт жазбаша емтихан тапсырады. 11-сынып түлектеріне арналған мемлекеттік емтихандар 2 маусым мен 15 маусым аралығында өтеді. Оқушылар бес емтихан тапсырады, оның бірі ауызша форматта өткізіледі. Негізгі және жалпы орта білім туралы аттестаттарды тапсыру салтанаты білім беру ұйымдарында 2026 жылғы 17–18 маусым аралығында өтеді. Аттестат тапсыру іс-шарасы мектеп басшысының бұйрығы негізінде, ата-аналар комитетімен келісу арқылы мектеп ғимаратында өткізіледі.
Сондай-ақ, енді 1-сыныпқа құжаттар 27 мамыр мен 31 тамыз аралығында қабылданады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді. Бұған дейін өтініштер 1 сәуірден басталатын. Жаңа өзгеріс мектептердегі оқу процесін ескере отырып енгізілді. Құжат қабылдау кезеңі енді ата-аналар мен мектептер үшін ыңғайлырақ болмақ. Министрдің айтуынша, бұл шешім құжат қабылдау процесін жүйелі әрі тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Құжаттарды электрондық үкімет порталында тіркелу арқылы OQU платформасы арқылы онлайн форматта, сондай-ақ білім беру ұйымдарына тікелей жүгіну арқылы тапсыруға болады.

Айнұр ӘЛИ
26 мамыр 2026 ж. 35 0

ҰБТ – 2026: қам қалай?

26 мамыр 2026 ж. 36

Кәсіпке бастар жол

26 мамыр 2026 ж. 24

1015 түлек түлеп ұшты

26 мамыр 2026 ж. 29

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031